Украинаға 100 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек жиналды
Украинаға 100 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек жиналды
© ult.kz
309
оқылды
Ел тұрғындары Украинаға 100 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек жинады. Бұл туралы "Ел болашағы" азаматтық бастамасының баспасөз хатшысы Бауыржан Мұқанов айтты, – деп хабарлайды inbusiness.kz. Оның айтуынша, бүгін Алматыда Украинадағы жағдайға байланысты баспасөз мәслихаты өткен. Оған Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Пётр Врублевский, саясаттанушы Досым Сатпаев, "Ел болашағы" азаматтық бастамасының басшысы Тоғжан Қожалиева, бастамашыл топтың мүшелері Амандық Дәулетбекұлы, Рахымбек Абдрахманов, еріктілер тобының үйлестірушісі Динара Мелиханова қатысқан. Баспасөз мәслихатында Тоғжан Қожалиева тәуелсіз мемлекет ретінде Украина өзінің тұтастығын қорғауға толық құқылы екенін, бүгінде ондағы тұрғындарға гуманитарлық көмек керегін айтқан.
"Биыл 26 ақпаннан бері қазақстандықтар 100 млн-нан аса теңге жинады. Бүгінге дейін Украинаға 3 рейс гуманитарлық көмек жіберілді. Гуманитарлық көмектің тасымалын Украинаның Қазақстандағы елшілігі өз мойнына алды. Гуманитарлық акция Украинадағы жағдай тұрақталғанға дейін жалғаса береді", – деді Бауыржан Мұқанов.
"Ел болашағы" азаматтық бастамасының мүшелері тағдыры қыл үстінде тұрған украиналықтарға жанашырлық танытып, гуманитарлық көмекке атсалысуға шақырды.