Қарағанды облысында мал ұрлаған күдіктілер ұсталды, – деп жазады polisia.kz.
Полицейлер облыс аумағында бірнеше мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты ұстады. Топтың құрамында 33-40 жас аралығындағы үш ер адам болған. Олардан автокөлік, тіркелген үш қару тәркіленді. Күдіктілер малды мылтықпен атып, ұрлағанын мойындады. Былтыр 21 қараша мен 3 желтоқсан аралығында қаскүнемдер жайылымда жүрген Шет ауданында 61 жастағы тұрғынның үш жылқысын ұрлаған. Шығын көлемі – 1,2 миллион теңге. Сондай-ақ, күдіктілер Шет ауданында 73 жастағы шаруаның үш бас ірі қарасын атып өлтірген. Шығынның жалпы сомасы – 800 мың теңге. Шет ауданында жылқы атқан, бірақ кездейсоқ көлікті байқап қалып, күдіктілер қашып кеткен. Шығын көлемі – 600 мың теңге. Осы ұрлықтарға қатысты Қылмыстық кодекстің 24-188-бабы (Мал ұрлығы) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.Бұған дейін малды ұрлап, етін базарда сатқандар туралы жазған болатынбыз.