Әйелдер кімді үлгі тұтады?
Әйелдер кімді үлгі тұтады?
281
оқылды
Жер бетінде адамзат барда ана, әйел деген көріктілеріміз де мәңгі жасай бермегі аян. Бұған сонау ертеден бергі қалыптасқан өркениеттің бүгінгі келбеті дәлел. Әйелдер әр күнде де бар сыйға лайық, мереке кезінде құрметіміз тағы еселене берері сөзсіз. Бүгін бір ерекше тақырыпқа қозғау салып көрмек болдық. Өмірде кез келген адамның белгілі бір уақытта үлгі тұтатын жандары болады. Мереке қарсаңында біз де әр салада еңбек етіп, шаңырағын да шайқалтпай, бала-шағасының қамын жасап, шыңырағының шырайы болып жүрген әйелдерге сұрау салып, өмірде қандай адамды үлгі тұтатынын білмекке ниеттендік.   ДинарДинар НӨКЕТАЕВА, Парламент Сенатының депутаты: – Әркімнің өзі сүйсінер, үлгі етер адамы болады ғой. Ал мен әжемді, апамды ерекше үлгі қылам. Менің анам ана ретінде де, әйел ретінде де, жар ретінде де көпке тәлім болды. Отбасына да қарайласты, қызмет етіп, қоғамнан да тыс қалған жоқ. Мектепте ұстаз болды, үйдің де жайын түгендеді, бәрімізді бағып-қақты, жоқтан бар жасап, тәрбиені үйретіп, осы күнімізге жеткізді. Міне, ел ішіндегі осындай аналарды құрметтеймін, жақсы көремін, қолдан келген сыйымды аямаймын. Қайын енем мен апаларым ауылдың таңнан қара кешке дейінгі бітпейтін күйбең тірлігімен жүрсе де, дастарқанын жайнатып, бәрінің көңілін тауып жүреді. Еш нәрсені назарынан қалдырмайды. Әулетте бүлік шықпасын деп туған-туыстың татулығын ойлап, баласына тәрбиесін беріп, қазан көтеріп жүретін жеңгелерім де көпке үлгі. Бұл тұста ердің де жауапкершілігі мен орны бар. Сондықтан әкемді айтпай өтуге болмайды. 26 жасынан бастап қызметке араласты, еңбектенді. Талдықорғанның Алакөл ауданында басшылық қызметтер атқарды. Яғни, жаңағы біз айтқандай, мықты әйелдер мен аналардың болуы ерлерге де байланысты. Жұлдыз Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Өзімнің анамды үлгі етемін. Ұлмекен Сүлейменова жоғары санатты дәрігер болды. Ол кісі әр жылдары Ақтөбе облысының Шалқар ауданына қарасты Бершүгір стансасында дәрігер-терапевт, бас дәрігер ретінде еңбек етті. Қазір зейнетте. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықты, ауыртпалықты дәрігерлер үлкен жауапкершілікпен көтерген еді. Олардың қатарында менің анам да бар. Бірнеше елді мекенді бір ауылдық округке біріктіріп жіберген кездер болатын. Сонда аптап ыстық жазда да, омбы қарды кешіп боранда да жаяу сол ауылдарға медициналық көмек көрсету үшін өзі аралап, еңбек сіңірген. Ал үйде отбасымыздың берекесі мен шырайы болды, барлық баласына жоғары білім алуға септесті. Еңбек етуде, халыққа қызмет етуде, бала тәрбиелеуде – анам үлгі, анам өнеге. Еш қиындыққа мойымай, бізді өсіріп, жақсы білім алуымызға, тәрбиелі болуымызға барын салды, қолдан келгенін жасады. Айгул Айгүл БИСЕМБАЕВА, Атырау облысының тұрғыны: – 52 жасқа келгенде сәби сүйдім. Ел-жұрттың таңғалғаны рас. Көбі мұндай кезде балалы болудың қиын екенін біледі. Жалпы, өмірде көпбалалы аналарды үлгі тұтамын, ұнатамын, сүйсінемін. Өзімнің ішімде осындай ұғым қалыптасқан. Себебі бір анадан үш бала болдық. Егіздің сыңарымын. Ағам мен сыңарым дүниеден өткен соң шаңырақта бауырдың, баланың көп болғанын жөн деп ұқтым. Көпбалалы ана көрсем, жүрегім жылиды, нағыз бақытты әйел ретінде көремін. Әрине, бәрі құдайдың қалауымен болатын дүние. Сонда да әйел, ана соңынан ерген баласымен жарасымды.