ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ
«Біздің бизнеске пандемия кезінде қабылданған шектеулер мен демалыс күнгі локдаун көп қауіп төндірді. Әрине, біздің барлығымызда осы шектеулерге байланысты сатылмай қалған тауар жетерлік. Осылайша, шатқаяқтап тұрған кезде міндетті таңбалау туралы талап жығылғанға жұдырық болды. Дәл бұған біз материалдық жағынан да, физикалық жағынан да дайын емеспіз. Пандемия кезінде бізде табыс болмады, ал шығындарымыз шаш етектен: сауда алаңын жалдау ақысы, коммуналдық төлемдер, салық, жұмыскерлердің еңбекақысы, тағысын тағылар. Көпшілігіміз жалдамалы қызметкерлердің қызметінен бас тартуға, кейін бутиктерімізді жабуға не санын қысқартуға мәжбүр болдық. Осының бәрі біздің бойымызға үрей ұялатады. Кәсіпкерлердің көбінің беті қайтып, бизнестен бас тартып жатыр. Енді осындай жағдайда біз қалайша таңбалаумен айналыса аламыз?» – деген жанайқайын жеткізді жеке кәсіпкер Ангелина Турманаули. Бөлшек сауда кәсіпкерлері жүргізген есептеулер айтарлықтай шығындардың қажет екенін көрсетті. Мәселен, әр сауда нүктесіне 2D сканерін немесе смартфон, принтері бар компьютер, кассалық аппаратты сатып алу немесе мүмкін болса, қолда барын қайта бағдарламалау қажет. Өзге де шығындар қосылуы мүмкін. Аяқкиімді міндетті таңбалау енгізілгелі кәсіпкерлердің көбі өз бутиктерінің біразын жауып, санын азайтуға кірісіпті. Себебі қаптаған аяқкиім қалдықтарын бір адамның таңбалап шығуы мүмкін емес, ал қосымша қызметкер жалдау тиімсіз. Сондықтан қазір кәсіпкерлер сауда-саттықпен айналысайық па, әлде таңбалаумен отырайық па деп шақшадай бастары шарадай болған. Көптеген кәсіпкер өз бизнестерін 90-жылдары бастағанын ескерсек, бүгінде жастары 50-ден асқан адамдар – өз саласының білікті мамандары. Енді осы жасқа келгенде олар цифрландыруға байланысты өздеріне тән емес ерекше функцияларды орындауға мәжбүр екенін айтып шағымдануда. Оның үстіне, цифрландыру тиісінше жолға қойылмаған.ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕ ЖЕТІЛДІРІЛМЕГЕН
«Бірыңғай оператор («Қазақтелеком» АҚ) өкілдерінің тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінің дайын деген мәлімдемелеріне қарамастан, сайтпен практикалық жұмыс оның іс жүзінде шалағай екенін көрсетті. Тауар карталарын жүктеу және өңдеу үшін бір параққа 10 минутқа дейін уақыт шығындау қажет. Жүйеден алынған таңбалау кодтарының он пайыздан астамы оқылмайтын болып шықты. Сондай-ақ қалдықтарды жеңілдетілген таңбалау бойынша функционал әлі күнге дейін толық іске асырылмаған. Ал таңбаланбаған аяқкиімді өткізуге бөлінген мерзім шектеулі, яғни биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін ғана», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов. 2021 жылғы тамыздан бастап кәсіпкерлер палатасы таңбалауға қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін біршама кездесу мен семинар өткізген екен. Олардың қорытындысы бойынша түрлі мекемеге, соның ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, Қазақстандағы таңбалаудың бірыңғай операторы «Қазақтелеком» АҚ еншілес кәсіпорны «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС-ына, «AMANAT», «Ақ жол» партияларына, «Атамекеннің» орталық аппаратына және тағы басқа хат жолдаған болатын. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің бастамасымен республикалық деңгейде «AMANAT», «Ақ жол» партияларының алаңында Қазақстанның барлық өңірінен бизнес субъектілерінің қатысуымен онлайн кездесулер ұйымдастырылды. «Карантинге байланысты сауда нүктесінің аумағына қарай адам санына шектеу қойылатынын атап өткім келеді. Әдетте бір сатушы және бір сатып алушының ғана болуына рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда тауар қалдықтарын таңбалау қиын. Сонымен қатар Ресей Федерациясынан таңбаланған аяқкиім импортталатынына қарамастан, олардың кодтары ЕАЭО ішінде тауарлардың еркін қозғалысы туралы көптеген құқықтық актіге қарамастан, Қазақстанда жарамсыз болады. Бұдан өзге де түйткілдер жетерлік. Таңбалау бөлшек аяқкиім сатушыларға жеңілдетілген салық салуға сәйкестендірілмеген. Мұның бәрі тауарлардың қымбаттай түсуіне және көптеген шағын бизнес нысанының жабылуына әкеліп соқтыратыны түсінікті», – деп қорытындылаған Әлібек Әшметов бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлерді толғымен қолдайтынын жеткізді.Солтүстік Қазақстан облысы