Елордада Қазақстан футбол федерациясының кезекті ХХІ сайлау конференциясы аяқталды. Дауыс беру қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған Әділет Барменқұлов Қазақстан футбол федерациясының президенті лауазымына сайланды.
Әуелде бұл қызметке бірнеше адам өтініш білдірді. Артынша олардың саны бесеуге дейін қысқарды. Үміткерлер тізімінде ҚФФ атқару комитетінің мүшесі және «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков, Қазақстан құрамасының бұрынғы футболшысы және «Астананың» экс-бас директоры Давид Лория, ҚФФ атқарушы комитетінің мүшесі және балалар-жасөспірімдер футболының атқарушы комитеті мен төрағасы Берік Қаниев, Қазақстан футбол әуесқойлары лигасының төрағасы футболшы Ерлан Жарылқасынов, ҚФФ атқару комитетінің мүшесі, «Қазақстан футбол федерациясы» қауымдастығы» президентінің кеңесшісі Әділет Барменқұлов болды. Сайлауда дауыс беру құқығына «Қазақстан футбол федерациясы» ҚАА мүшелерінің делегаттары, сондай-ақ ҚФФ атқару комитетінің мүшелерінен құралған 26 адам ие болды. Сондай-ақ аталмыш науқанға FIFA мен UEFA бақылаушылары қатысты.
Өңірлік футбол федерацияларының дауыс беруі нәтижесінде Қазақстан футбол федерациясының басшысы лауазымына негізгі үміткер саналған, ҚФФ атқарушы комитетінің мүшесі, кәсіпкер, қоғам қайраткері Берік Қаниев басты бәсекелесі Әділет Барменқұловтан үш дауыс кем жинады. Ол 11 негізгі тармақтан тұратын сайлауалды бағдарламасында бұқаралық футболды, балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға басымдық беруге, инфрақұрылымды дамытуда серпіліс жасауға, кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге, құрама командалар институтын жүйелі дамытуға күш салатынын көрсетуге тырысты. Сондай-ақ басшылыққа сайланар болса, өңірлік федерациялармен өзара іс-қимыл процесін түбегейлі өзгертуді, кәсіби футболды қайта жүктеуді, футбол индустриясын цифрландыруды, мемлекеттік қолдау шараларын, транспаренттілік қағидаты және футболдағы сыбайлас жемқорлықты жоюды, маркетинг стратегиясын әзірлеу және УЕФА және ФИФА-мен ынтымақтастықты кеңейтуді қолға алатынын мәлімдеген. Бірақ Қаниевке сәл ғана дауыс жетпей қалды.
Ал Қазақстан құрамасының сапында 17 жыл ойнап, кәсіби футболға 22 жылын арнаған экс-қақпашы Давид Лория өз үндеуінде Қазақстан футболындағы реформаны неден бастау керегін көрсетіп бақты. Соның ішіндегі ең басты проблемалардың бірі инфрақұрылым мен адам капиталын дамыту мәселесі екенін айтқан. Әсіресе, балалардың футбол ойнауына жан-жақты жағдай жасайтынын, өйткені отандық футболдың іргетасы балалар футболын дамытудан басталатынын сөз еткен. Бірақ ел футболына жаңа леп әкелуге талпынған Лория сайлау кезінде бір ғана дауыс жинады.
Бұған дейін «Қайрат» АФК-ның құрметті президенті, футзал және жағажай футболы комитетінің төрағасы, ҚФФ атқару комитетінің мүшесі Қайрат Оразбеков еліміздің футбол қауымдастығына ашық хат жариялап, онда ол Қазақстан футбол федерациясының президенттігіне өзін ұсынуға не түрткі болғанын түсіндірген. Ол жұртшылыққа жолдаған үндеуінде футзалға 30 жылға жуық қаржы құйып келе жатқанын, бүгінде өзі басқаратын «Қайрат» футзал клубының әлемдегі үздік командалардың біріне айналғанын айта келе, отандық футболды да қазіргі төмен деңгейінен жоғары көтеруге ұмтылатынын жеткізді. Алайда «Қайрат» АФК-ның құрметті президентіне сайлауда ешкім дауыс берген жоқ. Сол секілді тағы ҚФФ басшылығына үміткер болған бұқаралық футбол мен балалар футболына ерекше ден қоюды көздеген Ерлан Жарылқасынов та бірде-бір дауыс жинай алмады.
Бес үміткер арасында ең көп дауыс (14) жинаған ҚФФ атқару комитетінің мүшесі Барменқұлов сайлауда айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Әділет Назарбайұлының 2021 жылдың жазында ҚФФ-ның бұрынғы президенті Әділбек Жақсыбековтің кеңесшісі болғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар оның «Шахтер» футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарғаны тағы бар. Қазақстан футболын реформалау және оны халықаралық аренада жетістіктің теңдессіз жоғары деңгейіне шығаруды көздейтін ҚФФ-ның жаңа басшысы маңызды науқан алдында «Стратегия-2034» атты Қазақстан футболының 2034 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынған болатын. Онда Барменқұлов төрт басымдықты атап өтті. Біріншісі – ойыншыларды, жаттықтырушыларды және кәсіби футбол басқарушыларын оқыту/даярлаудың заманауи ұйымдары мен жүйелерін құру және толық қуатын қалыптастыру. Екіншісі – қазақстандық кәсіби футбол реформасы: мемлекеттік қаржыландыру моделін өзгерту, кәсіби клубтарды жекешелендіру, ерлер мен әйелдер лигаларын жаңғырту. Үшіншісі – Қазақстанның қазіргі тарихындағы әлемдік деңгейдегі футбол таланттарының алғашқы буынын дайындау. Төртіншісі – халықаралық аренада спорттық нәтижелерді түбегейлі арттыру. Соның ең негізгісі – Қазақстан құрамасын 2034 жылы өтетін Әлем чемпионатына шығару болды.