Бүгін гүл сататын дүкендерде қарбалас. Көбіне-көп бұл күнгі табыс гүл саудасындағыларды жыл соңына дейін «асырайды». Ер-азаматтар сұлулардың құшағын гүлге, жүзін күлкіге толтыруға асығып, қалтасынан қағылып жатыр. Себебі белгілі, елімізде гүлдің өзі импортқа тәуелді.
ЖАҚЫНЫНА ЖАТТЫҢ ГҮЛІН СЫЙЛАП ЖҮР
Мереке қарсаңында гүл бағасы біршама қымбаттаған. Кейбір гүл дүкендерінде 50 пайызға дейін көтеріліпті. Гүлдер Қазақстанға Германия, Нидерланд пен Бельгиядан келеді. Осыған байланысты гүл шоқтарының құны шетелдік жеткізушілерге байланысты. «Биыл логистика саласындағы өзгерістер гүл нарығындағы баға белгілеуде маңызды рөл атқарды», – дейді мамандар. «50 пайызға қымбаттады, өйткені Ресейге санкциялар енгізілді және біздің бүкіл транзитіміз Ресей арқылы өтеді. Нәтижесінде, біз үшінші елдер арқылы тауар алуға, басқа елдер арқылы гүл тасуға мәжбүрміз. Баға одан әрі өседі», – деді флорист Жанат Нұртаев. Әрине, мереке қарсаңында гүл бағасы 1,5-2 есе қымбаттайтыны — жылдағы құбылыс. Егер былтыр раушан гүлінің әр данасы 500-600 теңге болса, биыл – 1 000-1 200 теңге. Қызғалдақтардың бағасы қымбаттады. Бір данасы – 800 теңге. Бұған дейін ондай баға болмаған. Ал букеттер 10 мыңнан басталып, 200 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ сонда да сатып алушылардың қарасы қалың. «Ая» гүлдер дүкенінің қожайыны Алмас Орынбаев гүлді Нидерландтан алдырады. Аса ірі көлемде әкелгендіктен, алып-сатарлардың қызметіне жүгінбейді. Сонда да қазіргі сұранысқа сай олар да бағаны қымбаттатып жіберген көрінеді. Логистиканың құны да күрт қымбаттаған. Теңгенің еуроға шаққандағы құнсыздануы тағы бар. «Теңгенің долларға шаққандағы бағамына байланысты қымбат. Дегенмен сұраныс бар, бағасы қымбат екен деп жұрт алмай жатқан жоқ. Бізде гүл сыйлау мәдениеті қалыптасып келеді. Ер-азаматтар да жылына бір келетін мерекеде гүлдің қымбаттайтынына үйренген», – дейді А.Орынбаев. Осылайша, басқаны қойғанда гүлді де шетелден алдыртамыз. Содан кейін еліміз қымбатшылықтан көз ашпай келеді. Статистикаға сүйенсек, жыл басталғалы еліміз 1 000 тоннадан аса гүлді шетелден сатып алған. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, былтыр Қазақстанда гүл сауда айналымы 44 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 34 пайызға жоғары. 8,5 млн АҚШ долларына гүл алғанбыз. Иә, бізге әзірге шекараға келген гүлдерді көз қуаныш қылып тұра тұруға тура келеді. Қызғалдақ, раушан, бөртегүл, таушымылдық – 2022 жылы сәнге айналған гүлдер. Соның ішінде сұраныс ең жоғары раушан гүліне 6 миллион доллар жұмсалса, бақыт гүліне 883 мың АҚШ доллары кеткен. Үшінші орында қалампыр тұр. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, гүлдерге тапсырыс көбіне Нидерланд, Бельгия, Германия, Эквадор, Литва, Колумбия, Өзбекстан және Түркия елдеріне беріледі екен. Сонымен қатар өз елімізде өсіріп отырған жылыжайлар да бар. Айта кету керек, отандық гүлдер де шет мемлекеттерде сұранысқа ие. Былтыр 17 тоннадан аса гүл экспортталған.ҚОЛДАУ БОЛМАСА, БАҒА ҚЫМБАТТАЙ БЕРЕДІ
Енді бұл шеттен әкелінген гүлдердің саудасы қалай? Шығынды ақтай ма? Гүл сату бизнесімен 2 жыл айналысып келе жатқан жас кәсіпкер Ораз Дәрібаевтың айтуынша, шамамен жай күндері сатылатын гүлдің 4-5 айдағы мөлшері мерекенің бір күнінде сатылып кетеді. Бірақ бұл жолы бағаның қымбаттағынан сұраныс өткен жылға қарағанда төмендеген сияқты. «Былтырғы біркүндік табысымыз биылғыдан көп болған. Халық бағасы арзанын алуға тырысып жатыр. Біз биыл шетелден тасымалдаған жоқпыз. Сарыағаштан алдырдық. Сондықтан гүлдеріміздің бағасы аса қатты қымбаттаған жоқ», – дейді Ораз Дәрібаев. Егер елімізде гүл өсіру өркендесе, мереке символына айналған гүлдердің бағасы қолжетімді болар еді. Қарағандылық кәсіпкер Рамиз Ақбердиев та ойымызды қуаттап отыр. «Гүл өсіру бизнесін отбасылық табыс көзіне айналдырдық. Көтерме бағасы 300-400 теңге шамасында болса, дүкенде әр данасы 600 теңгеден сатылып жатыр. Алдағы уақытта бұл бизнесті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Өз тауарымызбен ішкі нарықты жаулап алғымыз келеді. Сонда бағасы да арзан болар еді. Алыпсатарлар бағаны өсіріп жіберетіні болмаса, жалпы гүлдің бағасы сондай қымбат емес дер едім», – дейді Рамиз Ақбердиев.