Баласын жалғыз баққан әке

Баласын жалғыз баққан әке

«Әкелер алимент төлей ме?» деп жүргенімізде, кейбір көріктілерден бөріктілер озып кет­ті. Бүгінде жалғызбасты әкенің саны 90 мыңға таяды. Көрсеткіштің артуына не се­беп? Өз баласын күйеуіне тастап, қара басының қамын ойлап кеткен аналар жауап­кершілік­тен неге қашады? Тағдырынан таяқ жеген әкелердің мұң-мұқтажына үңілдік.

АНАЛАРҒА ӘСЕР ЕТКЕН ЖОҚТЫҚ ПА?

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Аймағамбетовтің ай­туынша, 10 жыл бұрынғы халық са­нағы қорытындысы бойынша Қа­зақстанда 70 мыңнан астам жал­ғызбасты әке болған. Халық саны­ның өскені мен жаңадан үйлен­ген­дер арасында ажырасу көбейгенін ескерсек, қазір олардың қатары 80-90 мыңға жеткен. Бірден айту керек, елімізде жалғызбасты әке­лер­дің статистикасы мүлдем жүргі­зілмейді. Тек ажырасулар санының есебі жүргізіледі. Осыны ескерсек, жалғызбасты әкелердің саны біз ойлағаннан әлдеқайда көп болуы мүмкін. «Сот көбіне балаларды ана­сы­мен қалдырады. Бірақ қоғамда кө­біне әйелдердің үнін естиміз де, ер­лердің жанайқайына назар аудар­маймыз. Себебі ер адамдар өзгеге өз мәселесін ашып айтқысы кел­мей­ді. Баласы ауыратын, көмекке мұқ­таждары да бар. Одан соң 2-3 ба­ласын тастап, түнде жұмыс істей­тіндері немесе мүлде жұмыс таба алмай жүргендері жетерлік. Заң жалғызбасты әйел адамға да, ер адамға да бірдей. Бірақ көбіне мем­лекет жалғызбасты анаға көмек­тес­кісі келеді. Мысалы, әйел ипотека­сы деген бар. Ерлерге неге бермес­ке?!», – дейді қоғам белсендісі. Иә, жалғызбасты әкелер қоғам­нан қолдау күтеді. Соның бірі ел­ор­да тұрғыны Алексей Доненконы әйелі 5 баласымен тастап кеткен. Өзі электрик болып жұмыс істейді. Былтырдан бері мемлекеттен атау­лы әлеуметтік көмек алады. Кен­жесі мүгедектігі бойынша №13 қа­лалық емханада есепте тұр, тезде­тіп ота жасату керек. «Интернетте пікір қалдырған­нан кейін ғана баламды емханаға қабылдады. Оның өзінде тісін жұл­ды­ру үшін. Кіші баламды ота жаса­туға жаза алмай отырмын. Емхана­дағылар тіркеуге қойып, операция­ны желтоқсан айында істеуі керек болған. Бірақ әлі жасалмады. Қы­зым түнімен ұйықтамайды. Ауырға­нын басатын дәрімен ғана отырмыз. Оның өзін күнде қолдана берген зиян. Қатты тағамдар жей алмайды. Баспана мәселесі де қиын болып тұр. Мен түске дейін жұмыстамын. Түстен кейін үлкен қызым сабаққа барады. Қалған балалардың қасын­да отыру үшін үйге келемін. Мем­лекеттен атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Сол үлкен көмек. Ал айлы­ғым 60 мың теңгеден сәл ғана аса­ды», – дейді Алексей Доненко. Кентау қаласының тумасы, жал­ғызбасты әке Рысмахан Айтбаев жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Дегенмен жұмыссыз жүргеніне 4 жылдан асқан. Жұмыссыз ретінде тір­келгенмен, екі қолға бір күрек таба алмай келеді. Өйткені жалғыз­басты әкенің денсаулығы ауыр жұ­мысқа жарамайды әрі баласына қа­райтын адам керек. Осыдан 11 жыл бұрын елордаға жұмыс іздеп келген ол қазір осында тұрақтап қал­ған. Қы­зымен бірге астанадағы жа­тақха­на­лардың бірінде аядай ғана бөлмені жалдап тұрады. Алты жасар қызы Ін­жуді өзі бағып отыр. Қызы Інжу це­лебралды сал ауруына шалдыққан. «Менің жағдайыммен таныс шы­ғарсыздар. Бірнеше рет телеар­наларға шықтым. Бәрі көмектесеміз деп шақырады, аяғында көмек бол­майды. Өзім ешкімге қол жайғым келмейді. 4 жыл бұрын қайырымды жандар көмектескен. Содан бері бір адамнан көмек сұрағым келмеді, ешкімге масыл болмасам екен. Мем­лекеттен қызыма жәрдемақы беріледі. Мүгедектік үшін 50 мың теңге және асыраушысы ретінде маған 50 мың теңге береді. 100 мың теңге жәрдемақы алып отырмын. Оның 20 мың теңгесін жатақханаға төлеймін», – деді ол. Одан артылғанын қызының еміне, үйірмелерге, азық-түлік пен киім-кешекке жұмсайды екен. Ай сайын Інжуге жаңа киім алып бер­месе, көңілі құлазитынын жет­кізді. Қызына 2 ай толғанда ажыра­сыпты, 1 жасында денсаулығында кінәрат барын біледі. Бірге боламыз деп серт­тескен әйелі ішімдікке салы­нып, отбасын тастап кеткен. 6 жыл­дан бері анасы қызын іздеп кел­мепті. «Вокзал, құрылыс нысанында түнеген кездеріміз болды. Жәрдем­ақыға өмір сүріп отырмыз. Азық-түлікті дүкеннен қарызға аламын. Қазір 70 мың теңге қарызбын. Екін­ші рет үйленуге қорқамын. Себебі біреудің баласына ешкімнің жаны ашымайды. Ер адамға бала­мен жалғыз қалған қиын. Қызым өсіп келеді, қашанғы жуындыра аламын... Әрине, бала толыққанды отбасында өскені дұрыс», – деді ол. Тағдырдың сынағын көтеріп жүрген Рысмахан ешкімге де жа­лынып, жәрдем күтпейді. Дегенмен оны баласын асырау үшін алған несиесі қинайды екен. Қазір 1,5 мил­лион теңге несиесі бар. Ал али­ментке өтініш бергісі жоқ. Соған қа­рамастан жүрегі кең азамат бола­шақта жетімдер үйінен бала асырап алғысы келеді. «Ешбір бала анасыз, әкесіз өспесе, жыламаса», – дейді. «Әлеуметтік желіде бүгінгі ер­кектердің образын ез етіп көрсетеді. Көпбалалы, жалғызбасты аналар көшеге шығып, талабын айтып, бәрін мемлекет жасап берсе», – дейді. Әр адам баланы өзі үшін дү­ние­ге әкеледі. Қазіргі қыз-келін­шек­тер жігіттің жағдайына қарай­тыны – шындық. Содан ажырасу көбейеді. Бірінші – қаражат болса, екінші – тәрбие. Бұрын Шымкент жақта тұрмысқа шыққан қыз төркініне қайтып барса, ата-анасы үйіне кіргізбей, ажыраспауға ша­қыратын. Ал қазір қит етсе, өзіміз асыраймыз деп шығады. Ажырас­қандарға екіжақты айыппұл салы­нуы тиіс. Себебі кез келген дауда кінә екі жақтан болады», – деді кейіпкеріміз.

АЛИМЕНТТЕН ЖАЛТАРҒАН АНАЛАР

Ал төрт баласын бір өзі асырап отырған Айтан Мұқашев заңды түрде ажырасқанымен, бұрынғы әйелі алимент төлеуден жалтарып жүр. Балалардың ас-суы мен ай сайынғы пәтерақыны төлеу үшін тыным тап­пайды. Ал шаңырақтағы «ыдыс-аяқ­тың сылдырына» шыда­маған әйе­лі­нің үйге ат ізін салма­ғанына бес жыл­дай болған. Анасыз қалған ба­ла­лардың мейірімге шөл­деген жүзін көріп, көңіліміз құла­зыды. Дегенмен ұл-қыздар өмір сынына берілмей, әкесінің қасында өжеттене өсіп келеді. Алименттен жалтарғандарға заң қатал. Былтыр Қостанайда алимент төлемеген әйел түрмеге қамалды. Ана­ның кәмелет жасқа толмаған ба­лаларына берешегі 3 миллион тең­геден асқан. 2018 жылдан бері али­мент төлемепті. Осы мерзім ішін­де сот үкімімен келіншек бір­неше рет әкімшілік және қылмыс­тық жазаға тартылған. Тіпті, шарт­ты түрде бір жылға бас бостандығы да шектелген. Бірақ еш нәтиже шық­пағасын, сот орындаушылары жазаның қатаң түрін қолданыпты. Қазір екі баласы әкесінің қолында. «Бас бостандығынан айырыл­ға­нымен, оның қарызы өшіп кет­пей­ді. Егер сот орындаушы жұмыс­қа тұр­ғы­затын болса, орындау па­рағын сон­­да жіберіп, алты ай мер­зім күте­міз. Шық­қаннан кейін алты айдың али­ментін тағы да есептеп қосып бе­реміз. Сонымен, бірталай ақша бо­лайын деп тұр» деп хабар­лаған еді же­ке сот орындаушылары өңірлік па­ла­та­сының басшысы Несібелі Бәсенова. Сөйтіп, алимент төлеуден қа­шып жүрген әкелердің орнын ана­лар басып келеді. Бауыр еті бала­сынан бас тартып, ана деген атынан айырылғандардың тым артып бара жатқаны алаңдаушылық туғызады. Ал қоғамда жалғызбасты аналармен салыстырғанда, жалғызбасты әке­лерге көзқарас та, қолдау да бөлек. Егер біз гендерлік теңдікті дамыту туралы айтатын болсақ, онда әрине, ер адамдардың құқығын кеңейтуге, оның ішінде жалғызбасты әкелер мәселесіне де қатысты болуы тиіс. Отбасы институтын зерттеу орта­лы­ғының жетекшісі Айгүл Раки­шева да ойымызды қуаттап, «Қазақ­стандағы Отбасы институты ба­тыс­тық құндылықтардың ықпалымен өзгеруде», – дейді. «Қазақстандағы әрбір бесінші отбасы – дара ата-ана. Ресми неке­де 76,5 пайыз жағдайда отбасын ер адам басқарады. Ал азаматтық не­кеде, керісінше әйел басқаратын отбасы моделі 2 есе жиі кездеседі. Яғни, азаматтық некедегі әрбір онын­шы отбасында әйел адам басшы. Біздің қоғамда ерлер мен әйелдердің әлеуметтік рөлдеріне қатысты түсініктер қалыптасқан. Ер адам отбасын асыраушы, ал әйел үйдің шамшырағы. Бірақ қазір осы заңдылықтың бұзылғанын көреміз. Жалғызбасты әкелердің көбеюі аза­маттық неке саны артып, ажы­расу көбейгенінен», – дейді А.Ракишева. Пікірлескен азаматтардың әйел­дері отбасынан теріс айналған. Де­генмен сүйген жары өмірден өт­кен соң, балаларына екінші ана із­демей, ананың да рөлін бір өзі ат­қаруға шешім қабылдағандар бар. Орталық Азия демократияны дамы­ту қоры­ның жетекшісі Толға­най Үмбе­та­лиева да осы ойымызбен ке­лісіп, бү­гінде әйелдер арасындағы өлім-жітімнің артуы жалғызбасты әкелер­дің көбеюіне алып келгенін айтты. «Әйелі қайтыс болғаннан кейін үйленбейтін еркектер бар. Ерлердің тағы бір бөлігі ажырасқаннан кейін балаларына қамқорлық жасауға да­йын, ер адамдар өз құқығы үшін күреседі. Егер бала 11 жастан асқан болса, онда ер адамның балаларын қамқорлыққа алуға мүмкіндігі бар. Әрине, әйелдері балаларын өздері тастап кеткен ер адамдар бар, өйт­кені оларға қамқорлық жасауға да­йын емес. Қазір ер азаматтардың да отбасындағы рөлі өзгерген, олар отбасын ақшамен қамтамасыз етіп қана қоймай, әкесі ретінде бар жауапкершілікті мойнына алуға дайын», – дейді Т.Үмбеталиева. Қорыта келгенде, «басы ауыр­мағанның балтыры сыздағанмен шаруасы жоқ» деген бар. Қоғамның еркектің мүсәпір күйге түсіп, көп­тің алдында шарасыз күй кешкенін қабылдауы қиын. Ер адамдар да өзгеден көмек сұрауға арланады. Не­месе қандай көмек барын біл­мей­ді, онысын да көпке көрсеткісі келмейді. Жалғызбасты әке атан­ған­дардың ішкі күйзелісі де бар. Сон­дықтан олар заңгерлік, психо­логиялық, моральдық, материалдық қолдауға мұқтаж. Бір үйдің түтінін түзу ұшыра алмағандар, жалғыз­бас­ты аналар, баласын жалғыз тәр­биелеп отырған әкелер мәселесін айтқанымызбен, ананың алақанын, әкенің мейірімін сезіне алмаған бейкүнә сәбилердің мәселесі бәрі­нен жоғары. Ананың орнын әке, әке­нің орнын ана баса алмайтыны анық. Ошақтың отын сөндіріп, ба­ланы жетім атандыру – қазақтың кей­бір нәзік жанды аруларына же­ңіл жағдай болып кеткені өкінішті.