Бурахан Дақанов: Теріскейге көшудің тиімді тұсы көп
Бурахан Дақанов: Теріскейге көшудің тиімді тұсы көп
712
оқылды
Ел тәуелсіздігін алған 30 жыл ішінде солтүстік өңірлердегі көштің ағыны тоқтаған емес. Шекараның арғы бетіндегі атақонысына бет түзегендер мен нәсіп тартып ірі қалаларға қарай үдере көшкендердің есебінен бүгінде аймақта жұмыс күшінің тапшылығы сезіледі. Есесіне оңтүстік пен батыс өңірлердегі мыңдаған отандасымыз екі қолға бір күрек таппай жүр. Аймақтардың еңбек ресурстары арасындағы осы бір қайшылықты жою мақсатында арнаулы мемлекеттік бағдарлама түзіліп, жүзеге асты. Осы аралықта түстіктің 30 мың тұрғыны теріскейге табан тіреді. Дегенмен бағдарлы баяндаманың тиімділігі мен бірге олқы тұстары да жетіп артылады. 7 ай бұрын сол­түс­тік­қа­зақстандық атанып, көпшілікті теріскейге көшуге шақырып жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақановпен болған сұхбатымызда стратегиялық көшті жандандыру тетіктері жайында әңгіме өрбіттік. – Бурахан, көпшілікті сол­түстікке көшуге үгіттеп қана қой­май, өзіңіз алғашқылардың бірі болып көшіп келдіңіз. Солтүстік өңірге қалай орналастыңыздар? – Солтүстікке көшу туралы ой көптен көкейде жүрген. Осы ойым­ды әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің талқысына да салдым. Оның үстіне, біздің халық ақыл айтатындардан шаршады. Әлеу­меттік желіде де «Солтүстікке көшіп, шекара маңына шоғырлану керек» деп жалаң ұран тастайтын­дар көп. Бірақ нақты іс болмай тұрды. Сондықтан көпшілікке үлгі болайын деген оймен солтүстікке көшу туралы шешім қабылдадым. Осылайша, 7 ай бұрын Талды­қор­ғаннан Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Сер­геевка қаласына көшіп келдім. Сергеевка қаласында 9 мың адам тұрады. Олардың 500-і өзіміз сияқ­ты оңтүстік өңірлерден көшіп кел­гендер. Арасында қандастар да бар. – Байқауымызша, солтүстікке мемлекеттік бағдарлама аясында көшуге сенімсіздік танытатындар көбейген сияқты. Ара-тұра әлеу­мет­тік желіден, ақпараттық сайттардан көшіп барғандардың жағдайы ту­ралы сыни материалдарды көзіміз шалып қалады... – Негізі, көп нәрсе адамның өзі­не байланысты. Обалы не керек, күні кешеге дейін жұмыс істеген «Еңбек» бағдарламасына қызығу­шылық танытатындар көп болды. Бірақ, өкінішке қарай үгіт-насихат жұмыстары көздеген мақсатынан айнып кеткендей. Мәселен, көшіп келгендердің мәселесін көзбен көру үшін өңірге журналистер ке­ліп жатады. Осы кезде көшіп кел­ген­дердің көбі жеке мәселесін кө­тереді. Оны сенсацияға балай­тын ақпарат құралдары шулатып әкетеді. Ал сол материалдарды оқыған соң солтүстікке көшуге ниеттілер ойынан айнып қалады. Біле білгенге солтүстікке көш дегеніңіз – ғасырлық маңызға ие дүние. Бұған атүсті қарауға бол­майды. Көшіп келетіндерді ынта­ландыруға бағытталған арнайы бағдарлама болғанымен, оның нақты бір әкімшісі жоқ. Сондықтан жауапты тұлғалар бұл іспен жеңін түріп айналыспады. – Биыл «Еңбек» нәтижелі жұ­мыспен қамтудың 2017-2021 жыл­дарға арналған бағдарламасы аяқ­талды. Ал теріскей көшіне серпін беру үшін осы бағдарламаға балама қажет сияқты. Елордаға келген са­па­рыңызда Мемлекеттік хатшымен, Ауыл шаруашылығы министрімен, «Отандастар» қорының басшыла­ры­мен кездесулер осы тақырыпта өр­біген болар. Көшті жандандыру үшін неге мән беру керек? Қандай шаралар мемлекеттік назарынан тыс қалды? – Мемлекеттік бағдарлама ая­сын­да қоныс аударғандықтан, бұл жобаның кемшіліктері мен артық­шылықтарын бір кісідей білемін. Сондықтан әлгінде айтылған ла­уазым иелерімен болған кездесуде жаңа бағдарламаны әзірлеуде ескерілуі керек жайттар туралы айттым. Меніңше, теріскей көшіне серпін берудің бірден-бір тетігі елімізде нақты осы мәселемен ай­на­лысатын консультативті-ке­ңес­ші орган немесе мемлекеттік меке­ме құруда жатқан сияқты. Оның жұмысына Президенттің өзі неме­се Премьер-Министр деңгейіндегі лауазым иелері жетекшілік етсе, шаруа оңалар еді. Сәйкесінше, жергілікті жерде осы органның уә­кілетті органдары ашылып, оның жұмысын облыс немесе ау­дан әкімінің орынбасары тікелей бақылауға алса, біз күткен қозға­лыс пайда болуы мүмкін. Одан кейін солтүстікке қоныс­танған қандас ағайындарға арнап адаптациялық орталықтар ашу керек. Оны пилоттық жоба ретінде 2 елді мекеннен бастап көріп, қандастарды кемінде 1 жыл Сол­түстік Қазақстанда өмір сүруге бейімдегеніміз жөн. Неге десеңіз, қазір Сергеевкаға Иран, Ауғанстан, Пәкістаннан көшіп келіп жатқан ағайынның ортаға сіңісіп кетуі қиындау. Біріншіден, олар кирил­лицамен жазылған жазуды оқи алмайды. Екіншіден, көбі орыс тілін өмірінде естімеген. Жақында Ираннан көшіп келген қандас жі­гіт үйіме келіп тілімдей қағазды ұсы­нып, оқып беруімді өтінді. Қа­ра­сам, дәрігердің берген рецепті екен. Оған жазуды түсіндіріп, қа­зақ тілін білетін сатушысы бар дәрі­ханаға қарай бағыттап жібер­дім. Оларға Сергеевкадан сату­шысы қазақтілді дүкен табудың өзі машақат. Тіпті, өмірінде үйіне от жағып көрмеген ағайынға әкім­діктің жігіттері пешке от жағуға дейін үйретіп жүргенін өз көзіммен көрдім. Ара-арасында телефондағы байланыс операторларының тілін түсінбей, ай сайынғы тарифін қосу кезінде көмек сұрап келетіндер де бар. Құжат толтыруда да кирил­ли­цаға шорқақтық танытып жүрген­дер жетіп артылады. Міне, осындай мәселелерді бол­дырмас үшін қандастарды бе­йімдеу орталықтарын ашу қажет деп білемін. – Қазір әлеуметтік желі арқылы оңтүстіктегі, батыстағы ағайынды солтүстікке көшуге шақырып жүр­сіз. Нәтиже қалай болып жатыр? – Шынын айтқанда, көштің қазіргі қарқыны көңілімнен шық­пай­ды. Оған әсер етіп жатқан фак­торларды жоғарыда тізіп өттім. Өз тарапымнан көшті жандандыру үшін әлеуметтік желіде әртүрлі жаз­ба қалдырып, топтар ашып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргі­земін. Бұл істе жалғыз емеспін. Серік Өтебай, Өмір Шыныбекұлы сияқты ағаларымызбен бірге әре­кет етіп жатырмын. Осы жұмыстардың нәтиже­сін­де өткен жылы шамамен 300 отбасының Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп келуіне ықпал еттім. Биыл 500 от­басын көшіріп әкелуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта теріс­кейге көшудің тиімділігін, нәти­жесін арттыру мақсатында «Батыс-теріскей-шығыс» атты экспедиция өткізу ойда бар. Мәселен, Көрісу күні қарсаңында Маңғыстау жұрт­шылығы Отпан тауға жиналады. Сондағы қарақұрым елдің алдына шығып, теріскейге көшу туралы ұсынысымды ортаға тастағым ке­леді. Көшке еруге ниеті бар аза­мат­тарды алып, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарындағы ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы жерлерге сапарлатып қайтуға болады. Меніңше, бұл тәжі­рибе де өзін-өзі ақтауы керек. – Демек, солтүстікке көшу оңтүстік, батыс өңірлерде қорда­ланған әлеуметтік мәселелердің түбегейлі шешімі бола ала ма? – Әлбетте. Былтырғы жаз Қы­зылорда мен Маңғыстау облысы­ның шаруаларына оңай соққан жоқ. Олардың кейбірі маған ха­барласып, «Солтүстікке барсам, малымды өсіре аламын ба? Жер алудың мүмкіндігі қандай?» деп сұрастырып, қызығушылық таны­тып жатты. Әрине, солтүстікте ша­бындық жер де көп. Жайы­лым­дық жерде анау айтарлықтай қиын­дық тудыра қоймайды. Ең бастысы, жердің құнарлылығы өз­ге өңірлермен салыстырғанда әл­деқайда жоғары. Сондықтан теріс­кейдің төсін малға толтырамын деген ниеті бар шаруа үшін бұл көш таптырмас мүмкіндік. Әрі сол­түстікте ірі агроқұрылымдарды жасақтау арқылы жұмыссыздық мәселесінің де шешімі табылар еді. Мемлекеттік хатшымен, Ауыл шаруашылығы министрімен бол­ған кездесуімде малсыз көшіп кел­гендерге жергілікті шаруашы­лықтардан мал беріп, оны кейін төлмен қайтарып алатын тарату нүктелерін ұйымдастыру туралы ой айттым. Осы тұрғыдан алып қарағанда теріскейге көшуге баса мән беріл­се, жоба өңірлерде қалыптасқан көптеген мәселенің шешімі өздігі­нен табылар еді. Теріскей көштің стратегиялық, әлеуметтік маңызы өз алдына. Солтүстік өңірлер қа­зақтың маңдайына біткен тарихи тұлғалардың ізі қалған жер емес пе? – Сөз соңында солтүстікке көшуді жоспарлап, нақты қадам жасауға жүрексініп жүргендерге айтарыңыз болса. – Қазір «Солтүстікке көше­тіндер отбасының әр мүшесіне берілетін бірреттік жәрдемақыға қызығып келіп жатыр» деген жаң­сақ пікірлер айтыла бастады. Ме­ніңше, бұл жәрдемақы көпшілікті анау айтарлықтай қызықтыра қой­майды. Ең бастысы, ниет бо­луы керек. Рас, қазір солтүстіктен көшіп жатқандар көп. Тіпті, тұтас ауыл­дар босап қалып жатыр. Жергілікті биліктің тұрғындарды ұстап қалуға ешқандай мүмкіндігі жоқ. Ал теріскейге көшу бағдар­ла­масы әлеуметтік пакет ұсына оты­рып, көптеген мүмкіндікке жол ашады. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, солтүстікте оңтүстікке қарағанда ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жердің көлемі үл­кен. Мал бағып, егін егемін деген шаруаларға да керегі – осы. Бұдан солтүстікте тек ауыл шаруашы­лығымен ғана айналысуға болады екен деген көзқарас қалыптаспауы керек. Теріскейге мықты кәсіп­кер­лерді де көптеп тартқанымыз жөн. Өкінішке қарай, қазір көшіп келетіндердің көбінде «Мен мем­лекеттік бағдарламамен келдім. Жақсы өмір сүріп кетемін» деген ой басым. Алайда мұндай оймен алысқа ұзай алмайсыз. Солтүстікке көшіп келген соң Үкіметке ғана иек артпай, тіршілік жасап, осында тұрақтап қалуға әрекеттену қажет. — Әңгімеңізге рақмет!