Алматы музейінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Сыңғыр шолпы шашбаулым...» атты зергерлік әшекей бұйымдар көрмесі ашылды. Кез келген қыз-келіншек таққан әшекей бұйымдары, асыл тастары, онда бейнеленген ою-өрнек әсем келбетіне әдемі үн қосып, сымбатын одан әрі ажарландырып, тартымдылығын арттыра түседі. Бұл көрме – сұлулықтың нышаны болған ұлттық әшекейлерімізге арналған. Көрмеге ерте заманда жасалған бірнеше әшекей бұйымдар қойылды. Зергерлік өнер қазақ халқының ұлттық мәдениеті тарихында ерекше орын алады. Онда халықтың дүниетанымы, талғамы, көркемдік және материалдық құндылықтарының деңгейі көрінеді. Көрмеге қойылған экспонаттардан зергерлік бұйымдарды әшекейлеп дайындауда қолданылатын композициялық әдістер қазақ даласында ерте заманда-ақ қалыптасқанын байқауға болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, б.з.б. 1 мың жылдықтың бас кезінде Еуразия даласында қалыптасқан көркем қолөнер кәсібінің терең дамыған жүйесі болған. Оған дәлел – Қарғалы бойындағы обадан табылған үйсіндер заманына жататын алтын сырғалар мен сақиналар, Бурабай көлі маңынан табылған Ғұн дәуіріне жататын алтын әшекейлер. Келушілердің назарына ұсынылған композициялық орындалуы жағынан ерекше назар аударатын зергерлік бұйымдар сол дәуірдегі дала мәдениетінің рухын, ежелгі тұрғындардың наным–сенімдерін анық байқатады. Сонымен қатар жоғары деңгейдегі материалдық мәдениеттің дәлелі. Зергерлік өнер – тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті саласы. Зергер болу киелі де қасиетті өнер саналған. Зергерлердің аса көп жасайтын туындылары – әйелдердің әшекей бұйымдары. Олар көбінесе алтыннан, күмістен құйып, қақтап, соғып, небір тамаша өрнектер салып, асыл тас қондырып алуан түрлі әшекей бұйымдар жасаған. Алтын мен күміс әшекейлерге қондырылған асыл тастар адамдардың әлеуметтік статустарын айғақтайтын функция атқарып қана қоймай, олардың әрқайсысының бойтұмарлық сақтандыру қуаты да болды. Яғни адамдарды әртүрлі қауіп-қатерден, тіл-көзден, ауру-сырқаудан сақтайтын «жебеуші, қорғаушы тұмар» ретінде пайдаланылды. Көрмеде археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған әшекей бұйымдар, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдағы шеберлердің 50-ге жуық әйел әшекейі: өңіржиек, білезік, сырға, шекелік, шолпы, шашбау, жүзік, қапсырма, түйме, бойтұмар, алқаның түр-түрі ұсынылды.
Алматы