«Nur Otan»: дамудың даңғыл жолында
«Nur Otan»: дамудың даңғыл жолында
252
оқылды
1 наурыз  – «Nur Otan» пар­тия­сының күні. Себебі сонау 1999 жылы саяси ұйымның ал­ғашқы съезі өтті. Кейінгі 23 жыл­да партия қатары артып, қуат жиып, электораттың сеніміне ие болып келеді. Алайда бұл әрбір партияға тән сын-тегеуріндерге толы ұзақ жол болды. Тәуелсіздіктің алғашқы онжыл­ды­ғы демократиялық үдерістерге толы еді. Ол уақыттарда елімізде көптеген сала бойынша реформалар қолға алынып, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар құрылып жатты. Осы қым-қуыт кезеңде халық мүддесіне қызмет ететін, енді-енді екпін алып келе жатқан реформаларға қолдау көрсететін саяси ұйымның қажеттігі айқын сезілді.

Қоғамдық қозғалыс үлкен саяси күшке айналды

Естеріңізде болар, 1998 жылдың 21 қазанында Қазақстан Республика­сының Президенттігіне үміткер Нұр­сұлтан Назарбаевты қолдау мақса­тында қоғамдық штаб ұйымдастырыл­ды. Осы қоғамдық қозғалыс 1999 жыл­дың 19 қаңтарында «Отан» рес­пуб­ликалық саяси партиясы болып қайта құрылды. Сол жылдың 12 ақ­па­нында партия Әділет министрлігіне тіркелді. Бұл күн партияның жұмысы басталған дата ретінде тарихта қалды. 1999 жылғы 1 наурызда жаңа пар­тияның І құрылтай съезі өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев партия­ның Төрағасы болып сайланды. Сон­дай-ақ Саяси кеңес пен орталық тексеру комиссияларының құрамы бекітіліп, Жарғысы қабылданды. Одан бөлек, съезд делегаттары «Отан» республи­калық саяси партиясының, Қазақстан демократиялық партия­сының, Қа­зақстанның Халықтық бір­лік пар­тиясының, «Қазақстан-2030 үшін» және Қазақстан либералдық қозға­лыстарының бірігуі жөнінде қарар қабылдады. Жылдар жылжып өтіп жатты. 2002 жылы 9 қараша күні Алматы қа­ла­сында өткен «Отан» республи­ка­лық саяси партиясының кезектен тыс IV съезінде «Отан» РСП-ға Республи­калық еңбек партиясы мен Қазақ­стан­­ның Халықтық-кооперативтік партиясы қосылды. Ал 2006 жылы 4 шіл­деде Астана қаласында партия­ның ке­зектен тыс IX съезінде «Отан» РСП-ға «Асар» партиясының қо­сылуы туралы шешім шықты. Сол жыл­дың соңына қарай өткен кезектен тыс X съезде «Отанның» қанатының астына Азаматтық және Аграрлық пар­тиялар кірді. Съезде басым дауыс­пен Қазақстанның жетекші саяси күшінің атауын «Nur Otan» Халық­тық-демократиялық партиясы деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Партия құрылғалы бері оның идеологиясы екі маңызды мәселеге негізделді. Біріншіден, халықтың көп бөлігінің мүдделері теңдігін сақтау және азшылық түріндегі қоғамдық әртүрлі топтың мүддесін ескеретін консенсус ретінде центризм идео­логиясына сүйену. Мұндай ұстаным халықтың көкейкесті мұқтажын жете түсінуге және оны оңтайлы шешуге мүм­­кіндік берді. Екіншіден, халық­тың әл-ауқатын көтеру, қоғам мен мем­­лекетті дамыту, ұлттық құнды­лық­­тарды жандандыру жолында пар­­тия мемлекеттік саясатпен үндес болу­­ды көздеді. Бұл саяси ұйымның креатив­­ті және ХХІ ғасырдың көш­бас­шы партиясына айналуына ықпал етті. «Nur Otan» партиясының тари­хындағы ерекше оқиғалар ретінде Қа­зақстан Президенті мен Парла­менті Мәжілісінің депутаттарын сай­лау бойынша өткен науқандарды ай­туға болады. Саяси ұйым 1999 жыл­дан бастап президенттік сайлау нау­қандарына қатыса отырып, элек­торалдық күрестің мол тәжірибесін жинақтады. Сайлаушылар арасында стратегия мен жұмыс тактикасын сауат­ты құра отырып, сайлаудың та­быс­ты болуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар саяси ұйымның Қазақстанның партиялық-саяси кеңіс­тігіне енгізген ерекше жаңалығы ретінде 2019 жылы өткізген прай­мериз­ді бөле-жара атауға болады. Би­леу­ші партия посткеңестік мемле­кеттер арасында алғаш рет партиялық праймериз өткізді, оған 10 000-ға жуық партия белсендісі қатысты.

Сайлаушылардың нық сеніміне ие болды

2019 жылғы 23 сәуірде өткен пар­тиялық XIX съезде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті сай­лауы­на партиядан кандидат ретінде ұсы­нылды. Осы жылдың тамыз айын­­да Саяси кеңестің кеңейтілген оты­­ры­сында «Сенім. Диалог. Бола­шақ­­қа нық қадам – «Nur Otan» пар­тия­­сының 7 серпіні» атты партия жұ­­мы­­сын жаңғырту бағдарламасы жария­­ланды. Партияның ХХ съезінде «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайық­­ты өмір!» атты сайлауалды бағ­дар­ламасы қабылданды. Ал «Jas Otan» жастар қанатының V съезінде жас­тардың өмір сүру деңгейі мен әлеу­меттік жағдайын арттыруға бағыттал­ған 2025 жылға дейінгі «Jastar Otanga» бағдарламасы бекітілді. Партия өз даму жолында бірнеше жаңғыру кезеңін бастан кешірді. Бұл үрдіс биыл да жалғасты. 2022 жылы қаңтар айында өткен кезектен тыс съезде партия Төрағасы болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Президент партия дамуына қатысты бірнеше тапсырма­ қойды. Негізгі бағыт – «Nur Otan» пар­­тиясын жаңғырту. Бұдан бөлек, сайлауалды бағдарламаның орын­далуын бақылау, мемлекеттік орган­дардың функциясын қайталамау, «Jas Otan» жастар қанатының қызметін жандандыру. Осы жылдар ішінде «Nur Otan» партиясы алға қойған міндеттемелерді толық орындады деп сеніммен айтуға болады. Партия Мемлекет басшысы­ның берген тапсырмаларын жүзеге асыруда қыруар жұмыс атқарды. Бұл саяси ұйымның беделін өсіріп, пар­тия халыққа, халық партияға етене жақындай түсті. Партияның өңірлердегі мүше­ле­ріне, түрлі деңгейдегі мәслихат депу­тат­тарына жергілікті жерлерде саяси бағдар­ламалардың орындалуын қада­ғалау, заңбұзушылықтардың алдын алу, басқа да көптеген міндет жүктел­ген. Олар депутаттық сауал, бағдар­ла­малар әкімшілерін тыңдау, жергі­лікті бюджетті нақтылау тәжірибе­ле­рін пайдалана отырып, өңірдің әлеу­меттік-экономикалық жағдайын дамы­туға ықпал етеді. Партия мемле­кет­тіліктің нығаюына, қоғамның бі­рігуіне және азаматтардың мүддесін қорғауға қызмет ететін саяси күш еке­нін дәлелдеп берді. Былтыр «Nur Otan» партиясының республика бойынша 238 қоғамдық қабылдау орнында 174 мың өтініш түсіп, 34 400 рет жүзбе-жүз қабылдау өт­кізілген. Оның 53 пайызы оң ше­шімін тапқан. Қабылдауда 75 300 адам болған. Бұдан бөлек, «Халыққа көмек» партиялық жоба аясында 2,6 мың тақырыптық және көшпелі қабылдаулар өткізілген, оған 5,6 мың адам қатысқан. Қазір билеуші партияның ұйым­дық құрылымы анықталған: 17 өңір­лік және 248 аймақтық филиалы ор­талық аппаратқа бағынышты, 6 000-ға жуық бастауыш партия ұйымы белсенді қызмет атқарып келеді. Ел­дегі барлық әлеуметтік топтан құрал­ған партия мүшелерінің саны 835 мыңды құрайды. Қорыта айтқанда, 1999 жылы «Отан» республикалық партиясының елдің саяси сахнасында пайда болуы Қазақстанның жалпы саяси-пар­тиялық жүйесінің дамуына ықпал етті. Енді «Жаңа Қазақстанды» құруда белсенді саяси күшке айналмақ.