«AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесі мен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, мәслихат депутаттары М.Бердалиевтің, Н.Әбілдаевтың қатысуымен №15 шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына қоғамдық бақылау жүргізілді. Қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында биыл 42 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар жалпы пәтер саны 2 440 болатын 36 несиеге берілетін тұрғын үй және 380 пәтерлік 6 жалдамалы тұрғын үй. Аталған ғимараттардың ішінде №15 шағынауданда орналасқан 14 тұрғын үйдің құрылысын «БИНОМ» ЖШС жүргізеді. Партия филиалы жанындағы кеңес мүшелері қоғамдық бақылау жүргізу барысында осы шағынаудандағы №44 участоктегі «БИНОМ» ЖШС жүргізіп жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Учаскеде салынып жатқан бес үйдің әрқайсысының көлемі 3 128 шаршы метрді құрайды. Қазір тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының атқарылуы №1 белгі бойынша – 40, №2 белгі бойынша – 20, №3 белгі бойынша – 70, №4 белгі бойынша – 20, №5 белгі бойынша 20 пайызды құрайды. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында басталған, 2022 жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қоғамдық бақылау жүргізу барысында құрылыс жұмыстарының сапасына байланысты мердігерге бірқатар ұсыныс айтылып, алдағы уақытта да бақылау жұмыстарының тұрақты түрде жүргізіле беретіні ескертілді.