Санкция цифрландыруға соққы бере ме?
Санкция цифрландыруға соққы бере ме?
526
оқылды
Осыдан 16 жыл бұрын қазақ елі цифрлық даму жолына түсті: 2006 жылы «элек­­трон­ды үкімет» порталы құрылды. 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасы қа­былданды. Содан бері оған жүздеген миллиард ел қаржысы шығындалды. Оның не қайтарымы болды? Цифрландыру дегенде осы жылдары кеңжолақты интернетке ауыл-аймақ тегіс қол жеткізбеді. Ал экономика қаншалықты цифрланды? Жаңа жағ­дайда, Батыс елдерінің Ресейге алапат санкциялары аясында осы сала қалай өркендемек?

Интернеті барлар үйде отырады

Алматы облысы Қарасай ауда­нының «Рахат-1» кентінің тұрғы­ны Нұрлан өздерінің әлі күнге интернетке жарымағанына ша­ғым­данады: «Әрине, кейбір жерде интернетке шығуға болады, бірақ жылдамдығы өте төмен. Beeline-ның базалық стансасы орна­ты­лып, соны барлық оператор бір­лесе пайдаланады деген. Ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері әлденеше рет жоғары жаққа арыз­данды. Нәтиже шықпады. Жасы­ратыны жоқ, Алматыдағы қаңтар оқиғаларына біздің және айнала­мыздағы елді мекендердің тұр­ғын­дары белсенді қатысты. Халық ашынып бітті. Әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайдың жасалмағаны және цифрлық теңсіздік – жұрт­шылықтың наразылығына себеп. Биліктен проблемамызға назар аударып, базалық стансаны ор­на­туды және 4G протоколы бойын­ша интернетке қол жеткізуге мүм­кіндік беруді сұраймыз», – дейді кент тұрғындары атынан Нұрлан. Түркістандық Сәбитжан Сай­лауұлы да дәл Арыс қаласының іргесіндегі Тоғансай, Бақырша, Ақтас, 42-разъезд және басқа да ауылдар ұялы байланыспен мүл­дем қамтылмағанын, интернет же­лісіне қосылмағанын айтады. «Медициналық жәрдем қажет бола қалса, ұрлық, төтенше жағ­дай болса, құзырлы органдармен байланысуымызға мүмкіндік жоқ. Елде болған карантин шектеулері кезінде балаларымыз қашықтан білім ала алмады. Әрі қазіргі за­манда ұшқыр интернет болмаса, бала қалай сапалы білім алады? Ересектер де өзекті, қажетті ақпа­раттар ала алмай отыр. Сол се­бепті биліктен біздің елді ме­кен­дерді ұялы байланыс оператор­ларына қосуды, жоғары жылдам­дықты интернетпен қамтуды өті­неміз», – дейді ол. Мұндай талап-тілектер өте көп. Себебі интернеті болмай, «ақ­параттық блокадада» отырған елді мекендер жетерлік. Ресми дерек бойынша, Қазақ­стандағы барлық 6 459 елді ме­кеннің ішінде 2021 жылғы жағ­дай бойынша 5 214 ауыл, 88 қала және 30 қалалық үлгідегі кент интер­нет­пен қамтамасыз етіліпті. 127 мыңнан астам адам тұратын 1 100-ден астам ауыл интернетсіз қалды. Бұл жерде сапа мәселесін айтудың өзі ұят: тіпті ірі мега­по­листеріміздің өзінде интернеттің жылдамдығы тым баяу.

«Цифрлық Қазақстанға» қанша шығындалды?

Назарбаев зияткерлік мектебі­нің 12-сынып оқушысы Жәнібек Қоңырғазин Цифрлық даму, ин­но­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағдат Му­синге: «Қазақстандағы цифрлан­ды­ру саясатына бөлінген қаржы мөлшері қанша және ол қайда жұмсалды? Мемлекеттен бөлінген қаржының қанша бөлігі жем­қор­лық әсерінен шығынға кетті? Ұр­­ланған қаржы мөлшері цифр­ландыру саясатын қаншалықты тежетті?» деп төтесінен сұрақ қойған болатын. Министрдің айтуынша, елі­міз­де «Цифрлық Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасын Үкімет 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827 қаулысымен бекітті. Бірақ оны жүзеге асыру 2018 жылы басталды. – Мембағдарламаны іске асы­ру нәтижесі бойынша 2018-2020 жылдар кезеңінде 51,2 миллиард теңге игерілді. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган ре­тінде біздің министрлік 2020 жы­лы меморгандардың ақпараттық жүйелерін құруға және сүйемел­деуге тағы 24 миллиард теңгеден астам қаражатқа қолдау көрсетті. Бұған қоса, 2021 жылы 28 мил­лиард теңгеден астам сомаға қол­дау көрсетілді, – деді Б.Мусин. Сарапшылар бұл ақпаратқа сенбейді. Осының алдында ашық ақпарат көздерінде «Қазақ­теле­ком» және «Транстелеком» 2018-2031 жылдар аралығын қамтитын, алыс ауылдарды интернетпен қам­тамасыз ету бойынша МЖӘ жобаны жүзеге асырып жатқаны хабарланды: бұл жобаның жалпы сомасы шамамен 140 миллиард теңгеге түсетін көрінеді. Бұдан бөлек, 2020 жылы Мә­жі­лістегі Үкімет сағатында «Цифр­­лық Қазақстан» бағдар­ла­ма­сына меморгандардың 371 мил­лиард тең­ге жұмсағаны жария етілді. [caption id="attachment_187440" align="alignleft" width="1200"]цифрландыру © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Қалай болғанда, цифрлан­ды­руға бағытталған қаржы ағыны мұнымен таусылмайды және алда тек арта бермек. «Ел Үкіметінің 2021 жылы 12 қазандағы №727 қаулысымен «Цифр­ландыру, ғылым және ин­но­вациялар есебінен техно­логия­лық серпіліс» ұлттық жобасы қа­­былданды. Ұлттық жоба 2 блок­тан тұрады: цифрлық транс­формация және ғылымды да­мыту. Цифрлық трансформация блогы 184 іс-ша­раны қамтиды: олар­ды іске асы­руға республи­ка­лық бюджеттен 614,5 миллиард теңге көзделген. Мұның сыртын­да басқа көздер­ден, заңмен ты­йым салынбаған өзге де қара­жат­тар тартылады. Ұлт­тық жобаның іске асыру мер­зімі 2021-2025 жыл­дар аралығы», – деді Цифр­лық даму министрі. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен техно­ло­гиялық серпіліс» ұлттық жоба­сын­да оны іске асыру үшін қа­жет­ті қаржыландыру көлемі 2 трлн 255 млрд 900,3 млн теңгені құрай­тыны көрсетілген. Б.Мусин елді цифрландыру барысында қанша қаражаттың босқа талан-тараж етілгені туралы ақпараттың өзінде жоқ екенін жет­кізді: «Бұл мәселе Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің құзыретіне кіре­тін­дік­тен, бұл ақпаратты ұсыну мүм­кін болмай тұр». Жалпы, «Цифрлық Қазақ­стан» жобасы айналасында даулар дүркін-дүркін бой көрсетіп тұра­ды. Мысалы, 2019 жылы Есеп ко­­­митеті дәл осы мембағдарла­ма­ның іс-шаралары толыққанды жү­­зеге асырылмағанын, көзбояу­шылық көп екенін әшкереледі. «Білім және ғылым министрлігі әзірлеген, жалпы құны 35 мил­лиард теңгені құраған е-learning электронды оқыту жүйесі қолда­ныс­қа сол бойы қабылданба­ған», – деп құлағдар етті Есеп ко­митеті. Бұл үшін ешкім жаза­лан­ба­ды. Мектептер бүгінде жеке­мен­­шік ком­паниялардың ақылы білім плат­формаларын пайдаланады.

Санкциялар «санды секторды» сансырата ма?

Цифрлық Қазақстан дегені­міз – интернет пен электронды оқы­ту ғана емес. Ол өнеркәсіпті де қамтиды. Мысалы, мембағдар­ламада өңдеуші және тау-кен өн­діруші өнеркәсіпте модельді цифр­лық фабрикалар құру бо­йын­ша пилоттық жобалар жүзеге асырылатыны айтылған. «Фабри­ка» деп шартты аталған осы кә­сіпорында Индустрия 4.0 техноло­гиялары енгізілетіні және олар өзге кәсіпорындарға «цифрлық технологияларды өндіріске енгі­зудің тиімділігін паш етуге» қыз­мет ететіні хабарланды. Осы орайда жуырда «Қазмы­рыш» (Kazzinc) тау-кен металлур­гиялық корпорациясы акция­сы­ның 69,7 пайызына ие швейцария­лық Glencore Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Тишин кеніші 2023 жылы жабылатынын жариялады. Риддер қаласынан оң­түстікке қарай, 15 шақырым жерде орналасқан бұл кеніш – елі­міздегі ең жоғары цифрлан­ды­рылған, автоматтандырылған кен орны. Іnbusiness.kz агенттігінің дерегінше, Тишин кеніші – негізгі тау-кен жұмыстары адамсыз, өздігінен жүретін шахталық ма­шиналармен жүзеге асырылатын Қазақстандағы тұңғыш кеніш. Онда шахталық суларды сыртқа сорып шығару, кенді көтеру, кен көтеруші құрылғыны және доза­торлық камераны басқару схе­­ма­лары және басқа процестер то­лық автоматтандырылған. Кен­ді Mettler Tolledo құрылғысы сырт­қа та­сымалдайды, ол тіпті ва­гонет­ка­лардың салмағын қоз­ғалыс кезінде өлшеуге мүмкіндік береді. Жерасты «үңгірлерін» тор­крет-бе­тонмен нығайту ісі өзді­гінен жү­ретін тау-шахталық ма­шиналар кешеніне жүктелген, бұл бір жа­ғы­нан еңбек өнімділігін арт­тыр­ды, екінші жағынан адам­дардың басын бәйгеге тігуден құтқарды. Бұр­ғылау да 90 пайызға дейін авто­маттандырылған. Glencore осы автоматикамен, роботтармен, пилотсыз жүретін машиналармен «мұздай қару­лан­ған» кенішті не үшін жабатынын түсіндірмеді. Сарапшылар компа­нияның әлемдегі жобаларын оң­тайландырып, өндірісі мен табыс­ты­лығы азайған кеніштерін жа­уып жатқанына назар аудартады. Сарапшылар Ресей-Украина арасындағы соғыс және дамыған елдердің солтүстік көршіге теңдесі жоқ санкциялары «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалуына да кері ықпал етуі мүмкін деген пікір айта бастады. «Өткен жылы қызылкеңірдек айтыс-тартысқа себеп болған жо­ба – eGov порталын Сбердің тұ­ғырнамасына көшіруден Үкімет ресми бас тартқан жоқ. Бірақ мұн­дай жобалар енді белгісіз уа­қытқа кейінге шегерілуі тиіс. Өйт­кені ресейлік өнімдерге санк­циялық қысым күшеюде, егер Сберге көшірсе, Қазақстанның «электронды үкіметіне», тиісінше ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнбек. Ал технология мәселесіне келсек, бұл жөнінен қиындықтан шығар жол бар. Бүгінде көрші Қытай әлемдегі кез келген технология­ның көшірмесін түзді, оның бәрі сапалы емес, бірақ кәсіпорын­дар­дың жұмыс істеуіне, тіпті дамуына жарайды», – дейді ІТ маманы, техникалық менеджер Руслан Төлеужан. Қазақстанда тұрмыстық тех­ника дүкендері жоғары техноло­гиялы техникаларға, әсіресе ком­пьютерлер мен ноутбуктерге ба­ғаны 30 пайызға дейін көтеріп жіберді. Сарапшының айтуынша, бұл – валюта бағамының жо­ға­рылауына қатысты спекуляция. Шынында, елде дәл осы техникаға тапшылық тумауы тиіс: олардың басым көпшілігі де Қытайдан әке­лінеді. Бұл ел ешқандай санкцияға іліккен жоқ.