5 наурызда футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кезекті маусымы басталaды. Маусымаралық үзілісте оқу-жаттығу жиынындағы ойындарын ойдағыдай өткізіп, құрамын жаңартқан 14 команда 26 тур бойы жасыл алаңда ала доп бәсекесін қыздыруға дайын.
Алғашқы турда «Ордабасы» мен «Мақтаарал», «Астана» мен «Шахтер», «Атырау» мен «Ақсу», «Каспий» мен «Қызылжар», «Тұран» мен «Тараз» командалары кездеседі. Ертесіне «Қайрат» пен «Ақтөбе» және «Тобыл» мен «Ақжайық» арасындағы бәсекеге куә боламыз. Әсіресе, футбол жанкүйерлері Алматының Орталық стадионында өтетін «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы ойынды асыға күтіп жүр. Өйткені қос клуб арасындағы ойын әрқашан таласқа, тартысқа толы болады.
Айтпақшы, ел біріншілігіндегі маңдайалды ойын алдында былтырғы чемпион «Тобыл» мен Қазақстан кубогының жеңімпазы «Қайрат» командасы «Астана Арена» стадионында Суперкубок жүлдесін сарапқа салып үлгерді. Финалдық ойында 2:1 есебімен жеңіске жеткен қостанайлық ұжым екінші жыл қатарынан жаңа маусымды жүлдемен бастады. Бұл – Москаленко футболшылары үшін үлкен жетістік. Бұған қоса, «Тобыл» футболшылары осы жеңісінен кейін 27,5 миллион теңге сыйақыға ие болды. Ал финалда бақ сынаған алматылық команда 12,5 миллион теңгені еншіледі.
Биылғы маусымның артықшылығы, осы жылы чемпиондыққа таласатын командалар қатары арта түсті. Клубтардың да деңгейі қарайлас. «Қайрат» пен «Астанаға» бәсекелес болатын командалар қатарына кейінгі бір-екі жылдықта «Тобыл» командасы қосылды. Өткен жылы араға 10 жыл салып қайта чемпион болған қостанайлық ұжым осы жылы сол жетістіктерін қайталағысы келеді. Бір кездері еліміздегі ең үздік клубтардың бірі болған «Ақтөбе» командасы да құрамын жаңартып, күшейткен соң осы жылы жүлдеге таласатындардың тізіміне енді. Былтыр күміс жүлдегер атанған «Қайрат» командасы құрамы өзгерсе де біріншіліктің алтын жүлдесіне қол жеткізуге тырысады. 2021 жылы қоланы қанағат тұтқан «Астана» 2022 жылғы маусымда ел чемпионы атану үшін барын салады.
Қостанайлық «Тобыл» үшін маусым сәтті басталды. Енді осы жүрісінен жаңылмаса ел біріншілігінде де, еурокубоктық ойындарда да атой салуы мүмкін. Әзірге Москаленко футболшылары бапкердің тек бір тапсырмасын ойдағыдай орындады. Алда көптеген ойын бар, маусым да өте ұзақ. Араға 10 жыл салып ел чемпионы атанған «Тобыл» келесі жылы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түседі. Еурокубоктық бәсекенің топтық кезеңінде ойнауға мүмкіндігі жоқ емес.
Ал осы жылы Құрбан Бердыев футболшылары жастарға сенім артады. Қымбат легионерлермен қош айтысып, оның орнына мәскеулік «Қайрат» клубынан бірнеше ойыншы алдыртты. Мұндай өзгерістерден соң «Қайраттың» жаңа маусымда чемпиондыққа таласуы, Конференция лигасында сәтті өнер көрсетуі екіталай. Бес дүркін ел чемпионы елордалық клубтың да құрамы былтырғы жылмен салыстырғанда мықты емес. Бірақ үздік легионерлерін жібергенімен, дер кезінде орнына басқа сапалы футболшылар алды. Бастысы, «Астана» команданың негізгі ойыншысы Марин Томасовты сақтап қалды. Енді олар жаңа бапкермен, жаңа құраммен жүлделі орынға таласып көрмек.