Мемлекет басшысының Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы осыған саяды. Президент пәрменімен алдағы барлық деңгейдегі әкімдер халықпен жүйелі байланысты жолға қоймақ. Осылайша, әкімқаралар тұрғындардың әрбір уәжіне құлақ түріп, жергілікті жердегі мәселеге тереңнен үңілуге ниетті. Бір сөзбен айтқанда, қоғамда қызу талқыланып жатқан құжат әкімдіктердің қызметіндегі көп өзгеріске жол ашқалы тұр.
Кездесулердің форматы өзгереді
Жаңа Жарлыққа сай облыс және республикалық маңызға ие қалалардың әкімдері әр 6 ай сайын халыққа атқарылған жұмыстың есебін беріп, тұрғындарды толғандырған мәселелермен жақын танысуға міндетті. Әрі мұндай жиындар көшпелі форматқа ие болып, өңірдегі барлық аудандар мен қалаларды қамтуы керек. Алып шаһардың әкімдері де аудан тұрғындарымен тоқсанына бір рет дидарласады. Одан бөлек, халық талап етсе, әкімдер күнтізбеден тыс кездесулер де ұйымдастырылады. Техникалық мүмкіндікке сай мұндай басқосуларды онлайн режимде де өткізуге болады. Демек, өңір басшысының қабылдауында болу үшін айлап кезек күтудің қажеті жоқ. Ал халықпен кездесулердің жаңашылдық ретінде әкімдіктердің нақты мәселелерге ден қоюын айтуға болады. Яғни, әкімдер бұрынғыдай ұзын сонар баяндама оқып, жұртты мезі етпейді. Тек өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне азғана уақыт шолу жасап өтеді. Мәселен, 2 сағатқа жоспарланған кездесудің 30 минуты ғана әкімнің баяндамасына арналуы керек. Қалған уақытта тұрғындар өңір басшысына көкейде жүрген сауалдарын жолдап, нақты жауап алады. Жергілікті жердегі өзекті мәселелермен кездесуге дейін арнайы комиссия танысып шығады. Кейін бұл мәселелерді шешудің алгоритмі жасалып, ол БАҚ, әлеуметтік желі арқылы халыққа таныстырылады. Халықпен кездесуден кейін әкімдер жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшыларымен, мәслихат депутаттарымен бірігіп, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдайды. Айтпақшы, Жарлықта әкімнің халықпен кездесуіне қатысушылардың аудиториясына байланысты да нақты нұсқау бар. Алдағы уақытта есепті басқосуларда залды бұрынғыдай басшының әр сөзіне бас шұлғып отыратын мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері ғана толтырмайды. Аудиторияның негізгі бөлігін мәслихат депутаттары, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен оппозиция өкілдері құрайды. Осылайша, әкімдер халыққа бір табан жақын болып, жергілікті тұрғындарға 6 айда бір «емтихан» тапсырып тұрмақ. Ал бұл тәжірибенің билік пен бұқара арасында берік байланыс орнатудағы тиімділігін уақыт көрсетер. Дегенмен соңғы оқиғалар жергілікті әкімдік пен халық арасында диалог алаңының жоқтығын аңғартты. Демек, әкімдердің халыққа жақын болуының берері мол болғалы тұр. Шынында, бізде 2005 жылдан бері облыс және республикалық маңызға ие қала әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері өткізіліп келеді. Әйтсе де, жылына 1 рет ұйымдастырылатын бұл жиынның алдын ала дайындалатын «сценариймен» өтетіні де көпшілікке мәлім. Жиынға «сүзгіден» өткен сұрақтарды қоятындардың қатысатыны да жиі сын тезіне алынатын. 2013 жылы енгізілген өзгеріске байланысты ауыл әкімінің есебіне аудан әкімі, аудан әкімінің есебіне облыс әкімі қатысатын болды. Ал облыс әкімінің халықпен жүздесуіне министрлердің бірі қатысады. Әйтсе де, олардың тарапынан да әкімнің жұмысына қатысты уәжді сын-ескертпелер жиі айтылмайтын.Шенеуніктер «шеңберден» шығады
Оған қоса, әкімдердің азаматтарды жеке сұрақтармен қабылдаулары да әлгі «шеңберден» әрі аса алмай жүрді. Әкімнің қабылдауына келетіндер мен олар көтеретін мәселелерді әуелі әкімдік қызметкерлері іріктейді. Содан кейін ғана әлгі тұрғын әкіммен бетпе-бет кездесу бақытына ие болады. Осынау көзбояушылық салдарынан көптеген мәселе өңір басшысына жетпей жатады. Қолдан жасалған кедергілерден әкімқаралар жергілікті тұрғындар үшін қол жетпес тұлғаға айналды. Қысқасы, «Әкімді жылына бір рет көреміз» дейтіндер әуелі оның кейіннен тұтас биліктің жұмысына сын көзбен қарай бастайды. [caption id="attachment_187443" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Өткен айда Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнаманың нәтижесі сөзімізге дәлел бола алады. Халықтың саяси институттарға сенімін зерделейтін сауалнамаға қатысқан 6 800 респонденттің 39,7 пайызы облыс және республикалық маңызға ие қала әкімдеріне сенбейтінін айтқан. Аудан, ауыл әкімдерінің қызметіне көңілі толатындардың да қарасы анау айтарлықтай қалың емес. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың әрбір үшіншісі елді мекендердің тізгінін ұстаған басшыларға сенімсіздік танытқан екен. Осыдан кейін-ақ қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты нығайтуды мақсат еткен елде әкімнің халықпен жылына бір рет қана жүздесуінің тиімділігі тым төмен екенін аңғару қиын емес. Әрі жалғыз кездесудің өзі жыл сайын бір сарында өтетінін ескерсек, оның нәтижесі турасында сөз қозғаудың өзі артық. Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков бұған дейін әкімдердің есептік кездесулеріне қатысушыларға бейресми шектеу болғанын жасырмады. Президент пәрменімен бұл мәселені алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдар мен салалық ведомство басшылары бірлесіп шешеді. – Есептік кездесулерде алдын ала дайындалған адамдардың әкімдерге сұрақ қоюына ешқандай да жол беруге болмайды. Аудиторияны әкімдікке жақын, әкімдіктің сөзін сөйлейтін адамдар емес, «келемін», «қатысамын» деген белсенді адамдардың құрағаны жөн. Кездесулерге келіп қатысуға ниетті адамдарға ешкім шектеу қоя алмайды, – дейді вице-министр. Президент Жарлығын орындауға жауапты министрлік өкілінің айтуынша, бұл бастама әкімдерді халыққа қолжетімді етеді. Әсіресе, облыс, аудан орталығынан шалғай ауылдың тұрғындары әкімдермен жүзбе-жүз кездесіп, көкейде жүрген көп мәселені айту мүмкіндігіне ие болмақ. – Жасыратыны жоқ, көпшілік арасында әкімдердің қолжетімділігіне қатысты көп сын айтылды. «Әкімді көрмейміз, кездесе алмаймыз. Есептік кездесуде болмаса, басқа уақыт қабылдауына кіру мүмкін емес» деп айтып жатады. Президент Жарлығының тағы бір тиімді тұсы әкіммен жүздесіп, қалауын айтқысы келетіндердің уақытын да, қаражатын да үнемдеу деп айтуға болады. Еліміздегі кейбір облыс орталығы мен елді мекендердің арасындағы қашықтық 500-600 шақырымға дейін созылады. Ал облыс әкімдері елді мекенге өз аяғымен келіп тұрған соң тұрғындардың уақыты да, қаражаты үнемделеді, – дейді вице-министр. Шынында, әкімдердің өзі басшылық ететін өңірдің түкпір-түкпірін аралап, табан тоздыруы көп шаруаның тігісін жатқызуға мұрындық болғалы тұр. Мұндай сапарлар, кездесулер тұрғындардың шынайы әлеуметтік жағдайымен танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әкімнің әр елді мекендегі мәселелермен танысу, оны шешудің жолын қарастыруда қарапайым халықтың пікіріне құлақ түру тәжірибесі де сөзсіз өзін-өзі ақтайды. Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов әкімдердің халықпен кездесуі билік пен бұқара арасындағы кері байланыстың маңызды бағыты екенін айтады. – Әкімдердің халықпен кездесуін кері байланыстың маңызды бағыты деуге болады. Жаңа өзгерістерге сәйкес, әкімдер кездесу аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдайды. Содан кейін мәселелер жүйеленіп, оларды қаржыландыру мәслихат сессиясында қарастырылады. Осылайша, Қазақстанның барлық елді мекенінде тиісті өңірлердің басшылық құрамымен кездесулер өтеді, – дейді саясаттанушы. Бұдан бөлек, саясаттанушының пікірінше, халықпен кері байланысқа дайын әкімге мәселені жеткізуде азаматтардың белсенділігі маңызды.Бастысы, Президент пәрмен беріп, халықтың мәселесін зерделеудің, оны іске асырудың жолы көрсетілді. Ендігі кезекте әкімдіктер ескі сүрлеуге түспей, Мемлекет басшысы ұсынған бағытты басты бағдар ете алса болғаны. Осы орайда қарапайым халық та Президент пәрмен берген тапсырманың тиянақты орындалуына азаматтық бақылау жүргізуді ұмыт қалдырмағаны жөн.