Жеке мектептің жыры көп
Жеке мектептің жыры көп
© коллаж: Елдар Қаба
1,300
оқылды
Жыл өткен сайын жекеменшік мектептердің саны артып келеді. Бұрын тек бай-бағландардың баласы оқитын мектепте қазір орта таптыңда ұл қыздары білім алып жүр. Жеке білім ордалары еліміздегі мектеп тапшылығын шешуге де оң ықпал етері анық. Алайда жекеменшік мектептердің саны артқан сайын білім сапасы құлдырап кетпей ме? 2021 жылғы сәуірдегі дерек бойынша, елімізде 7 440 мемлекет­тік мектеп бар. Ол жерде 3 миллион­нан астам оқушы оқиды. Бірақ осын­дай цифрға қарамастан, рес­публика бойынша 225 мыңға жуық оқушыға білім алатын орын тапшы. Орын тапшылығы мәселесін шешу­дің бір жолы – жекеменшік мек­тептер. Білім министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жекеменшік мектеп саны 400-ден асты. Өңірлер бойынша жекеменшік мектептерді ашуда Түркістан облысы (56), Шым­кент қаласы (52), Алматы қаласы (41), Нұр-Сұлтан қаласы (29) көш бастап тұр. Бұл аймақтарда жеке­мен­шік мектептердің көп болуы­ның басты себебі – халықтың ты­ғыз орналасуында. Жекеменшік мектептерге баратын кейбір бала­лар үшін мемлекет арнайы субсидия бөліп, мектеп ашамын деген инвес­торға жағдай жасап отыр. – Мемлекет үшін, бұл – бюд­жет­ке түсетін жүктемені төмендету, орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту, педагог мәр­тебесін арттыру. Инвестор үшін, бұл – тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақмерзімді бизнес-жоба, – дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Яғни, Үкімет нарықтың бұл сег­ментін бизнес деп таниды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы кейбір мектептегі жылдық оқу құны 3-5 млн теңге болатынын ескерсек, бұл – бизнес. Қазақ қоғамы бүгінде экономикалық табысы мен әлеу­меттік мәртебесіне қарай жіктеле бастағанын көріп жүрміз. Алғашқы сатыда зәулім үйлер мен қымбат көлік болса, екінші саты беделді оқу орны мен жекеменшік сектордағы мектептермен ерекшеленеді. Сол себепті жекеменшік мектептер ту­ралы сөз болғанда «ақшасы барлар беттеп, ақшасы жоқтар шеттей бе­реді» деген пікірдің бәсі басым б­о­лып келген еді.

Мектеп тапшылығы шешіледі

Ата-аналардың басым бөлігі балаларын премиум санаттағы мек­тепте оқытқысы келеді. Алайда бұ­ған барлығының қаржысы жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет жекеменшік мектептерге субсидия қарастырған. «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимовтың ай­туынша, еліміздегі оқушылар саны жыл сайын артып келеді, сондықтан орта білім беру саласындағы ма­ңыз­ды міндеттердің бірі – толып кет­кен мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайту, сондай-ақ білім беру сапасын арттыру үшін күресте мектептер арасында бә­секелестікті дамыту. «2018 жылдан бастап же­кеменшік білім беру ұйым­дарында орта білім беруге мем­лекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мүмкіндігі заңды түр­де бекітілді», – деді А. Ибраимов. Қазір мемлекет тарапынан ба­лаларды жекеменшік мектепке оқы­туға жылына 532 мың теңге субсидия бөлінеді. Бірақ кәсіпкерге бұл қаржыдан келер пайда аз. Бө­лінетін қаржы балалардың тек түске дейін оқуына ғана жетеді. Бала таңнан кешке дейін жүрмегендіктен, үй тапсырмасын мектепте орын­да­мағандықтан, қосымша дамы­май­ды. Ендеше екіауысымды жеке­мен­шік мектептің мемлекеттік мектеп­тен еш айырмасы жоқ. Astana Gar­den School мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхаммед Досыбаевтың айтуынша, мектеп тапшылығын жекеменшік мектептер шешеді. Бі­рақ бұл көптеген факторға байла­нысты. Мысалы, 200-300 балаға ар­налған мың мектеп саладағы тап­шылықты шешпейді. Сондық­тан жекеменшік мектептердің сыйымдылығына мән беру керек. Ашылып жатқан жекеменшік мек­тептер неге шағын? Өйткені мемле­кеттің бөліп отырған субсидиялары үлкен мектеп соғуға мүмкіндік бермей отыр. – Осы мәселені шешу үшін, ең бірінші мемлекет тарапынан бала басына шаққандағы қаржылан­ды­рудың көлемін кемінде екі есе кө­бейту керек. Екінші, Үкімет тара­пы­нан 1 000-2 000 бала оқитын мек­теп салуға жер бөлінуі тиіс. Жер беру процесін жеңілдету керек. Үшін­ші, мектеп салатын жерлерге коммуникация жеткізу мәселесі реттелсе, бөлінген жер не суы, не жолы жоқ айдалада орналасса, жеке инвесторға қиын соғады, – дейді Нұрмұхаммед Досыбаев. Сонымен қатар Нұрмұхаммед Досыбаев мектеп мәселесі түбегейлі шешілгенге дейін банктер мектеп соғуға 0 пайызға дейін жеңілдетілген несие беруі керек деп атап өтті. Мек­теп ашатын инвестордың ке­піл­ге қоятын инфрақұрылымы болмауы мүмкін. Сондықтан кепіл сұрамай несие алу жағын қарастыру артық етпейді.

Мемлекеттік мектептен несі артық?

Ата-ана таңдау жасағанда сапа­лы білімге және оқу бағасына көңіл бөлетіні сөзсіз. Еліміздегі жекемен­шік мектептер ұсынатын баға диа­пазоны әртүрлі. Аймақтық жерде айлық оқу құны 50 000 теңгеден басталып, Алматы, Нұр-Сұлтан ме­­г­аполистерінде 1 миллион теңге­ден асып жығылады. Оқу ақысы жөніндегі рейтингте бірінші орынды Нұр-Сұлтан қала­сында орналасқан QSI халықаралық мектебі иеленіп отыр. Мұнда 1-сы­ныптан 12-сыныпқа дейін оқу ақы­сы бірдей, жылына 26 000 АҚШ доллары, айына орта есеппен 1,28 млн теңгеден. Оқу тек ағылшын тілінде жүргізіледі. Халықаралық деп аты айтып тұрғандай, негізінен елімізде жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың, дипломаттардың балаларына арналған мектеп. Де­ген­мен мұнда Қазақстан азаматта­ры­ның да балалары білім алады. Бала саны да шағын, 300-ден асады. Екінші орында Алматы қаласында орналасқан халықаралық QSI мек­тебі тұр. Мұндағы оқу ақысы, елор­дадағыдан арзан, айына орта есеп­пен 1,08 млн теңгеден. Оқушы са­­ны – 450. Рейтингте үшінші орын­ды Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептері иелен­ген. Екі мектептің бір орында орна­ласу себебі – екі мектепте білім беру құны бірдей. Мұнда дайындық сы­­­ны­бынан бастап 13-сыныпқа де­йін білім беріледі. Сондықтан оқу ақы­сы сыныптарға қарай бөлініп оты­рады. Мысалы, дайындық сы­ны­бы жылына 5,6 млн теңге, 3-6-сы­нып оқу­шылары үшін 9,7 млн теңге, 10-13-сыныптар үшін 12,6 млн тең­ге. Орта есеппен оқу ақысы айына бір бала үшін шамамен – 1 млн теңге. Жылына миллион төлеп, бала­сын жекеменшік мектепте оқытып жатқан ата-аналардың бірі – Арнат Дүйсен. Оның айтуынша, мемле­кеттік мектепте оқыған оқушының қосымша репетитор жалдауына тура келеді. Мұндайда бәрібір оқы­ту шығыны жекеменшік мектеппен бірдей болады. – Жекеменшік мектепте қо­сым­ша үйірмелер де, спорт секция­лары да қамтылған. Бала таңертең мектепке кіргеннен 3 мезгіл тама­ғын ішіп, үй тапсырмаларын сонда орындап қайтады. Мектеп бағдар­ламасының ішінде шахмат, робото­техника сияқты салалар бар. Ағыл­шын тілінің практикалық сабағын америкалық азамат өтеді. Бір сыныпта 15-18 оқушыдан отырады, ал мемлекеттік мектепте – 25-30 оқу­шыдан. Сондықтан қай жағы­нан алып қарасақ та, бізге жеке­мен­шік мектеп тиімді, – дейді Арнат Дүйсен. Негізі, жекеменшік мектеп білім беру қызметімен заң актілері және мемлекеттік білім беру стан­дарты негізінде айналысуға міндет­теледі. Бірақ оқу жоспары мен оқы­ту бағытын, ғылым негіздері мен пәндерді өзі таңдайды.

Тәртіп барлығына ортақ

Дегенмен кейбір жекеменшік мектептердің ойларына келгенін істеп, ортақ заңға бағынбай жатқан жағдайы да кездеседі. Мәселен, Түркістан облысы Сайрам ауда­нында орналасқан «Низамхан» атын­дағы жекеменшік мектептің тәртібіне шағымданған ата-ана көп. Заңгер Сардар Әбдіжақияның ай­туынша, жекеменшік мектеп оқу­шылары мектеп формасын сақ­та­май, орамал тағып, үстіне халат киіп келеді екен. «Ата-аналар­дан осы мәселеге қатысты шағым тү­сіп жатыр. Жақында арнайы ко­миссия құрылып, мектепке барып қайт­а­мыз. Мемлекетімізде қанша ұлт, қан­ша дін өкілі болса да заң мен тәр­тіп бірдей. Жекеменшік мек­теп­терде мектеп оқу­шы­ла­рының тәр­тібі жетім қалмауы тиіс. Білім ор­да­сы базар емес, қаласа орамал тағып, қаласа шляпа киіп баратын», –дейді Сардар Әбді­жақия. Шынымен де, егер мемлекет та­рапынан жекеменшік мектептер­дің құрылтайшыларын қатаң ба­қылауға алмаса, білім ордалары идеология құралына айналып кетуі әбден мүмкін. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мұндай мә­селе туындамас үшін жекеменшік мектептердегі сапаны қадағалау қажет екенін атап өтті. – Білім саласы – мемлекет да­муының басым салаларының бірі әрі бірегейі. Сондықтан жекемен­шік мектептердің ақысы мемлекет­тік тұрғыдан реттелуі, қолжетімді болуы қажет. Негізгі талап, жеке­мен­шік мектептердің құрылайшы­ларының арасында кәсіби тұрғыда білім саласының эксперті, маманы болуы маңызды деп ойлаймын. Білім және тәрбие процесін арнайы қадағалауымыз тиіс, – дейді Жұл­дыз Сүлейменова. Кезінде Германияның кейбір округтарындағы халық санының өсуіне байланысты мектептерде орын тапшылығы сезілгенде жеке­меншік мектептер ашылды. Мемле­кет қаржыландырғандықтан, жеке­меншік мектептердің көбі әр отба­сы үшін қолжетімді, яғни оқу ақы­сы арзан болды. Демек, жеке­мен­шік мектептер қатарының кө­беюі бәсекелестікті қалыптас­ты­рады. Адал бәсеке бағаға да, нәти­жеге де әсер етеді. Біз де осы бағыт­қа эволюциялық жолмен жақындап келе жатырмыз.