Төрт аяқты серіктеспен жұмыс істеу үшін темірдей төзім мен жоғары кәсіби шеберлік ауадай қажет. Ол болмаса қылмыскерді құрықтау мүмкін емес. Сүйіспеншілік пен сенімнің арқасында иісшіл иттерді тәртіпке бағындырып, ептілікке үйретіп жүргендердің қатарында қыз-келіншектер де көп. Кинологиялық қызмет орталығындағы иттердің көпшілігі неміс және бельгиялық шопан иттері. Төрт аяқтылар қылмыспен күресте құқық қорғау қызметкерлерімен бірге қалтқысыз қызмет ету үшін иіспен жұмыс істеуге әбден машықтану керек. Әрбір иттің өз алдына қойған міндеті бар. Кинологияда иттерге иіс іздеуді үйрету үшін кинологтер криминалистермен бірге тығыз жұмыс істейді. Криминалистер оқиға орнынан иіс шығарып, осында әкеледі. Ал иттердің міндеті – иістің иесін анықтау.
Қызметтегі адал жолдас
Полиция аға лейтенанты, кинолог Ақбота Еңсебаева Ирис, Лиза және Арабика атты үш бірдей қызметтік итті баптайды. Ирис жарылғыш заттарды іздеуге епті болса, қалған екі иті одорология саласында жұмыс істейді. Ирис пен Лиза – бельгия овчаркасы, Арабика – қазақы төбет. Он жылдан аса осы салада қызмет етіп келе жатқан Ақбота иттермен жұмыс істеу адамдарға қарағанда әлдеқайда оңайырақ екенін де айтады. «Бұл мамандыққа саналы түрде келдім. Шынын айтсам, бала күнімнен жануарларды жақсы көремін. Жүрегімнің қалауын таңдадым. Итті үйрету оңай емес. Сондықтан да бұл мамандықты көп адам таңдай бермейді. Кез келген жұмыстың қиындығы болады. Бірақ өз жұмысыңды жақсы көру қиындықты жеңілдетеріне сенемін. Кейде төрт ақтылармен жұмыс істеу адамдарға қарағанда әлдеқайда оңайырақ. Ит адамның досы ғана емес, қызметтегі адал жолдасы», – дейді ол. Кинология орталығының басқа да инспекторлары секілді Ақбота да полицияға дәлелдемелер іздеуге және қылмыстарды ашуға септігін тигізіп келеді. Ақбота Еңсебаеваның айтуынша, бельгиялық төбеттер энергияға толы. Олар үнемі жұмыс істеп жүруі керек екен. Мұндай жануарлармен жұмыс істеу өте қолайлы. Неміс төбеттері де шыдамды болып келеді және олар көбіне есірткі іздеуге епті. Соңғы жылдары кинология қызметінде қазақы төбеттерді де үйретіп жүрген Ақбота: «Қазақы төбеттердің есірткі заттарын және адам іздеуге бейімі бар. Бұл иттердің мінез-құлқы бірқалыпты және салмақты», – дейді. Инспектор-кинолог Ақбота Еңсебаева күн сайын қызметтік иттерін әртүрлі сынақтан өткізеді. Яғни, жануарлардың қажетті иісті дәл анықтауы үшін күнделікті жаттығулар жасатады. «Мысалы, криминалистер мәйіттің қасындағы пышақтан иісті зертханаға әкеледі. Сол иіс күдіктіге тиесілі екенін анықтауды төрт аяқты үй жануарларына тапсырамыз. Бұл жағдайда иттер детектор ретінде қызмет етеді», – дейді ол.Ақботаның ерлігі
Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Ақботаның қызметтік иттерге қылмыстық іздестірудің қыр-сырын үйретуден бөлек ерлік іс жасағанын біреу білсе, біреу білмес. 2018 жылы ол жалынға оранған жер үйдің барлық мүшесін: 3 ересек адам мен 4 және 7 жастағы екі баланы ажалдан арашалап қалған еді. Кешкі 22.30-да отбасы мүшелері әрқайсысы өз ісімен шұғылданып отырған. Үлкен баласы сабақ қарап, қалғаны күнделікті істерімен айналысып жүрген. Өрттің тұтанғанын да ешкім білмеген. Ал қарама-қарсы үйде тұратын Ақбота көршісінің үйіндегі өртті алғаш болып байқайды. Ешбір ойланбастан күйеуімен бірге далаға жүгіріп шығып, өрт сөндірушілер келгенше жанып жатқан үйдің бұрышын өз бетімен сөндіруге кіріскен. Отқа оранған үйлеріне жөндеу жүргізгенше өз үйіне қондырып, қамқорлық танытыпты. Ерлігімен қатар қайырымдылығымен көршілерінің разылығын алған Ақбота және Хамит Еңсебаевтар бүгінде үлгілі отбасы.Жануарларға да сүйіспеншілік керек
Нұр-Сұлтан қаласының кинологиялық қызмет орталығының кіші инспекторы Гүлнұр Асамбайдың Вайлд Хок Кесс атты қызметтік иті жарылғыш заттарды іздеу жөніндегі ведомствоаралық жарыста екінші орын алған. Полиция сержантының да кинология орталығына келуіне жануарларға деген сүйіспеншілігі түрткі болыпты. Хок Кесстен басқа оның қарауында қазір бельгиялық Скай да бар. «Иттер де бала сияқты. Әрқайсысының өзіндік қасиеті бар. Оларға да ерекше көңіл бөлу керексің. Жаңа нәрсені үйретіп, жаттығуға дайындау үшін де алдын ала көңіл күйін көтеріп, ішкі эмоциясын байқау керек», – дейді. Кинолог Гүлнұр Асамбай қызметтік иттерінің күтпеген нәтижелерге қол жеткізетінін мақтанышпен айтады. «Алматыда өткен жарыста бөтен ортаға тез бейімделіп қана қоймай, біз жеке есепте екінші орынды және жарылғыш заттарды іздеу бойынша бірінші командалық орынды алдық. Әртүрлі бөлімнен келген 15 ер адам арасында жалғыз қыз болдым», – дейді ол. Сондай-ақ инспектор иісшіл иттерді тәртіпке үйрету үшін ерекше қарым-қатынас қажет екенін жеткізді. Төрт аяқтыны темірдей тәртіпке бағындырып жүрген бұрымдылар жануарларға да сүйіспеншілікпен қарау керек екенін жақсы біледі.