Кәсіпкерлер таңбалау талаптарына қарсы

Кәсіпкерлер таңбалау талаптарына қарсы

Солтүстік Қазақстан облысында аяқкиімнің бөлшек саудасымен айналысатын кәсіпкерлер оны таңбалауға қарсылық білдірді. Олардың пікірінше, тауарды таңбалау туралы талап экспортпен айналысатын көтерме саудагерлер мен өндірушілер үшін ғана міндетті болуы тиіс. Соның салдарынан көпшілігі бизнестен бас тартып, бутиктерін жауып тынуға мәжбүр. Себебі тауарын таңбалау үшін кәсіпкер әр сауда нүктесіне қосымша бір миллион теңге шығындауы тиіс. Қазақстанда былтырғы жылдың 1 қарашасынан бастап аяқкиім өнімдерін міндетті таңбалау енгізілген. Бұл бастама нарықты контрафактілік өнімдерден тазартып, ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс деп күтілген еді. Шенеуніктер өз есебінше, тауар өндірушілер мен импорттаушылар аса шығынға батпайды деп шешкен-тін. Тығырыққа тіреліп отырған бөлшек сауда өкілдері. Олар тауар таңбаламай, тек цифрлық кодты тексеруі тиіс еді. Айта кету керек, қанатқақты жоба коронавирус инфекциясына байланысты жарияланған карантин кезінде жүзеге асырылды. Бұл жобаға осы уақытқа дейін аты аталмаған бір ғана аяқкиім сатушысы қатысты. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметовтің айтуынша, «Атамекеннің» сауда және шағын бизнесті дамыту департаменті осы қанатқақты жобаның қорытындысы шығарылған кезде реттеушілік әсерді талдаудың теріс қорытындысын берген екен. Соған қарамастан Үкіметтің «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» қаулысы қабылданып, заңды күшіне енді. 1 сәуірге дейін сатушылар барлық аяқкиімді таңбалауды аяқтауы тиіс. Осы мерзімнің аяқталуына санаулы ғана күндер қалған кезде олар міндетті таңбалаудың күшін жоюды өтініп, кәсіпкерлер палатасына жүгінді. «Кәсіпкерлер палатасына міндетті таңбалауды енгізумен келіспеген аяқкиім өнімдерін бөлшек сатушылардан өтініштер толассыз түсіп жатыр. Біз аяқкиімді міндетті таңбалауды алып тастау және оны бөлшек сауда өкілдері үшін айналымнан шығару туралы бизнестің ұстанымын толық қолдаймыз», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов. Кәсіпкерлер палатасының директоры атап өткеніндей, аяқкиімді бөлшек саудалайтын жеке кәсіпкер көбіне-көп өзі сатушы, өзі маркетолог, өзі жүк тасушы болып істейді. Оның үстіне, бұл кәсіппен айналысатындардың басым бөлігі – әйелдер. Нәзік жандар үшін таңбалау шараларын өткізу кәдімгідей ауыртпалыққа айналып отыр.

ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ

«Біздің бизнеске пандемия кезінде қабылданған шектеулер мен демалыс күнгі локдаун көп қауіп төндірді. Әрине, біздің барлығымызда осы шектеулерге байланысты сатылмай қалған тауар жетерлік. Осылайша, шатқаяқтап тұрған кезде міндетті таңбалау туралы талап жығылғанға жұдырық болды. Дәл бұған біз материалдық жағынан да, физикалық жағынан да дайын емеспіз. Пандемия кезінде бізде табыс болмады, ал шығындарымыз шаш етектен: сауда алаңын жалдау ақысы, коммуналдық төлемдер, салық, жұмыскерлердің еңбекақысы, тағысын тағылар. Көпшілігіміз жалдамалы қызметкерлердің қызметінен бас тартуға, кейін бутиктерімізді жабуға не санын қысқартуға мәжбүр болдық. Осының бәрі біздің бойымызға үрей ұялатады. Кәсіпкерлердің көбінің беті қайтып, бизнестен бас тартып жатыр. Енді осындай жағдайда біз қалайша таңбалаумен айналыса аламыз?» – деген жанайқайын жеткізді жеке кәсіпкер Ангелина Турманаули. Бөлшек сауда кәсіпкерлері жүргізген есептеулер айтарлықтай шығындардың қажет екенін көрсетті. Мәселен, әр сауда нүктесіне 2D сканерін немесе смартфон, принтері бар компьютер, кассалық аппаратты сатып алу немесе мүмкін болса, қолда барын қайта бағдарламалау қажет. Өзге де шығындар қосылуы мүмкін. Аяқкиімді міндетті таңбалау енгізілгелі кәсіпкерлердің көбі өз бутиктерінің біразын жауып, санын азайтуға кірісіпті. Себебі қаптаған аяқкиім қалдықтарын бір адамның таңбалап шығуы мүмкін емес, ал қосымша қызметкер жалдау тиімсіз. Сондықтан қазір кәсіпкерлер сауда-саттықпен айналысайық па, әлде таңбалаумен отырайық па деп шақшадай бастары шарадай болған. Көптеген кәсіпкер өз бизнестерін 90-жылдары бастағанын ескерсек, бүгінде жастары 50-ден асқан адамдар – өз саласының білікті мамандары. Енді осы жасқа келгенде олар цифрландыруға байланысты өздеріне тән емес ерекше функцияларды орындауға мәжбүр екенін айтып шағымдануда. Оның үстіне, цифрландыру тиісінше жолға қойылмаған.

ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕ ЖЕТІЛДІРІЛМЕГЕН

«Бірыңғай оператор («Қазақтелеком» АҚ) өкілдерінің тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінің дайын деген мәлімдемелеріне қарамастан, сайтпен практикалық жұмыс оның іс жүзінде шалағай екенін көрсетті. Тауар карталарын жүктеу және өңдеу үшін бір параққа 10 минутқа дейін уақыт шығындау қажет. Жүйеден алынған таңбалау кодтарының он пайыздан астамы оқылмайтын болып шықты. Сондай-ақ қалдықтарды жеңілдетілген таңбалау бойынша функционал әлі күнге дейін толық іске асырылмаған. Ал таңбаланбаған аяқкиімді өткізуге бөлінген мерзім шектеулі, яғни биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін ғана», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов. 2021 жылғы тамыздан бастап кәсіпкерлер палатасы таңбалауға қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін біршама кездесу мен семинар өткізген екен. Олардың қорытындысы бойынша түрлі мекемеге, соның ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, Қазақстандағы таңбалаудың бірыңғай операторы «Қазақтелеком» АҚ еншілес кәсіпорны «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС-ына, «AMANAT», «Ақ жол» партияларына, «Атамекеннің» орталық аппаратына және тағы басқа хат жолдаған болатын. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің бастамасымен республикалық деңгейде «AMANAT», «Ақ жол» партияларының алаңында Қазақстанның барлық өңірінен бизнес субъектілерінің қатысуымен онлайн кездесулер ұйымдастырылды. «Карантинге байланысты сауда нүктесінің аумағына қарай адам санына шектеу қойылатынын атап өткім келеді. Әдетте бір сатушы және бір сатып алушының ғана болуына рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда тауар қалдықтарын таңбалау қиын. Сонымен қатар Ресей Федерациясынан таңбаланған аяқкиім импортталатынына қарамастан, олардың кодтары ЕАЭО ішінде тауарлардың еркін қозғалысы туралы көптеген құ­қықтық актіге қарамастан, Қазақстанда жарамсыз болады. Бұдан өзге де түйткілдер жетерлік. Таңбалау бөлшек аяқкиім сатушыларға жеңілдетілген салық салуға сәйкестендірілмеген. Мұның бәрі тауарлардың қымбаттай түсуіне және көптеген шағын бизнес нысанының жабылуына әкеліп соқтыратыны түсінікті», – деп қорытындылаған Әлі­бек Әшметов бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлерді толғымен қолдайтынын жеткізді.

Солтүстік Қазақстан облысы