Оқу бітіргендердің 30 пайызы жұмыс таба алмай жүр
Оқу бітіргендердің 30 пайызы жұмыс таба алмай жүр
533
оқылды
Сенат депутаттары студенттермен кездесіп, Еуразия ұлттық университетінде өткен диалогта Қазақстан Президентінің реформаларын талқылады. Еліміздегі жаңа саяси процестерге жастардың қосатын үлесі мол. Жиында жастар бірқатар ұсынысын жеткізді. Сенатор Ақылбек Күрішбаев оқу бітірген жастардың 30 пайызы жұмыс таба алмай, түрлі салада жалданып, нәпақа табуға мәжбүр екенін айтты. Елімізде 120 жоғары оқу орны болса, онда 600 мыңнан аса студент білім алады. Ертеңгі күні лайықты жұмыс тауып, еңбек жолын лайықты деңгейде жалғастыруға кепіл жоқ екені жасырын емес. Сол себепті жұмыссыздық мәселесі әлі өзекті. Наурыз айында Мемлекет басшысы жаңа реформалар пакетін жариялауы мүмкін. – 4 жыл бакалавриатты бітіргеннен кейін қандай да бір оқу орнына барсаңыз, жұмыс тәжірибесін сұрайды. Оқуын жаңа аяқтаған жастарда жұмыс тәжірибесі қайдан болады? Сондықтан волонтер болып жүрген қызметін еңбек өтілі қылып немесе еңбек кітапшасына жазғызса, жақсы болар еді. Оқып жүргенде дипломға дейінгі өндірістік тәжірибе болады. Соның өзін жұмыс өтілі қылып қалыптастырса жөн, – дейді ЕҰУ магистранты Аян Сәлімгереев. Ал Сенат депуттары бұндай өзгерістерді енгізуге мүдделі екенін жасырмады. Қажет болса жаңа заң жобаларын жасауға ықпал етуге даяр екен. – Парламент өз тарапынан еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын. Жаңа заңдар қабылдау керек болса, өзгерістер енгізу керек болса, заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етеміз, – дейді Ақылбек Күрішбаев.