Мақтааралда мүмкіндік мол
Мақтааралда мүмкіндік мол
182
оқылды
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қалаларға жұмыс сапарында жергілікті ақсақалдармен, тұр­ғындармен кездесіп, ер­кін пікір алмасуды әдетке ай­­нал­дырған. Бұл жолы «AMANAT» партиясының Мақтаарал ау­дандық филиалында мақта­арал­дықтармен арнайы кез­десіп, олардың өтініші мен ұсынысын тыңдады. Облыс басшысы қазір жер­гілікті әкімдердің алдында тұрған ең басты міндет жұмыс орын­дарын ашып, тұрғындарды жұ­мыспен қамту екенін айтты. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге барлық аудан, қалаға барып, тұрғындармен кездесіп, ашық әң­гімелесуді тапсырды. Бұл ай­мақты өте жақсы білемін. Су тас­қыны болған кезде әр апта сайын осында келіп жүрдік. Әр көшесін білемін деп айтсам болады. Үлкен жұмыс­тар атқарылды. Барлық бағытта жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен шешілмеген мәселелер де бар. Біз осыған байланысты Мақтаарал ауданы басшылығын шақырып, Түркістанда мәселе­лерді егжей-тегжейлі талқыладық. Артынша өздеріңізбен кездесіп, мәселенің мән-жайына көз жет­кізу үшін келіп отырмыз. Аудан­ның қойып отырған біраз жобасы бар. Мектеп салу, кәріз жүйелерін жасау, тұрғын үй салу, жолдарды түзету бойынша ұсыныстар айтылды. Әрбір ай­тыл­ған ұсыныс зерделеніп, халыққа нақты ма­ңыз­дылары және жұмыс орнын мо­лайтатын жобаларға көмек­те­се­міз. Әрбір аудан әкіміне жұмыс орындарын көбейту мін­детін жүктеп отырмыз, – деген Өмірзақ Шөкеев Мақтааралда ауыл ша­руа­шылығының әлеуеті өте зор екеніне де тоқталды. Бүгінде Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны жақсы. Әйтсе де, бұл бағытта жұмысты күшейте түсу керек. Өңір басшысы бұл мә­­селеге де арнайы тоқталды. – Сіздермен кездесу алдында ірі жылыжайдың жұмысымен таныстым. Ол шаруа өз отбасымен қатар бірнеше отбасын жұмыспен қамтып отыр. Осы бағытта жұмыс атқару қажет. Әр үйдің іргесінде жер бар. Соларды тиімді пайда­лану керек. Бүгін осы және өзге де мәселелерді сіздермен ақыл­дасу үшін арнайы келдік. Мақта­арал ауданына соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде қолдау көр­сетіліп, қаржы құйылды. Ау­дан орталығы бұрынғыдай емес, орталыққа ұқсап келеді. Әлі де тиімді жобаларға қолдау көрсету жалғасады, – деген Ө.Шөкеев тұрғындардың ұсыныстарын тың­дап, сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар әкім орын­басарлары мен басқарма басшы­лары да тұрғындардың әрбір өті­нішін тыңдады. Олар хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізіледі.