Мал ұрлығынан келген шығын миллиард теңгеден асты
Мал ұрлығынан келген шығын миллиард теңгеден асты
153
оқылды

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіндегі Владимир Волковтың төрағалық етуімен болған отырыста еліміздің шекаралас аймақтарында мал ұрлығының алдын алу мәселелері талқыланды.

«Бас прокуратураның мәлі­метінше, осы жылдың 10 айында мал ұрлығынан келген шығын 1 млрд теңгеден асты. Сотқа дейінгі тергеу барысында жәбірленушілерге оның 17 пайызы ғана өтелді. Көрші елдерге малды табынымен айдап әкеткен шекаралас облыстарда жағдай ауыр күйінде қалып отыр», – деді сенатор В.Волков. Отырысқа қатысушы ішкі іс­тер, ауыл шаруа­шылығы ми­нистр­ліктерінің, Бас проку­ра­­­тураның, Қазақстан фермерлер қауым­дастығының және шекара маңын­дағы өңірлердің жергілікті ат­қару­шы органдарының өкілдері мал ұрлығының алдын алуда бір­қатар проблема бар екенін атап өтіп, оларды шешу жолдарын ұсынды. Отырыс барысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Қыл­мыстық кодекске өзгерістер енгі­­зілгенін атап өтті. Оған «мал ұрлығы» атты жаңа бап енгізіліп, 8 млн теңгеге дейін айыппұл салу немесе мүлкін тәркілеу және 5 жылға дейінгі мерзімге бас бос­тандығынан айыру көзделген. Алайда мұндай істердің ашылуы өте төмен деңгейде. Қылмыстардың 41 пайызына осындай істер жатады. Ашылмаған қылмыстардың негізгі бөлігі әлеуметтік қауіп төн­­­діретін қылмыстың ұйымдасқан түріне жатады. «Полиция қызметкерлерінің малдың еркін жайылуы үшін иесі­нің қараусыз қалдырғанына сілтеме жасай отырып мал ұрлығы туралы арыздарды тіркеуден бас тартып отыр. Сөйтіп, қылмысты жасы­рудың теріс тәжірибесі жал­ғасып келеді», – деп атап өтті сенатор. Нұрлан Бекназаров сондай-ақ жергілікті ат­­қарушы ор­гандардың ауылдық жерлерде мал жаю мәсе­лелері тиісті түрде шешіл­мегенін атап өтті. Сөйтіп, мал иесі өз ма­лының қауіпсіздігін қамта­масыз етуде тиісті әрекет ете алмайды. Комитет төрағасы Владимир Волков отырысты қорытындылай келіп, мал ұрлығына қарсы іс-қимыл тек полицияның ғана емес, мемлекеттік органдардың, қоғам­ның және фермерлердің бірлескен жұмысын талап ететін маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. Дер кезінде әрекет ету керек екені айтылды. Отырыс қорытындысы бойын­ша ұсынымдар әзірленді және ол Үкімет пен мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.