Бөрібасарларды бұрымдылар баптайды
Бөрібасарларды бұрымдылар баптайды
Төрт аяқты серіктеспен жұмыс істеу үшін темірдей төзім мен жоғары кәсіби шеберлік ауадай қажет. Ол болмаса қылмыскерді құрықтау мүмкін емес. Сүйіспеншілік пен сенімнің арқасында иісшіл иттерді тәртіпке бағындырып, ептілікке үйретіп жүргендердің қатарында қыз-келіншектер де көп. Кинологиялық қызмет орта­лығындағы иттердің көпшілігі неміс және бельгиялық шопан иттері. Төрт аяқтылар қыл­мыс­пен күресте құқық қорғау қыз­мет­керлерімен бірге қалтқысыз қыз­мет ету үшін иіспен жұмыс істеуге әбден машықтану керек. Әрбір иттің өз алдына қойған міндеті бар. Кинологияда иттерге иіс із­деуді үйрету үшін кино­логтер кри­миналистермен бір­ге тығыз жұмыс істейді. Кри­миналистер оқи­ға орнынан иіс шығарып, осында әкеледі. Ал иттердің міндеті – иістің иесін анықтау.

Қызметтегі адал жолдас

Полиция аға лейтенанты, ки­нолог Ақбота Еңсебаева Ирис, Лиза және Арабика атты үш бір­дей қызметтік итті баптайды. Ирис жарылғыш заттарды іздеуге епті болса, қалған екі иті одоро­логия саласында жұмыс істейді. Ирис пен Лиза – бельгия овчар­касы, Арабика – қазақы төбет. Он жылдан аса осы салада қызмет етіп келе жатқан Ақбота иттермен жұмыс істеу адамдарға қарағанда әлдеқайда оңайырақ екенін де айтады. «Бұл мамандыққа саналы түрде келдім. Шынын айтсам, ба­ла күнімнен жануарларды жақ­сы көремін. Жүрегімнің қалауын таңдадым. Итті үйрету оңай емес. Сондықтан да бұл мамандықты көп адам таңдай бермейді. Кез келген жұмыстың қиындығы бо­лады. Бірақ өз жұмысыңды жақсы көру қиындықты жеңілдетеріне сенемін. Кейде төрт ақтылармен жұмыс істеу адамдарға қарағанда әлдеқайда оңайырақ. Ит адамның досы ғана емес, қызметтегі адал жолдасы», – дейді ол. Кинология орталығының бас­қа да инспекторлары секілді Ақ­бота да полицияға дәлелдемелер іздеуге және қылмыстарды ашуға септігін тигізіп келеді. Ақбота Ең­себаеваның айтуынша, бель­гия­лық төбеттер энергияға толы. Олар үнемі жұмыс істеп жүруі керек екен. Мұндай жануарлармен жұмыс істеу өте қолайлы. Неміс төбеттері де шыдамды болып ке­леді және олар көбіне есірткі із­деуге епті. Соңғы жылдары кино­логия қызметінде қазақы төбет­терді де үйретіп жүрген Ақбота: «Қазақы төбеттердің есірткі зат­тарын және адам іздеуге бейімі бар. Бұл иттердің мінез-құлқы бірқалыпты және салмақты», – дейді. Инспектор-кинолог Ақбота Еңсебаева күн сайын қызметтік иттерін әртүрлі сынақтан өткізеді. Яғни, жануарлардың қажетті иісті дәл анықтауы үшін күнделікті жаттығулар жасатады. «Мысалы, криминалистер мәйіттің қасын­дағы пышақтан иісті зертханаға әкеледі. Сол иіс күдіктіге тиесілі екенін анықтауды төрт аяқты үй жануарларына тапсырамыз. Бұл жағдайда иттер детектор ретінде қызмет етеді», – дейді ол. бұрымдылар Қызметтік иттердің де күн тәр­тібі бар. Таңғы ас, түскі ас, кеш­кі ас, жаттығу және оқиға орнында жұмыс істеу тәртібін ешбір бұзуға болмайды. Бір қы­зығы, олар да кинология орта­лығына келгенде мінез-құлқына, белсенділігіне, қай әдісті үйретуге бейімділігі тексерілген соң ғана қайсы бөлімге баратыны анық­талады. Орталықта олардың таза­лығы, жаттығуы жан-жақты қа­дағаланады. Оқыту кейде ойын түрінде өтеді. Оның айтуынша, қызметтік иттер 8 жылға дейін қызмет етеді, кейде 10 жылға де­йін жұмыс істей алады. Сондай-ақ төрт аяқтылар кесте бойынша дәрумен қабылдайды.

Ақботаның ерлігі

Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Ақботаның қыз­меттік иттерге қылмыстық із­дестірудің қыр-сырын үйре­ту­ден бөлек ерлік іс жасағанын бі­реу білсе, біреу білмес. 2018 жылы ол жалынға оранған жер үйдің барлық мүшесін: 3 ересек адам мен 4 және 7 жастағы екі баланы ажалдан арашалап қалған еді. Кеш­кі 22.30-да отбасы мүшелері әрқайсысы өз ісімен шұғылданып отырған. Үлкен баласы сабақ қа­рап, қалғаны күнделікті істерімен айналысып жүрген. Өрттің тұтан­ғанын да ешкім білмеген. Ал қа­рама-қарсы үйде тұратын Ақбота көршісінің үйіндегі өртті алғаш болып байқайды. Ешбір ойлан­бастан күйеуімен бірге далаға жүгіріп шығып, өрт сөндірушілер келгенше жанып жатқан үйдің бұрышын өз бетімен сөндіруге кіріскен. Отқа оранған үйлеріне жөндеу жүргізгенше өз үйіне қон­дырып, қамқорлық танытыпты. Ерлігімен қатар қайы­рым­ды­лы­ғымен көршілерінің разылығын алған Ақбота және Хамит Еңсе­баевтар бүгінде үлгілі отбасы.

Жануарларға да сүйіспеншілік керек

Нұр-Сұлтан қаласының кино­логиялық қызмет орталығының кіші инспекторы Гүлнұр Асам­бай­дың Вайлд Хок Кесс атты қызметтік иті жарылғыш заттарды іздеу жөніндегі ведомствоаралық жарыста екінші орын алған. По­лиция сержантының да кино­логия орталығына келуіне жа­нуар­ларға деген сүйіспеншілігі түрт­кі болыпты. Хок Кесстен бас­қа оның қарауында қазір бель­гиялық Скай да бар. «Иттер де бала сияқты. Әрқайсысының өзін­дік қасиеті бар. Оларға да ерек­ше көңіл бөлу керексің. Жа­ңа нәрсені үйретіп, жаттығуға дайындау үшін де алдын ала көңіл күйін көтеріп, ішкі эмоциясын байқау керек», – дейді. Кинолог Гүлнұр Асамбай қыз­меттік иттерінің күтпеген нәти­желерге қол жеткізетінін мақта­ныш­пен айтады. «Алматыда өт­к­ен жарыста бөтен ортаға тез бе­йімделіп қана қоймай, біз жеке есепте екінші орынды және жа­рылғыш заттарды іздеу бойынша бірінші командалық орынды алдық. Әртүрлі бөлімнен келген 15 ер адам арасында жалғыз қыз болдым», – дейді ол. Сондай-ақ инс­пектор иісшіл иттерді тәр­тіпке үйрету үшін ерекше қарым-қатынас қажет екенін жеткізді. Төрт аяқтыны темірдей тәртіпке бағындырып жүрген бұрымдылар жануарларға да сүйіспеншілікпен қарау керек екенін жақсы біледі.