Кәсіподақ нәсіпке ортақ, қорғауға шорқақ па?
Кәсіподақ нәсіпке ортақ, қорғауға шорқақ па?
© коллаж: Елдар Қаба
602
оқылды
Соңғы айда елдегі еңбек ұжымдары арасында митингілер мен ереуілдер саны жиіледі. Басты талаптың бірі – еңбекақыны көтеру. Ал үстел басында шешілетін мәселенің көшеге шығып кеткені бізде кәсіподақ ұйымдарының әлсіздігін білдірмей ме? Расында да, Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдары еңбек қатынастарының әлеуметтік-құқықтық институты болып қалыптаса алмады. Бар болғаны  жұмыс беруші мен жұмысшының ортасында келген жолдаманы үлестіру, көпшілік-мәдени шараларды өткізу, ақпараттық-танымдық жұмыстарды жүргізу сынды идеологиялық сектор өкілі болып қана қалып отыр.

Ұжымдық шарт: саны бар, сапасы жоқ

Елімізде еңбек қатынастары тек жұмысшы мен жұмыс берушінің ара­сында ғана жүрмейді. Оған мем­лекет те араласып отырады. Мұны әлеуметтік серіктестік жүйесі деп атай­ды. Осы ретте өңір әкімдері жұ­мыс берушілерден міндетті түрде ұжымдық шарт жасасуды талап еткенінің арқасында елімізде 150 мың­нан астам осындай келісім бекі­тілгенін атап кеткен абзал. Әйтсе де бұл шарттардың саны бар да, сапасы жоқ болып отыр. Себебі бұл шарт­тарға әдетте кәсіподақ емес, іс жүзінде жұмыс беруші «та­ғайындап» қойған «жұмысшылар өкілі» қол қояды. Ал түптеп кел­генде бұл құ­жат тек қана Еңбек кодексі нормала­рының көшірмесі болып шығады. Одан соң еңбек инспекциясы оны бүге-шігесіне дейін сараптап талдап жатпай-ақ, тіркей салады. Шын­ды­ғында, мем­лекеттік жауапты орган­дарда оны сараптап отыратын еш­кім жоқ. Өйт­кені елімізде 6,7 млн адам жұ­мыс істейтін 340 мың кә­сіпорынды небәрі 246 мемлекеттік инспектор қадағалап отыр. Ұжым­дық шарт­тарда көп ретте ең бір шешуші та­раулардың, соның ішінде еңбекке ақы төлеу бөлімінің бол­майтыны да сондықтан. Осылайша, әлеу­мет­тік серіктестік жүйесі деге­німіз сабын көпіршігіндей фор­маль­ді үрдіс боп қалып отыр. «Екі жылдан бері еліміздегі үш жақты келісімді өңірлік деңгейінде екі тарап бекітіп келеді. Олар – кәсіподақ пен мемлекет. Бұған де­йін жұмыс берушілер атынан «Ата­мекен» ҰКП қол қоятын. Алайда кейіннен палата бұл өкілеттіктен бас тартты. Ал шындығында «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сы кезінде барлық салалалық қа­уымдастықтарды өзіне біріктіріп алған жұмыс берушілердің моно­по­лиялық ұйымы. Сондықтан оның бұл рәсімнен шет қалып қойғаны дұрыс емес. Соған еріп, жұмыс бе­ру­шілер де үнемі әлеуметтік серік­тес­тік жүйесіне қатыспау мүмкін­діктерін қарастырып, қашқақтап жүреді. Бұл негізінен жеке инвес­торлға қатысты», – дейді Мәжіліс депутаты Елена Смышляева.

Кәсіподақ – номиналды институт па?

Бұған дейін елімізде көп ретте мұнайсервис мекемелерінің, яки мер­дігер кәсіпорындардың жұмыс­шылары көтерілетін еді. Олар, мә­селен бұрғылау, жөндеу, көлік та­сымалымен айналысатын компа­ния­лар. Енді биыл байқаған болса­ңыздар, наразылыққа шыққандар арасында ірі компаниялардың да ұжымы бар. Олар – «Маңғыс­тау­МұнайГаз», «Өзенмұнайгаз», «Қа­ражанбасмұнайгаз» сынды еншілес кәсіпорындар. Бұл еңбек қатынас­тарында қордаланып қалған мәсе­лелердің күрделілігін білдіреді. Со­ның ішінде осы кезеңде ара аға­йындықта жүретін кәсіподақ ұйым­дарының әлсіздігіне де сын айтып жатқандар көп. «Біздің мемлекет толығымен на­рықтық экономикаға өтті деген­менен, квазимемлекеттік секторда 70%-дай сақталып қалып отыр. Онда мемлекеттік жоспарлы бас­қару күшейіп кетті. Ал мұндай жүйе – кеңестік өкіметтен қалған үлгі. Кәсіподақ та сондай қасаң жүйемен жүріп келеді. Ал кеңес кезінде оның рөлі номинальды болғанын білеміз. Сондықтан да олар сол қалпында сақталып, нарықтық қатынастарға араласып кете алмай отыр. Ендеше, осы уақытқа дейін Үкімет «таға­йын­дап» келген кәсіподақты тарату ке­рек. Нарықтық экономикадан ха­бары бар, болашақта Қазақстан азаматтарының еңбек өнімділігіне тұрақтылық енгізе алатын тұлға­лар­ды жұмысқа араластыру қажет. Егер біздің елімізде кәсіподақ ұйымының жұмысын дұрыстап ұйымдастырар болсақ, оның саяси салмағы қандай да бір партиялардан да мықты болар еді. Сонда жұмысшыларды көшеге шығармай, көптеген мәселелерді үстел басында шешуге болады. Бізге жұмысшылардың талабын мәдени түрде, тереңдей жеткізе білетін ұйым қалыптастыра білу қажет. Он­сыз біздің ісіміз ешқашан да ілгері баспайды», – дейді Қазақстан мұ­най сервистік компаниялары ода­ғының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.

Жұмысшылар қозғалысы жатырында тұншықтырылды

Маңғыстауда қарсылық көрсету қозғалысы бұрыннан бар. Оның негізгі мәйегі – саяси күштер емес, жұмысшылар қозғалысының бел­сенділері. Сондықтан да бір кездері мұнда еліміздің кәсіподақ ұйымы үшін жақсы мектеп қалыптаса бас­таған еді. Бірақ кейіннен әлеуметтік қарсылық алаңына айналып кетпес үшін бұл қозғалысқа мемлекет та­рапынан тоқтау салынғанын жоққа шығаруға болмайды. «Мен Маңғыстау облысындағы жұмысшылар қозғалысы мен кә­сіподақтар ұйымының дамуының 90-жыл­дардан бастап қайнар баста­уында тұрған адам ретінде айтарым:  Екі мыңыншы жылдары еліміздің мұнай-газ саласында қосалқы сер­вистік компанияларды әуелі оңтай­ландыру, одан соң жекешелендіру жүрді. Олар кен орындарында бұр­ғылау, жерасты-жерүсті жөндеу жұ­мыстарын жүргізетін, көлік тасы­малымен айналысатын мекемелер еді. Нарық өзі реттейді деген ұста­ныммен олар бәсекелестік ортаға берілді. Мен дәл осы бір қадам Үкі­мет пен Ұлттық мұнай-газ ком­паниялары басшылығының ең бір саяси стратегиялық қателігі болды деп ойлаймын. Енді бүгінде осы таң­дап алынған модель жаппай қар­сылық акцияларына әкеліп отыр. Өйткені әуелгіде оларды бөлген кез­де оларға еңбекақы деңгейі сақ­талады деп уәде берілген болатын. Ал нәтижесінде керісінше адам­­дар­дың айлықтары азайып, әлеуметтік пакеті қысқарып кетті. Өйткені же­ке­меншікке өткен компания бас­шыларының ең бірінші мақсаты жұ­мысшылардың жағдайын жақ­сарту емес, жұмыс көлемін игеру, табыс табу, жоспарды орындау бол­ды. Айды айға ұрып, жылды жылға ұрып олар әлі күнге дейін осымен айналысып келеді. Бір кездері мұнай бағасы 140 АҚШ долларына жеткен күнде де, жұмысшылардың айлықтары көп жерде 180 мың тең­геден әрі өскен жоқ», – дейді қоғам белсендісі Мұхтар Үмбетов. Оның айтуынша, Қазақстанда кәсіподақ ұйымдары тәуелсіз институт ретінде қалыптаса алған жоқ. Керісінше, жұмысшылар қоз­ғалысы саяси алаңның күн тәр­ті­біне сәйкес келмейтіндіктен тас-талқан етіліп, мүлдем тазартылып тасталды. Былайша айтқанда, «жа­тырында тұншықтырылды» деуге болады. Бұған ірі бизнес пен оли­гарх­тар бірінші кезекте мүдделі бол­ды. Сондықтан да 2015 жылы ан­ти­кәсіподақтық, антиеңбеккерлік заң қабылданып, еліміздегі кәсіп­одақ ұйымдарының барлығы қайта тіркеуден өтуге міндеттелді. Бұл бы­лай қарағанда, «сүзгі» болатын. Осылайша, жұмыс берушіге бүйрегі бұрылатын ұйымдар сақталып қал­ды да, тәуелсіз кәсіподақтар жо­йыл­ды. Ал оған дейінгі заң анағұрлым демократиялық сипатқа ие еді. Өйт­кені 10 адамның басын қосып та, ұйым құруға болатын. Соның ар­қасында Маңғыстауда 2008 жыл­дардан қарқын ала түскен жұмыс­шылар қозғалысы жұмыс берушіге лайықты қарсылық жасап, тең та­лап қоя алатын дәрежеге жетті. Бі­рақ бұл жекеменшік иелеріне ұнаған жоқ. Мәселен, сол кездегі «Барлау. Өн­діру – ҚазМұнайГаз» («РД-КМГ») акционерлік қоға­мы­ның 50%-ы жекеменшікте болатын. Сон­дықтан да жұмысшылар өзде­рінің мүддесін қорғау жолында бі­рік­пеу үшін осындай заң ойлап та­былды. Мәселен, соңғы қабыл­дан­ған Еңбек кодексіне дейін жұмыс беруші жұмысшыны жұ­мыс­тан қуа алатын 15 тұс болса, жаңа заңнамада бұл тізім 25-ке дейін өсті. Одан бө­лек, Кәсіподақ туралы заң крими­нал­дық сипат алып, заңсыз митингі, ереуіл, жиын­дарға қатысу тек әкім­шілік шарамен емес, қылмыстық жаза­мен де толықтырылды. Бірақ бұл стихиялық қарсылық акция­ларына тоқтау сала алмай отырға­нын біз бүгін көріп отырмыз. «Маңғыстаудағы жұмысшылар қозғалысының белсенділері және оларды қолдаушылар үлкен кедер­гілерге тап болды. Жұмысшылар мүддесін талап етемін деп сотты болғандары да аз емес. Ал қайта тіркеу кезінде азды-көпті бас көте­ріп жүрген кәсіподақ ұйымдарын тарқатып, қоқан-лоқы жасау арқы­лы қайта құрды. Бір мекемеден екі кәсіподақ құрып, екі ұйым орта­сында текетірес басталып, жұмыс­шылар арасына жік түсті. Кейбір мекемелер мен ұйымдардың кәсіп­одақ төрағасы болып аса ауыр қыл­мыс жасағаны үшін бұрын сотты бол­ғ­ан, ұзақ жыл жазасын өтеп кел­ген адамның, тағы бірінде  бұ­рынғы полиция қызметкерінің «сай­­ланғанын» да көрдік. Тіпті, бел­сенділердің жеке басына да қауіп төнді. Мені 2008 жылы өз үйімнің кіреберісінде маска киген екі адам соққыға жығып кеткен болса, қыл­мыстық іс қозғалған жоқ. 2009 жы­лы қарсылық акциясы кезінде қос белсенді Таған Қошанов пен Сәбит Төкеновті газбен улап, бұранда кілт­пен сабап ұрып кеткен. Ал осы жылы «Жөндеу» мекемесінің кә­сіподақ төрағасы Ықылас Жанге­реевті травматикалық тапаншамен атып, жаралап кетті. Мұндай тізімді жалғастыра беруге болады», – дейді Мұхтар Үмбетов.

17 мекеменің дауы шешілді

Еліміздегі кәсіподақ ұйымдары­ның басын біріктіріп отырған Қа­зақстан Кәсіподақтар федерация­сына 23 салалық, 17 аумақтық кә­сіподақтар бірлестігі қарайды. Мұн­да 18 мыңға жуық бастауыш ұйым және 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшелері бар. Бүгінде ұйым өкілдері еңбек дауына ара­ласып, Маңғыстау облыстарында жүр. Татуластыру комиссияларының жұмыс нәтижесінде жұмысшы­лар­дың еңбекақыларын 10-25% ара­сында өсіруге қол жеткізілген. «Қазір өзім үш аптадан бері Жаңаөзен қаласында іссапарда жүр­мін. Республикалық штаб мүшесі ретінде жұмысшылардың мәселе­сімен айналысып жатырмын. Бү­гінде 17 мекеменің еңбек дауы ше­ші­мін тапты. Олардың басым көп­шілігі жалақыны өсіруге, техни­ка­лық қауіпсіздікті арттыру, мекеме­дегі кадр тұрақтылығына және тағы да басқа мәселелерге қатысты. Штаб құрамында әкімшілік, про­куратура өкілдері, еңбек инспек­торлары бар. Мекемелердің ең үл­кені 9000 адамы бар «Өзенмұнайгаз» мекемесі. Та­туластыру комиссия­сының ара аға­йындығымен олардың жалақылары 20%-ға өсірілді. Одан да өзге «Бұр­ғылау», MunaiFieldServis, «Труб­Рем­Центр», «Өзен­Пром­Геофизика», «Кез­би» компания­ла­рының мәсе­ле­лері шешілді және тағы да басқа ком­паниялардың талаптары орын­далды. Барлық жұмысшылар жұмыс орындарына оралды», – дейді Қа­зақстан Кәсіподақтар фе­дера­циясы төрағасының орынб­а­са­ры, «Ын­тымақ» салалық кәсіпода­ғы­ның төрағасы Қайрақбай Жанабеков. Маңғыстауда еңбек дауына шыққан 17 мекеменің тек 12-сінде ғана кәсіподақ ұйымы бар екен. Қалған 5-еуінде осы жолы жаңадан құрылған. Жалпы, елімізде кәсіпо­дақ құрылымы төрт сатыдан тұрады. Ол бастауыш ұйым, өңірлік ұйым, салалық орталық ұйым және Қазақ­стан Кәсіподақтары федерациясы. Әйтсе де, бүгінде қызмет етіп жат­қан кәсіподақ ұйымдарының еңбек дауларында азусыз екені анық. Олар көбіне көп жұмыс берушінің ықпа­лымен сайланған ұйым төрағасы мен актив мүшелері. Сол себептен де мекеме бастығының айтқанынан шыға алмайды. Биылғы бас көтеру­лердің басты ерекшелігі – жұмыс беруші мен ұжым арасындағы еңбек дауының үстел басындағы келіссөз кезеңінен өтіп, әлеуметтік мәселе ретінде қоғамдық кеңістікке шығып кетуі. Ендеше, осы өзгерістер елі­мізде тым саябырсып қалған жұ­мысшылар қозғалысына қозғау са­луы тиіс.