Лебіз

Лебіз

Дана НҰРЖІГІТ, Парламент Сенатының депутаты: – Мейірім мен түсіністікке зәру әлемде әйелдердің бойынан табылатын жылылыққа сұраныс арта түсті. Өмірдің барлық саласына әйелдер белсене араласып жатыр. Біздің елімізде де компаниялардағы басқарушылық лауазымдарда әйелдердің үлесі 30 пайызға дейін артты. Әлемнің тыныштығына тек ер-азаматтар ғана емес, нәзік жандар да жауапты. Ендеше әйелдердің осы жолда көтеретін жүгі он есе ауыр десек қателеспейміз. Себебі қоғамдық өмірге араласатын әйелдің отбасындағы аналық міндетін өзі өте­месе, ешкім өтемейді. Сондықтан жұмыста да, отбасында да ақылы мен парасаттылығын сақтай білетін әйелдер бар. Бар қиындықтың тігісін жатқызып, жымын білдіртпейтін әйелдер қауымына басымды иемін. Әлем бүгін тыныштыққа, бейбіт өмірге зәру. Бір адамның өмірі – тұтас бір әлем. Сол әлемді тербеткен аналарымыздың жүрегіне тыныштық берсін. Қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген, бизнес әлемінде жүрген аруларға абырой тілеймін! Ләйлә СҰЛТАНҚЫЗЫ, журналист: – Міне, мәңгілік өмірдің, сарқылмас мейірім мен жарқын үміттің белгісіндей табиғаттың тағы бір керемет кезі – шуақты көктем де келіп жетті. Жүректі жадырататын бұл мереке өткен ғасырдан бері жер шарының әр қиырында 8 наурызда атап өтіледі. Оны бәрі – жас та, кәрі де күтіп, дайындалады. Халықаралық әйел­дер күні біздің елде мемлекеттік мерекелер арасындағы танымалдығы жөнінен Жаңа жылмен ғана теңеседі десем, қателеспеспін деп ойлаймын. Бүгінде көпшілік, сірә бұл күннің бастапқы тарихын ұмытып кетсе керек. Ол тіпті мерекелік іс-шара ретінде басталмаған. XX ғасыр басында әлемді өз құқығы үшін үн көтерген әйелдер маршы дүр сілкінтіп, олардың жан-жақты азаттығы үшін басталған қозғалыс пайда болды. Қазір енді тарихи белеске айналған 1910 жылы Клара Цеткин Халықаралық әйелдер күнін белгілеуді ұсынды. Жер бетіндегі талай идеологиялық және формациялық сілкіністерді бастан кешкен, біздің елдегі ең сүйікті де мерейлі мерекенің бірі сол кезден бері тойланып келеді. Қазақ ежелден «Әйел – үйдің қазығы» деп білген. Біз – әйелдер, отбасының шыра­ғымыз, мемлекеттің тірегіміз. Сондықтан қадірлі ханымдар, баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол игілік тілеймін! Айгүл ИМАНБАЕВА, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Әйел әрқашан халықтың ар-ожданы, ізгіліктің, нәзіктіктің және дарқан көңілдің көрінісі болып келді. Бүгінгі мереке оларға де­ген шынайы құрметтің белгісі. Әйел табиғатынан-ақ кішіпейіл­діліктің, жоғары адамгершіліктің және мейірімділіктің айнасы. Сондықтан ол бүкіл қоғамның арқауы ретінде келісім мен тұрақ­тылықтың нығаюына ықпал етеді. Шығыста: «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», – дейді. Тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне білек сыбана кірісіп, қиын-қыстау кезде демеу болып жүрген барша әйел алғысқа лайық. Құрметті ханымдар, сіздерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің осынау шуақты мерекесі көңілдеріңізді нұрға, жүректеріңізді жырға бөлесін. Әрқашан шаңырақтарыңыздан жылылық кетпесін. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, отба­сыларыңызға береке-бірлік тілеймін! Ардақ БАЛАЖАНОВА, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Әйел затының міндеті – сырттай қарағанда «отбасы, ошақ қасы» секілді көрінгенімен, нақтырақ зер салсақ, әйелге артылған жүк ауыр. Әйел туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын. Әйел ибалы қыз, инабатты келін, қарындас, ана, апа, әже. Тоғыз ай, он күн толғатып, тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен әйел бүкіл   адамзатқа өмір сыйлайды. Ата-бабаларымыз да әйелді құрмет тұтқан. Содан болса керек, ұрпақ тәрбиесін әйел-анаға жүктеген. Бүгінгі әйел билік басында еркекпен иық тірестіріп жұмыс істеп жүр. Қызметтен де басқа қоғамдағы орындары бар. Ең бастысы, әйел қоғамның тең құқылы мүшесі. Мерейлі мереке құтты болсын! Көңіліміз гүлдей жайнап құлпыра берсін! Кешегі өткен мықты аналарымыздың жолын қазіргі қазақ қыздары жалғастырсын.