– «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезіне онлайн форматта делегат ретінде қатыстым. Сьездің басталуы да, өтуі де өзгеше болды. Президент нақты міндеттерді қойды. «Партия өзгеруі керек, елге жақын болуы керек», – деді Мемлекет басшысы. Менің түсінгенім, партия атынан сайланған әр депутат халықпен жұмыс істеу тәсілін өзі таңдап, өзі анықтауы қажет. Енді бұрынғыдай қағазбастылық болмайтын секілді. Әйтпесе, «ана есепті тапсырыңдар, мына есепті тапсырыңдар» деп есімізді шығаратын. «Соның бәрі алынады, бюрократия азаяды» деп отыр. Шынында, депутаттарға осындай еркіндік қажет. Өзім 1999 жылдан бастап осы партияның мүшесімін. Ел игілігі үшін қолымнан келгенше жұмыс істеп келемін. Өзім ауылда тұрғандықтан, әр кез «ауыл тұрғындарына бір пайдамды тигізсем» деген ойда жүремін. Кешегі жиында Президент партияда, министрліктерде, әкімшіліктерде елдің қамынан гөрі қарынның қамын көбірек ойлайтындардың жүргенін сынға алды. Мәселен, менің партия құрамында жүріп, ел игілігіне қызмет істеп жүрген достарым аз емес. Мұндай жақсы жігіттер көп. Бірақ әкімшілікке де, министрліктерге де жұмысқа бара алмайды. Өйткені қолдап-қуаттайтын аға-көкелері жоқ. Алдағы уақытта елін, жерін сүйетін осындай азаматтарға мүмкіндік беріледі деп ойлаймын. Партия съезінен осындай ой түйгендей болдым. Партия атауының «Аmanat» деп өзгертілгені де қоғам талабының, көпшілік тілегінің ескерілгені деп білемін. Енді сол аманатқа қиянат жасамай, ел үшін еңбек етуден басқа жол жоқ.
Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВ, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы партия фракциясының жетекшісі