Елімізде барлығы 7 550 мектеп бар екен. Оның 30 пайызы – аралас мектеп. Яғни, бүкіл Қазақстан бойынша 2 075 мектеп бар. 2017 жылы аралас мектептің саны 2 083 болған екен. Бес жылда сегіз мектепке қысқарды деп көңіл жұбатқанымызбен, қазақ мектебінен гөрі аралас мектепте білім алғысы келетіндердің қатары артқанын кімнен жасырамыз? О баста аралас мектептердің ашылуы заңдылық секілді. Өйткені ХІХ ғасырдың аяғында орыс-түзем мектептері болды. Соның негізінде аралас мектептердің қатары артты. Мәселен, ХХ ғасырдың 37-38 жылдары қазақ елінде 478 аралас мектеп болған. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында бұл сан екі есеге артты. Соғыстан кейінгі жылдары 1 228 болған, яғни үш есе көбейген. 70-жылдары елімізде 1 689 мектеп болса, қазір оның саны 2 075-ке жетіп отыр. Қарасаңыз, 70-80 жылда аралас мектеп қатары төрт-бес есе өскені байқалады.
Қазақтардың үлес салмағы артты
Өткен жылғы санақ бойынша, қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жеткен. Солай бола тұра, орыстілді мектептер мен аралас мектеп шәкірттерінің басым бөлігі – қазақ балалары. «Аралас мектеп ада қазақтар мен шала қазақтардың жыл асқан сайын еселене көбеюінің фабрикасына айналып кетті» деп ғалым Мекемтас Мырзахметұлының дабыл қағуы тегін емес секілді. Білім және ғылым министрлігіндегі Ұлттық білім беру деректер қорының 2021 жылғы мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 1,5 млн-ға жуық бала 2 075 аралас мектепте білім алуда. Аралас мектептердің саны басым өңірлердің көшін Алматы облысы бастап тұр. Ондағы 306 аралас мектепте 256 020 оқушы білім алып отыр. Маңғыстау облысындағы 15 аралас мектепте 25 744 бала оқып жатыр. Ең қызығы, қазақша білім ұйымдарының үлесі соңғы онжылдықта күрт қысқарып кеткен. Мысалы, 2010 жылы Қазақстандағы мектептердің 68,5 пайызы қазақтілді болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 51,2 пайызға дейін құлдырапты. Өйткені аралас мектептердің саны 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен кеміген жоқ. Оны білім саласына жауапты мамандар «орыс мектептеріндегі балалар сиреп қалғандықтан, солардың ішінен қазақ сыныптарын ашып жатырмыз» деп түсіндіруге тырысады. Ал сарапшылар болса «Мәселе аралас мектептердегі қазақ және орыс сыныптарын ажыратып, бірыңғай орыс не қазақтілді мектепке айналдыруда болып тұр» деседі. Осы уәждің жаны бар сияқты. Себебі орыс және аралас мектептерде тек орыс тілінде білім алатын балалардың саны 10 жыл бұрынғы 857 308 баладан әлдеқайда артқан.Аймақтарда аралас мектеп қатары артып келеді
Еліміздің 3 ірі мегаполисіндегі мектеп оқушыларының қай тілде білім алып жатқанына көз жүгіртіп көрелік. Мәселен, 2020-2021 оқу жылында елордада қазақ сыныбында – 108 мың, орыс сыныбында 85 мың бала оқыған. Ал Шымкентте қазақ сыныбында – 152 мың, орыс сыныбында – 54 мың, тіпті өзбек сыныбында 20 мың бала білім алыпты. Алматыда қазақ сыныптарындағы (140 мың) оқушыдан орыс сыныбындағылар (153 мың) басым болып шықты. Ақмола облысында да сол, 555 жалпы білім беретін мектептің 157-сі ғана қазақша, 217-і аралас. Бір қызығы, тәуелсіздік алғалы Көкшетауда жаңа қазақ мектебі 2018 жылы бір-ақ салынған. Соны қосқанның өзінде қалада мемлекеттік тілде білім беретін 4-ақ мектеп бар екен. Шығыс Қазақстан облысында 337 қазақ мектебі, 140 орыс мектебі, 167 аралас мектеп бар. Қарағанды қаласының өзінде 12 мектеп таза орыс тілінде берсе, 10 мектеп тек қана мемлекеттік тілде оқытады. Ал аралас мектеп саны – 56. Жергілікті 30 мыңнан астам қазақ баласы орыс мектебіне барып жүр деген сөз. Павлодар қаласында өткен жылы 7 қазақ, 12 орыс мектебі, 18 аралас мектеп болған. Одан бері де ештеңе өзгерген жоқ. Жергілікті белсенді азаматтар ата-аналардың дені қазақ мектебінен гөрі аралас мектепке барғанды құп көретінін айтады. Саясаттанушы Дос Көшім: «Аралас мектептер тек қана Қызылорда, Түркістан сияқты қазақтілді аймақтарда болуы керек. Онда оқыған орыстілділер де қазақтілді болып шығады. Екіншіден, аралас мектептердегі барлық іс-шаралар қазақ тілінде өтілуі шарт. Үшіншіден, оларды жыл сайын қазақтілді мектепке айналдырудың нақты жоспары болуы керек. Ең бастысы, қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік орнауы шарт. Онсыз тіл мәселесі шешілмейді» дегенді айтып отыр. Ең қызығы, білім ордасын, баласының қай тілде білім алуын ата-ананың өзі таңдайды. Мәселен, Жанерке Абыл екі қызын да аралас мектепке, яғни орыс сыныбына береді. «Не себепті?» деген сауалымызға «Орыс балабақшасына барды. Қазақ тілінде оқытайын десем, тілі орысша шыққан. Қазақ тілінде сабақты меңгере алмайды деген қауіппен амалсыз орыс сыныбын таңдадық. Аз-маз қазақша түсінгені болмаса, мүлдем сөйлей алмайды. Қазақ балабақшасына бергіміз келген. Алайда біз тұратын аймақта балабақша болған жоқ. Амалсыз, орыс балабақшасына беруге тура келді» деп отыр. Мұндай ата-аналар өте көп. Кейбір балаларды YouTube тәрбиелеп жатыр. Тілі орысша шыққан соң, амалсыз орыс сыныбына баруға тура келеді. Қазағы көп өңірлердің өзінде аралас мектептерде орыс сыныбы көбейіп тұр. Осыдан біраз бұрын Алматы облысы Талғар ауданында да аралас мектепке қатысты дау туған. Аралас мектепке қарсылық танытқандар да болды. Амал не, әкімдік мектепте орыстілді сыныптарға сұраныс бар екенін ескере отырып, аралас мектеп ашуды жөн көрді. Оның себебі, ата-аналардан балаларын орыс тілінде оқытуға өтініштер түскен. Сол өтініштерге сәйкес шешім қабылданыпты. Осылайша, ата-ана арызданса, білім басқармалары мектепті аралас қылып өзгерте салады. Бір мектеп – екі түрлі оқушы. Екі тілде оқып жатыр. Бұл да бала психологиясына әсер ететін фактордың бірі. Тағы бір мәселе – «ең жақсы мектеп – үйге жақын мектеп» деген бар. Көпшілік осы ұстанымды ұстанады. Бұл бір жағынан баланың қауіпсіздігі үшін маңызды, екінші бір тұсы – алысқа тасып әуре болмайды. Біз балаларымызға білім береміз деген жақсы ниетте жүріп, ең басты нәрсені естен шығарып алғандаймыз. Ұрпақ ұлт үшін керек. Ал ұлттың қасиетті құндылығы – Тәуелсіздік! Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау үшін жас ұрпақтың тілі де, ділі де мықты болуы шарт. Аралас мектептерде оқып жүріп бір-бірімен жан дүниесі, арман-аңсары, таным-түсінігі, түптеп келгенде құндылықтары қабыспайтын мұндай білім жүйесі кімге керек?Айым БЕКТҰР