Ел тәуелсіздігін алған 30 жыл ішінде солтүстік өңірлердегі көштің ағыны тоқтаған емес. Шекараның арғы бетіндегі атақонысына бет түзегендер мен нәсіп тартып ірі қалаларға қарай үдере көшкендердің есебінен бүгінде аймақта жұмыс күшінің тапшылығы сезіледі. Есесіне оңтүстік пен батыс өңірлердегі мыңдаған отандасымыз екі қолға бір күрек таппай жүр. Аймақтардың еңбек ресурстары арасындағы осы бір қайшылықты жою мақсатында арнаулы мемлекеттік бағдарлама түзіліп, жүзеге асты. Осы аралықта түстіктің 30 мың тұрғыны теріскейге табан тіреді. Дегенмен бағдарлы баяндаманың тиімділігі мен бірге олқы тұстары да жетіп артылады. 7 ай бұрын солтүстікқазақстандық атанып, көпшілікті теріскейге көшуге шақырып жүрген қоғам белсендісі Бурахан Дақановпен болған сұхбатымызда стратегиялық көшті жандандыру тетіктері жайында әңгіме өрбіттік. – Бурахан, көпшілікті солтүстікке көшуге үгіттеп қана қоймай, өзіңіз алғашқылардың бірі болып көшіп келдіңіз. Солтүстік өңірге қалай орналастыңыздар? – Солтүстікке көшу туралы ой көптен көкейде жүрген. Осы ойымды әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің талқысына да салдым. Оның үстіне, біздің халық ақыл айтатындардан шаршады. Әлеуметтік желіде де «Солтүстікке көшіп, шекара маңына шоғырлану керек» деп жалаң ұран тастайтындар көп. Бірақ нақты іс болмай тұрды. Сондықтан көпшілікке үлгі болайын деген оймен солтүстікке көшу туралы шешім қабылдадым. Осылайша, 7 ай бұрын Талдықорғаннан Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Сергеевка қаласына көшіп келдім. Сергеевка қаласында 9 мың адам тұрады. Олардың 500-і өзіміз сияқты оңтүстік өңірлерден көшіп келгендер. Арасында қандастар да бар. – Байқауымызша, солтүстікке мемлекеттік бағдарлама аясында көшуге сенімсіздік танытатындар көбейген сияқты. Ара-тұра әлеуметтік желіден, ақпараттық сайттардан көшіп барғандардың жағдайы туралы сыни материалдарды көзіміз шалып қалады... – Негізі, көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Обалы не керек, күні кешеге дейін жұмыс істеген «Еңбек» бағдарламасына қызығушылық танытатындар көп болды. Бірақ, өкінішке қарай үгіт-насихат жұмыстары көздеген мақсатынан айнып кеткендей. Мәселен, көшіп келгендердің мәселесін көзбен көру үшін өңірге журналистер келіп жатады. Осы кезде көшіп келгендердің көбі жеке мәселесін көтереді. Оны сенсацияға балайтын ақпарат құралдары шулатып әкетеді. Ал сол материалдарды оқыған соң солтүстікке көшуге ниеттілер ойынан айнып қалады. Біле білгенге солтүстікке көш дегеніңіз – ғасырлық маңызға ие дүние. Бұған атүсті қарауға болмайды. Көшіп келетіндерді ынталандыруға бағытталған арнайы бағдарлама болғанымен, оның нақты бір әкімшісі жоқ. Сондықтан жауапты тұлғалар бұл іспен жеңін түріп айналыспады. – Биыл «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аяқталды. Ал теріскей көшіне серпін беру үшін осы бағдарламаға балама қажет сияқты. Елордаға келген сапарыңызда Мемлекеттік хатшымен, Ауыл шаруашылығы министрімен, «Отандастар» қорының басшыларымен кездесулер осы тақырыпта өрбіген болар. Көшті жандандыру үшін неге мән беру керек? Қандай шаралар мемлекеттік назарынан тыс қалды? – Мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударғандықтан, бұл жобаның кемшіліктері мен артықшылықтарын бір кісідей білемін. Сондықтан әлгінде айтылған лауазым иелерімен болған кездесуде жаңа бағдарламаны әзірлеуде ескерілуі керек жайттар туралы айттым. Меніңше, теріскей көшіне серпін берудің бірден-бір тетігі елімізде нақты осы мәселемен айналысатын консультативті-кеңесші орган немесе мемлекеттік мекеме құруда жатқан сияқты. Оның жұмысына Президенттің өзі немесе Премьер-Министр деңгейіндегі лауазым иелері жетекшілік етсе, шаруа оңалар еді. Сәйкесінше, жергілікті жерде осы органның уәкілетті органдары ашылып, оның жұмысын облыс немесе аудан әкімінің орынбасары тікелей бақылауға алса, біз күткен қозғалыс пайда болуы мүмкін. Одан кейін солтүстікке қоныстанған қандас ағайындарға арнап адаптациялық орталықтар ашу керек. Оны пилоттық жоба ретінде 2 елді мекеннен бастап көріп, қандастарды кемінде 1 жыл Солтүстік Қазақстанда өмір сүруге бейімдегеніміз жөн. Неге десеңіз, қазір Сергеевкаға Иран, Ауғанстан, Пәкістаннан көшіп келіп жатқан ағайынның ортаға сіңісіп кетуі қиындау. Біріншіден, олар кириллицамен жазылған жазуды оқи алмайды. Екіншіден, көбі орыс тілін өмірінде естімеген. Жақында Ираннан көшіп келген қандас жігіт үйіме келіп тілімдей қағазды ұсынып, оқып беруімді өтінді. Қарасам, дәрігердің берген рецепті екен. Оған жазуды түсіндіріп, қазақ тілін білетін сатушысы бар дәріханаға қарай бағыттап жібердім. Оларға Сергеевкадан сатушысы қазақтілді дүкен табудың өзі машақат. Тіпті, өмірінде үйіне от жағып көрмеген ағайынға әкімдіктің жігіттері пешке от жағуға дейін үйретіп жүргенін өз көзіммен көрдім. Ара-арасында телефондағы байланыс операторларының тілін түсінбей, ай сайынғы тарифін қосу кезінде көмек сұрап келетіндер де бар. Құжат толтыруда да кириллицаға шорқақтық танытып жүргендер жетіп артылады. Міне, осындай мәселелерді болдырмас үшін қандастарды бейімдеу орталықтарын ашу қажет деп білемін. – Қазір әлеуметтік желі арқылы оңтүстіктегі, батыстағы ағайынды солтүстікке көшуге шақырып жүрсіз. Нәтиже қалай болып жатыр? – Шынын айтқанда, көштің қазіргі қарқыны көңілімнен шықпайды. Оған әсер етіп жатқан факторларды жоғарыда тізіп өттім. Өз тарапымнан көшті жандандыру үшін әлеуметтік желіде әртүрлі жазба қалдырып, топтар ашып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземін. Бұл істе жалғыз емеспін. Серік Өтебай, Өмір Шыныбекұлы сияқты ағаларымызбен бірге әрекет етіп жатырмын. Осы жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы шамамен 300 отбасының Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп келуіне ықпал еттім. Биыл 500 отбасын көшіріп әкелуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта теріскейге көшудің тиімділігін, нәтижесін арттыру мақсатында «Батыс-теріскей-шығыс» атты экспедиция өткізу ойда бар. Мәселен, Көрісу күні қарсаңында Маңғыстау жұртшылығы Отпан тауға жиналады. Сондағы қарақұрым елдің алдына шығып, теріскейге көшу туралы ұсынысымды ортаға тастағым келеді. Көшке еруге ниеті бар азаматтарды алып, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарындағы ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы жерлерге сапарлатып қайтуға болады. Меніңше, бұл тәжірибе де өзін-өзі ақтауы керек. – Демек, солтүстікке көшу оңтүстік, батыс өңірлерде қордаланған әлеуметтік мәселелердің түбегейлі шешімі бола ала ма? – Әлбетте. Былтырғы жаз Қызылорда мен Маңғыстау облысының шаруаларына оңай соққан жоқ. Олардың кейбірі маған хабарласып, «Солтүстікке барсам, малымды өсіре аламын ба? Жер алудың мүмкіндігі қандай?» деп сұрастырып, қызығушылық танытып жатты. Әрине, солтүстікте шабындық жер де көп. Жайылымдық жерде анау айтарлықтай қиындық тудыра қоймайды. Ең бастысы, жердің құнарлылығы өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан теріскейдің төсін малға толтырамын деген ниеті бар шаруа үшін бұл көш таптырмас мүмкіндік. Әрі солтүстікте ірі агроқұрылымдарды жасақтау арқылы жұмыссыздық мәселесінің де шешімі табылар еді. Мемлекеттік хатшымен, Ауыл шаруашылығы министрімен болған кездесуімде малсыз көшіп келгендерге жергілікті шаруашылықтардан мал беріп, оны кейін төлмен қайтарып алатын тарату нүктелерін ұйымдастыру туралы ой айттым. Осы тұрғыдан алып қарағанда теріскейге көшуге баса мән берілсе, жоба өңірлерде қалыптасқан көптеген мәселенің шешімі өздігінен табылар еді. Теріскей көштің стратегиялық, әлеуметтік маңызы өз алдына. Солтүстік өңірлер қазақтың маңдайына біткен тарихи тұлғалардың ізі қалған жер емес пе? – Сөз соңында солтүстікке көшуді жоспарлап, нақты қадам жасауға жүрексініп жүргендерге айтарыңыз болса. – Қазір «Солтүстікке көшетіндер отбасының әр мүшесіне берілетін бірреттік жәрдемақыға қызығып келіп жатыр» деген жаңсақ пікірлер айтыла бастады. Меніңше, бұл жәрдемақы көпшілікті анау айтарлықтай қызықтыра қоймайды. Ең бастысы, ниет болуы керек. Рас, қазір солтүстіктен көшіп жатқандар көп. Тіпті, тұтас ауылдар босап қалып жатыр. Жергілікті биліктің тұрғындарды ұстап қалуға ешқандай мүмкіндігі жоқ. Ал теріскейге көшу бағдарламасы әлеуметтік пакет ұсына отырып, көптеген мүмкіндікке жол ашады. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, солтүстікте оңтүстікке қарағанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі үлкен. Мал бағып, егін егемін деген шаруаларға да керегі – осы. Бұдан солтүстікте тек ауыл шаруашылығымен ғана айналысуға болады екен деген көзқарас қалыптаспауы керек. Теріскейге мықты кәсіпкерлерді де көптеп тартқанымыз жөн. Өкінішке қарай, қазір көшіп келетіндердің көбінде «Мен мемлекеттік бағдарламамен келдім. Жақсы өмір сүріп кетемін» деген ой басым. Алайда мұндай оймен алысқа ұзай алмайсыз. Солтүстікке көшіп келген соң Үкіметке ғана иек артпай, тіршілік жасап, осында тұрақтап қалуға әрекеттену қажет. — Әңгімеңізге рақмет!