Сұлулық құрбандықты талап етеді. Соңғы жылдары елімізде кескін-келбетіне қолдан «түзету» енгізетіндердің қатары көбейді. Осыдан барып косметологиялық медицина қызметіне сұраныс артты. Тіпті, қалтасы көтергендер шетелге барып, өзі қалаған кейіпке еніп жатады. Бақсақ ең сұлу, ең көрікті болу үшін қолданылатын тәсілдің көпке беймәлім тұсы жеткілікті екен. Жаңа заман адамзатқа жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Озық технология қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енді. Әсіресе, денсаулық сақтау ісінде соны бетбұрыстар жасалды. Бұл орайда өзгеден сұлулығымен дараланып, жарақаттан қалған ізін жасырғысы келетіндер есебінен косметологиялық медицина қызметіне сұраныс еселеп артты. Мамандар да соңғы 10-15 жылдың көлемінде елімізде бет-әлпетіне «өзгеріс» енгізуге ниеттілердің қарасы қалыңдай түскенін айтады. Мұны олар аталған қызметтің қолжетімді болуымен және өзгеден даралануға құштарлықтың артуымен байланыстырады. Әрі мінсіз мүсін, көз тоймас келбетімен сахнаның желінің жұлдызына айналғандарға еліктеу де косметолог дәрігерлердің қолын жүргізіп тұрғандай. Елордалық Жұмакүл Ахметова 2 апта бұрын көзін үлкейту үшін кішігірім ота жасатқан. Оның айтуынша, оңтүстіккореялық технологиямен жасалған ем шараның денсаулыққа еш зияны жоқ. – Отаның құны 150 мың теңге болды. Оны жасайтын дәрігер арнайы Алматы қаласынан келді. Бұл технология қазір көзін үлкейткісі келетіндер арасында сұранысқа ие. Өйткені ота кезінде және одан кейін де ешқандай ауырсыну сезілмейді. Әрі нәтижесі сол мезетте байқалады. Әрине, бұл отаны 1-2 жылдан соң қайта жасату керек болады. Сонда да өз әрекетіме өкінбеймін, – дейді Ж.Ахметова. Мамандардың айтуынша, Қазақстанмен бірге Азия елдерінде көзге қабақ жасататындар көп. Сондай-ақ азиаттық нәсілдерге тән ерекшеліктерге байланысты құлақты кішірейту қызметіне де сұраныс жоғары. Әрине, адамның сыртқы кескін-келбеті төлқұжатындай қабылданатын заманда косметикалық ота жасатуға ниеттілер санының көбеюін түсінуге болады. Дегенмен аты кішігірім ота болғанымен, бет-пішімін өзгерту – үлкен тәуелді қажет ететін қадам. Пластикалық хирургтер бұл орайда ем алушының ішкі дайындығы маңызды екенін алға тартады. Одан бөлек, жан-жақты медициналық-сараптама жүргізу де отаның сәтті шығуына өз септігін тигізеді екен. – Косметологиялық медицинаға кейінгі жылдары көңіл бөлініп жатқанымен кісінің бет-әлпетін өзгерту үшін ота жасату тарихта болған. Өкініштісі сол, қазір косметологиялық ота жасату бизнеске айналып кетті де, салаға кәсіби біліктілігі төмен мамандар көптеп келе бастады. Олар пациенттің ақшасына ғана қызығады. Ал косметологиялық ота жасалмастан бұрын оған түрлі талдау арқылы қант диабетінің деңгейі, түрлі препаратқа аллергиясы зерттелуі керек. Сонымен бірге пациент отаға өзін-өзі іштей дайындағаны жөн. Мен өзімнен ем алуға келген 10 адамның екеуіне ғана ота жасауға келісім беремін. Өйткені олар косметологиялық отаға психологиялық тұрғыдан дайын болмайды. Жеке өзіме табыстан бұрын түпкілікті нәтиже маңызды, – дейді пластикалық хирург Бағызор Шотайбекқызы. Косметологиялық медицинаның әліппесін Үндістаннан оқып келген маман отаның кейбір түрлерін жасатуда пациенттің жасына да көңіл бөлінуі керегін айтады. – Мәселен, қабақты жіппен тігу арқылы көзді ұлғайтуды 25 жасқа дейін ғана жасауды құптаймын. Өйткені жас келген сайын адамның физиологиялық ерекшелігіне байланысты қабақ салбырап кетуі де мүмкін. Әрі көзге жасалатын кейбір косметологиялық оталар көру қабілетін нашарлатады, – дейді маман. Шын мәнінде, косметологиялық медицинаның көмегіне жүгінетіндер үшін ескеруі тиісті нәрселер көп. Сәйкесінше, тұтынушы қалаған нәтижеге хирургиялық жолмен жеткізуге жол бастайтын маманның да емдеу ісінен хабары болғаны керек. Әйтпесе, сұлулық жолында тәуекелге бел буғандардың көбінің ота үстелінде көз жұматын фактілері ара-тұра кездесіп тұрады. Қысқасы, косметологиялық медицинаға денсаулық сақтау ісінің бір бағытынан бұрын табысты бизнес ретінде қарау абырой әпермейді. Елімізде косметологиялық медицинаның қызметіне сұраныстың артуымен бет-әлпеттің «кем-кетігін» түзейтін орталықтар да көптеп ашыла бастады. Жай күндердің өзінде кісі қарасы үзілмейтін мұндай орталықтардағы жұмыс мереке күндері тіптен жандана түседі. Олардың кейбіріне күні бұрын жазылып та қояды. Қызмет ақысы да жасалатын отаның күрделілігіне қарай 50 мың теңгеден басталып, 1 миллион теңгеден асып жығылады. Тіпті, көп тұтынушының қалтасы көтере бермейтін косметологиялық отаны несиеге жасауды ұсынатын медициналық орталықтар да бар екен. Ал пошымын түзету жолында кез келген құрбандыққа дайын отандастарымыздың енді бір тобы өзі қалаған нәтижеге жету үшін шетел асып жатады. Әрине, мұндай отаны арзан әрі сапалы етіп жасауда қазір Оңтүстік Корея мемлекетінің медициналық орталықтары алдына қара салмайды. Ресми мәліметке сүйенсек, 2019 жылы аталған елде косметологиялық ота жасатындардың 15 пайызы қазақстандықтар болған екен. Шын мәнінде, бұл салада оңтүстіккореялық тәжірибеге иек артатындардың таңдауы талас тудырмайды. Әуелі бұл елдегі косметологиялық отаның бағасы АҚШ пен Еуропа елдеріне қарағанда бірнеше есе арзан. Алайда бұл оңтүстіккореялық медициналық орталықтардағы косметологиялық қызметтің сапасыздығын білдірмейді. Керісінше, мұндағы мамандар пациенттерді отадан кейін де 2-3 тәулік бойы өз бақылауында ұстайды. Косметологиялық отаның сапасына кепілдік беретін медициналық ұйымдарды да кезіктіруге болады. Және ең басты фактор, оңтүстіккореялық технологиялардың дені азиаттық нәсілділердің «кем-кетігін» түзетуге бағдарланған. Мәселен, Оңтүстік Кореяда жасалатын косметологиялық оталардың көбінде көз ұлғайтылады. Мұны Кореяның тұтынушының сұранысы зерттеу агенттігі жүргізген сауалнаманың қорытындысы да растайды. Сауалнама кезінде пластикалық ота жасаған 1 000 пациенттің 67,8 пайызы көзді ұлғайту қызметіне жүгінгенін мойындаған екен. Жылына Оңтүстік Кореяда 770 мыңдай пластикалық ота жасалады. Олардың бағасы 1 100 долллардан басталып, 8 500 долларға дейін жетеді. Оңтүстік Кореяда мамандар пластикалық ота жасату қажеттіліктен бұрын әуесқойлыққа айналып бара жатқанын айтып, дабыл қаға бастады. Ресми статистика Сеулдегі әр бес әйелдің біреуі пластикалық ота жасатқан екен. Өкініштісі, бізде де пластикалық ота қажеттіліктен бұрын өзгеден ерекшеленудің бір жолына айналып барады. Жарқырап жүру үшін қалтасындағы соңғы тиынын санап беру әркімнің өз еркіндегі дүние. Дегенмен де шынайы сұлулықтың сыры тек көрікті келбет, мінсіз мүсінде емес екенін ұмытпағанымыз абзал.