Соңғы уақытта елімізде кей автомобильдердің шанағынан Z белгісі бар жапсырмаларды көріп жүрміз. Бұл әрекет қоғамда қызу талқыланып жатыр. Себебі Z белгісін Ресей әскерін қолдау амалымен байланыстырып жүрген жұрт көп. Яғни, өзге елге қатысты дүниені насихаттау жолы ретінде саналады. Ал оларға қатысты құзырлы органдар қандай шара қолданбақ? Мұндай әрекеттер ұлтаралық араздықты тудыруы мүмкін бе?
Тыйым саларға себеп бар ма?
Рас, осы күні Украинадағы арнайы операцияға қатысып жатқан ресейлік әскери техникаларда осындай белгі бар. Әуелде тек әскери техникаларды өзгелерден айыру мақсатында пайда болған белгі еді. Ресейдің де, Украинаның әскери техникалары тым ұқсас, белгі соқпаса, бір-бірінен айыру қиын. Басқа да болжамдар жетерлік. Мәселен, кейбір ресейліктер Z белгісінің түп-төркіні «за победу» деген сөзде жатқанын келтірген. Тағы бір бөлігі Украина президенті Владимир Зеленскийге қарата айтылғанын алға тартады. Яғни, Z - «Зеленискийді жеңеміз» дегенді білдіруі мүмкін. Не де болса, осы белгі кейін ресейлік сарбаздарды қолдау нышаны ретінде мән алып кетті. Біздегілер де соны қолдағысы келді ме, көлігіне Z белгісін жабыстырып алғандар көбейді. 1 наурызда Алматының Полиция департаменті осындай көліктерді тауып, иелеріне сұрау салғанын жария етті. Бастысы, не мақсатпен белгі соққанын анықтау. Сараптау заңнамаға сәйкес келе ме? Ал 3 наурыздан бастап белгі соққан көлік иелеріне айыппұл салына бастады. Мысалы, Нұр-Сұлтанда артқы әйнегіне Z белгісі қойылған көлік жүргізушісіне 590-баптың 5-бөлігіне сәйкес («Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу») негізінде әкімшілік хаттама толтырылып, 15 315 теңге айыппұл салынды. Автокөліктің артқы әйнегіндегі жазу алынып тасталған. Ал тәртіп сақшылары көлік жүргізушісімен профилактикалық әңгіме жүргізілгенін айтты. Бұндай жағдайлар басқа өңірлерде де кездесіп жатыр. Полицияның іске белсене кіріскеніне қарағанда, жүргізушілер Z белгісіне бекерге құмартпаған тәрізді. Расында да, астары болғаны анық. Ішкі істер министрлігінің өкілі Қуаныш Игіман да полицияның тексерісті бастағанын растап отыр. – Қазір Z белгісін автокөлігіне жабыстырғандарды жолда тоқтатып жатыр. Белгіні алдыртып тастап, полицейлер ескерту айтып, себебін азаматтарға түсіндіреді. Яғни, болмайды, – дейді ол. Дегенмен біздің көкейде бір сауал туындады. Елімізде автокөлікке жабыстыруға болмайтын, заң жүзінде тыйым салынған қандай да бір белгілер мен таңбалардың тізімі жоқ. Тіпті, «Жарнама» туралы заңның 14-бабында «сыртқы көрнекі жарнаманы көлік құралдарына жапсырғаны үшін ешқандай рұқсат пен төлем қажет емес» деп анық жазылған. Сол себепті полицейлер «Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» деген себепті көлденең тартып, тыйымға көшкендей. Әйткенмен, Z белгісі пропаганданың құралына айналып бара жатқандай. Провокацияға ұласса да таң қалмаймыз. Осыны ескеріп, полицейлердің бұл әрекетін жөнсіз дегіміз келмейді. Қазіргі уақытта Z белгісіне қатысты түрлі болжам айтатындар бар. Біреулер еш мәні жоқ дүниеге баласа, кейбір жандар саяси астар барын алға тартады. Яғни, осы әрекет арқылы өзге елдің идеологиясын насихаттау қаупі барын жеткізеді. Дегенмен сан тарапқа бөлінген ойдың тоғысар тұсы жоқтай. Саясаттанушы Дос Көшім Z белгісін полицейлер автокөліктен алдыртып тастағанымен, оны нақты заңға сүйеніп іске асыра алмай отырғанына қапалы. – Жыл сайын 9 мамырда Жеңіс күніне орай салтанатты шерулер өтеді. Сол уақытта елімізде Кеңес Одағы кезіндегі қызыл ленталарды тағып алатындар бар. Көлігіне де, киіміне де жабыстырып шығады. Кей адамдар сонысымен пиғылын көрсетіп, іштей мәз болады. Z белгісі де осыған ұқсас дүние. Полицейлер алдыртып тастап жатыр, құптарлық амал. Әйткенмен, қандай заңға сүйеніп отыр? Елімізде тыйым салынған террористік ұйымдардың тізімі бар. Ал белгілі бір жазуға, белгіге қатысты нақты тізім жоқ. Сондықтан Парламент фашистік немесе қоғамға жат деп тапқан белгілердің тізімін бекітсін. Нақты себебін айтсын. Онсыз полицейлер көлікті тоқтатып, жүргізуші нақты себебін, белгіге неге тыйым салынғанын сұраса, қай заңды айтады? Біреу KZ деп жабыстырып алса, Z те сондай жазу деп қарсыласса, үндей алмайсыз, – дейді саясаттанушы. [caption id="attachment_186658" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Расымен де, біз жоғарыда айттық, жазу, белгі мен таңба түскен жапсырмалардың нақты қай түрін автокөліктерге жабыстыруға болмайтыны жайлы заң жоқ. Полиция өзге заңдарды көлденең тартып, айыппұл салғанымен, келесі тараптың айтар уәжі шығары анық. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе күн тәртібіне шыққаны дұрыс.Провокация ұсақ дүниелерден басталған
Дәл осындай оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. 2014 жылы Қырым Ресей қолына өтіп, аймақта келеңсіз жағдай болды. Сол кезде Қырымда «сыпайы адамдар» деп аталатын белгісіз формадағы сарбаздар шықты. Олар әртүрлі мақсаттағы нысандарды, әскери бөлімдерді бақылауға алды. Ресейдің сарбаздары екені біз айтпасақ та белгілі. Сол жылы «сыпайы адамдарға» арналып түрлі сарбаздың тұлғасы бейнеленген жапсырмалар қаптап, сатылымға шықты. Қазақстанда да осы жапсырманы көлігіне жапсырғандар көбейді. Бұл бір төбе, тіпті «сыпайы адамдар» бейнеленген киімдер сатылды. Бір қызығы, қоғам мұны аса бір қатты талқылаған жоқ. Соның әсерінен бе, әйтеуір елімізде жапсырма мен киімді таратқандардың біразы жазасыз қалды. Осылай саяси маркетинг қадамы мен пропагандаға жататын іске бөгет болмадық. Көп өтпей тақырып ұмытылып та кеткен болатын. Иә, мұндай провокацияға негізделген қолайсыз оқиғалар бізде көп болған. Әлеуметтік желіде ұлтқа тіл тигізіп, «өзге елдерге қосылуды» үгіттегендер жетерлік. Біразы кешірім сұрап құтылды, кейбірі сотталды. Мұндай қадамға өзге ұлт өкілдері жиі барады. Мәселен, 2020 жылы қаңтарда Теміртау қаласының тұрғыны Вячеслав Злотинский деген азамат әлеуметтік желі арқылы Қазақстанның Ресейге автономия болып қосылғанын қалайтынын айтқан еді. Тізбектеп жатпаймыз, тілге, ұлтқа, мемлекетке қатысты жосықсыз айтқан сөздері сансыз. Көп ұзамай азамат видеоүндеу арқылы дүйім жұрттан кешірім сұрады. Сол жылы қарашада Қостанай өңірінің тұрғыны Кирилл Божко екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қыркүйек айында әлеуметтік желіде қазақ халқына, қазақ тіліне тіл тигізіп, «маймылға теңеді». Алғашында азамат елден кешірім сұрап құтылғысы келген еді. Бірақ құзырлы органдар «ұлтаралық жанжал тудырғаны үшін» жазадан босатпады. Кейін де «атың шықпаса, жер өртенің» кебіне түскендер азаймады. Былтыр 19 тамызда Алматы қаласының Әуезов аудандық соты блогер Ермек Тайшыбековті «ақпарат құралдарын қолдану арқылы ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен 7 жылға түрмеге қамады. Тайшыбеков көп тайраңдады. Бір емес, бірнеше рет мемлекеттік тілге шүйлікті. Қайта-қайта «Қазақстанды Ресейге кіргізу керек» деп заржақ болды. Ақыры мәселе асқынып бара жатқан соң азаматты жазаға кесуге тура келген. Енді Украина мен Ресей арасы ушығып тұрған тұста елімізде арандатушылар қайта ояна бастаған сыңайлы. Таяуда ғана елімізде мұғалім болып жүрген тағы бір өзге ұлт өкілі соғысты қолдайтынын, Қазақстан да Ресей құрамына кіру керек екенін айтып, әлеуметтік желіде видео таратты. Онысымен қоймай, әйел видеода сан мәрте анайы сөздер айтқан. 1 күннен кейін ол әлеуметтік желі арқылы бейбітшілікті қалайтынын жеткізіп, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Қазір ол әйелдің нақты кім, қандай жазаға тартылуы мүмкін екені жайлы дерек жоқ. Дегенмен құзырлы органдар осындай ұлтаралық араздықты тудырушыларға қатысты шара қолданбаса, алдағы уақытта оңай құтыларын білген арандатушылар көбейері сөзсіз.ТҮЙІН:
Сонымен, Z белгісінің мәні ресейлік әскерлерді қолдауға бағытталғанын ұғындық. Әйтпесе, полицейлер бекерге сабылмас еді. Тек заң жағынан мәселені зерделеген жөн болар. «Олардан келер қауіп қандай?» дерсіз. Біріншіден, сөзсіз, бұл – насихат құралы, өзге идеологияға елді иландырудың амалы. Екіншіден, осындай әрекеттер арандатушыларға дем беруі мүмкін.