Депутаттар Павлодар облысына келді
Депутаттар Павлодар облысына келді
295
оқылды
Мәжіліс депутаттары – «Nur Otan» пар­тиясы фракциясының мүшелері Пав­лодарда ерекше балаларды тәр­бие­леп отырған аналармен және Ке­мең­­гер ауылының Красноармейск аграр­­лық-техникалық колледжінің жас­­тарымен кездесті. Бұған дейін Парламент Мәжілісінің депу­таттарымен кездесу онлайн форматта ұйым­дас­тырылып, онда мүмкіндігі шектеулі  бала­ларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мүге­дектік санаттарын қайта қарауды, заңнамаға түзетулер енгізуді және жеңілдікпен дәрі-дәрмектер алуды қамтамасыз етуді талап еткен болатын. Енді 18 ақпанда Парламент Мәжілісінің де­путаттары – «Nur Otan» партиясы фрак­циясының мүшелері Айгүл Нұркина, Ана­толий Бойчин, Вери Ким «Кедергісіз ке­ле­шек» партиялық жобасы аясында ерек­ше қажеттілігі бар балаларды тәрбие­леп отыр­­ған аналармен кездесіп, олардың проб­ле­малары мен ұсыныстарын тыңдады. Әйел­дер дәрі-дәрмектерді жеткізудегі қиын­­дық­тар, техни­калық және ақшалай қара­­жаттың жетіспеу­шілігі туралы айтып, ден­саулық сақтау жүйе­сіне сенімсіздік біл­дірді. Кейбір жағдайда диагноз дұрыс қойыл­маған, ал ақыл-есі кем балалар сана­­­ты мүгедектіктің дәстүрлі топта­рымен бір деңгейге қойыл­маған. Кездесу барысында аналар келесідей мәселелерді көтерді: – мүмкіндігі шектеулі  балалар үшін мү­ге­дектік санаттарын қайта қарау;  мүмкіндігі шектеулі  балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін зейнеткерлік жас деңгейін тө­мендету; ақыл-есі кем балалардың пробле­ма­лары бойынша; – диагнозы күрделі мүмкіндігі шектеулі  балаларға барлық қажетті құралдарды ұсыну: матрастар, сорғыштар, тыныс алу құ­рал­дары, оларды ата-аналардың өздері сатып алуға мәжбүр; – мүмкіндігі шектеулі  балаларға сапалы тауарлар сатып алу мақсатында қажетті қа­ражаттың кепілдік берілген сомасын ұлғайту. Құралдарды сатып алу порталының жұмысы жетілдірілмеген, оның балама нұсқасын ашу немесе оны пысықтау қажет; – мүмкіндігі шектеулі  балалардың мүм­кіндігін ескере отырып, тұрғын үй бағдар­ла­маларына қатысу үшін тұрғын үй заңнама­сына өзгерістер енгізу – зейнетақы аударым­дары жоқ және тағы басқа; – жеке көмекшілерге сағаттық күтімге байланыстырмай 2 АЕК жалақы мөлшерінде еңбекақы белгілеу. 1-2-топ мүгедектері мен бала кезінен мүмкіндігі шектеулі  балаларға күтім жасайтын адамдар үшін зейнеткерлік жасты әйелдер үшін 55 жасқа дейін және ерлер үшін 60 жасқа дейін төмендету. Сондай-ақ баланың мүгедектігіне әкеп соқтырған медициналық қателік жіберген медицина қызметкерлері туралы сұрақтар көтерілді. Барлық мәселелер тыңдалып, ерекше бақылауға алынды. Депутаттардың айтуын­ша, барлық мәселені бір күнде шешу мүмкін емес, көп проблема егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Күн тәртібіне сәйкес, мәжілісмендер Пав­ло­дар ауданы Кемеңгер ауылының жас­тары­мен де кездесу өткізді. Ел Президенті партия съезінде сөйлеген сөзінде қаңтардың қайғылы оқиғаларында, оның ішінде жас­тардың әлеу­меттік-экономикалық бейім­делуі мәсе­ле­лерінде елеулі олқылықтар бар екенін атап өтті. Сондықтан жастармен, әсі­ресе ауылдық жерлерде тұратын, оның ішінде жұмыссыз­дармен өзара қарым-қатынас орнату қажет. Кемеңгер ауылының Красноармейск аграрлық-техникалық колледжінде (КАТК)  890 студент оқиды. Бүгінде ол отандық ауыл ша­руашылығы кадрларының нағыз ұстаха­на­сына айналған. Бұл – Павлодар облы­сының көне оқу орындарының бірі, бірақ сонымен бірге ең заманауи білім ошағы. Мұн­да инно­ва­циялар, дуальді оқыту қар­қынды енгізілуде, халықаралық тәжірибе алмасу жүріп жатыр. Сондықтан колледжді бітірген барлық жас мамандарға сұраныс жоғары. Колледж ашылғалы 47 жыл  ішінде 12 мыңнан астам ауыл шаруашылығының маманы даярланды. Кездесу барысында депутаттар студент­тер­дің тұрмысымен, білім алу, демалыс жағ­дай­ларымен танысты. Сондай-ақ жатақ­ха­надағы температуралық режимді тексерді. Себебі бұған дейін әлеуметтік желілерде жа­тақха­на­ның суықтығын айтып, шағым­данған болған. Делегация жатақхананы аралап, бөлмелердегі температураны өлшеді. Бірақ тек­серіс кезінде температураның қалыпты еке­ніне көз жет­кізді. Одан кейін олар кол­ледж қазандығына барып, жұмыс кестесін тексерді. Студенттер арасында спортпен айналы­сатындар көп болғанымен, колледждің өз спорт кешені жоқ екен. Бұл жастардың спорт­пен шұғылдануына көп қиындық туғы­зады. Ауыл әкімінің айтуынша, спорт ке­шенінің жобалық-сметалық құжаты дайын, құжат биыл облыс әкімдігіне жіберілуі тиіс. Сондай-ақ студенттер шәкіртақы мәсе­лесін де көтерді. Қазір колледждегі стипендия мөлшері 21 000 теңгені құрайды. Кездесу соңын­да мәжілісмендер Красноармейск аграр­лық-техникалық колледжі студент­терінің ұсынысын ескеріп, оның жүзеге асырылуын бақылауға алатын болып келісті.