Таяуда АҚШ Ресейден мұнай импорттаудан бас тартқанын білеміз. Бұл тыйымнан кейін біздегі мұнай экспортына алаңдаушылар көбейді. Себебі жұртты «Ресейге салынған санкциялардың салдарынан әлем Қазақстан мұнайынан бас тартуы мүмкін бе?» деген сауал мазалаған. Бұлай ойлауға негіз бар, өйткені мұнайымыз өзге елдерге Ресей арқылы жөнелтіледі. Көршіміздің құбырымен өтетін қара алтынның қадірі қашуы ғажап емес.
Қорқуға негіз жоқ емес
Ел экономикасы осы күні негізгі тірегі ретінде мұнайға сенеді. Сөзсіз, кей жыртығымызды жамап отырған да – сол. Соңғы жылы шығысымыз кірісімізден асып кетті. Шығыс – 15 триллион теңгенің, кіріс – 9 триллионның төңірегінде. Сол азғантай кірістің басым бөлігі мұнайдан екені айтпаса да белгілі. Егер мұнайымызға қандай да бір шектеулер енгізілетін болса, экономикамыз одан әрі ақсап қалатыны даусыз. Экспорттық әлеуетіміз де мұнайға байланысты. Жалпы ішкі өнім сәл өсіп жатса да – соның арқасы. Енді негізгі тақырыпқа оралайық. Қазақстан жыл сайын 90 миллион тоннаға жуық қара алтын экспорттайды. Біз алаңдап отырған – Ресей шекарасындағы мұнай құбырлары. Атап айтқанда, Каспий мұнай құбыры мен Атырау-Самара желісі. Осы екі құбыр арқылы еліміз жалпы қара алтынның 90 пайыздан астамын жөнелтеді. Әсіресе, Каспий құбырының рөлі зор. Бұл құбырға Қазақстан ғана емес, Ресей де өз мұнайын қоса айдайды. Маңызын ойлай беріңіз. АҚШ-ты бөлек қойғанда, қазір Еуропаның өзі көршімізден келетін мұнайды шектеуге мүдделі. Демек, Ресей арқылы өткені үшін бұл құбырларға шектеу қойылса, біз де қиналып қалуымыз мүмкін тәрізді. Оның алғышартын аңғарғандай болдық. Осыдан 1 аптадай уақыт бұрын Ұлыбританияның депутаттары Қазақстанға да санкция салу төңірегінде әңгіме айтты. Сол сөзден кейін Үндістан елі бірінші реакция көрсетіп, Қазақстаннан мұнай алудан бас тартты. Әйткенмен, бұл әрекет біздегілерді қатты алаңдатпаған еді. Себебі Үндістан әрі кетсе, Қазақстан мұнайының 5 пайызын ғана алады. Ал бұл кезде отандық мұнай өндіруші компаниялар алдағы уақытта не боларын болжамады ма, әйтеуір жұмған аузын ашпады. Белгілі бір дәрежеде олар ресейлік кәсіпорындармен еншілес, ортақ мүдделері бар. Сондықтан «зиян көреміз» деп қорықса керек. Экономист Мақсат Халық бұл мәселеде үш тараптың мүддесі тұрғанын, сол себепті нақты болжам айту қиын екенін жеткізді. – Екі тараптың мәселесі болса, жолын тауып келісім жасау мүмкін еді. Бірақ проблема үшжақты болып тұр. Ресей мұнайын алатын Еуропа елдері де, Ресейдің де, екі ортада отырған біздің де мүддеміз бар. Көршіміз қырсығып «ешкімге жоқ» деп, өзінің де, еліміздің де мұнайын ұстап, қасарысса таңғалмаймыз. Демек, бұл жерде бәрінен бұрын саяси позиция рөл атқармақ, – дейді маман. Ал әлем елдері Қазақстан мұнайына аса бір мұқтаж емес. Қара алтын өндіретін 20-дан астам елдің ішінде жүргеніміз рас. Алайда біздің мұнайсыз-ақ өзге елдер ісін дөңгелете алады. Мәселен, мұнай өндірудегі алпауыт елдердің бірі Иранның қара алтынына шектеу қойылған. Соған қарамастан әлемде мұнай тапшылығы жоқ. Ресейдің мүмкіндігі шектелгеннен кейін Иранға да жол ашыла қоймас.АҚШ жауығып отырмаған тәрізді
Жақында ғана АҚШ Қазақстан мұнайын шектеуге мүдделі емес екенін жария етті. Ізін ала Каспий мұнай құбырын санкциялардан босатты. «2022 жылы 8 наурызда қабылдаған Ресей мұнайының импортына тыйым салу қазақстандық мұнай саудасына әсер етпейді» деп хабарлады АҚШ-тың Қаржы министрлігі. Яғни, Ресейде шықпаған тауарлар мен өнімдер Ресей аумағы арқылы өтсе тыйым салынбайды. Бұдан соң Қазақстанда көптеген оңтайлы мүмкіндік пайда болатын тәрізді. Өйткені қара алтын экспорты шектелмесе, оның үстіне бағасы қымбаттаса, қазынамыз ортаймауға әсер етеді. Құн демекші, осы күні мұнайдың бір баррелінің бағасы 130 долларға жетті. Рекордтық көрсеткіш деңгейінде. «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеев те құн өскенінің бізге тиімді тұстары барын айтып отыр. Ең алдымен Ұлттық қорға, бюджетке түсетін қаражат көбейеді. – Ол – бір жағы. Мұнай қымбаттаған кезде мұнай өнімдері де қоса қымбаттайтынын ұмытпаған абзал. Дүниежүзіндегі материалдың бағасы түгел қымбаттайды. Азық-түліктің де бағасы өседі. Өйткені мұнай – энергияның негізгі көзі. Энергия қымбаттаса, басқа өндірістердің құнына ықпал етеді, – деді маман. Ал бізде жағдай сәл өзгеше. Елімізде мұнай өнімдерінің бағасы Президент тапсырмасы бойынша жарты жылда қымбаттай қоймайтынын білеміз. Ал көп елдер Ресейге қарсы экономикалық санкцияларды енгізгеннен кейін, сол елден шығатын өнімдерді сатып алу қысқарады. Ішкі нарығы құбылады. Ресей тым көп мөлшерде мұнай өнімдерін экспортқа шығарып келген еді. Енді бұрынғыдай шетелге шығара алмаған соң Ресейдегі мұнай өңдейтін зауыттардың қоры толып қалады. Сосын оны қайда жіберерін білмей әлек болары сөзсіз. Сондықтан көршіміз тезірек мұнай сату үшін бағасын арзандатып отыр. Осы кез олардың мұнайы нарықтағы бағадан 28,5 доллар арзан. Егер олар мұнай өнімдерін арзандатса, біраз бөлігі арзан бағамен Қазақстанға келуі мүмкін. Ондай жағдайда біздегі мұнай өңдейтін зауыттар қиналады. Себебі өз өнімін сата алмай қалса, таңғалмаймыз. Рас, мұндайда ішкі нарықта мұнай өнімдерінің бағасы өсе қоймайды, бәсекелестік қызады. Мұнай өнімдерінің бағасы тұрақты болса, өндіріске оң әсер.Бәрібір шығынымыз көп
Иә, санкциялар Қазақстан мұнайының экспортына зиянын тигізбес. Дегенмен соңғы уақытта сарапшылар Ресейге экспортталатын басқа тауарлардың саудасы тоқтауы мүмкін екенін айтып жүр. Экономикамыз Ресеймен өте тығыз байланысады. Экспорттық сыртқы саудамыздың жартысына жуығы – осы Ресей үлесінде. Сыртқа шығатын тауар айналымының 50 пайызға жуығы көршімізге тиесілі. Санкция салдарынан Ресейдің рублі екі есеге жуық құнсызданды. Теңгеге тигізетін әсері зор. Украинадағы жағдай басталғанға дейін доллар бағамы 420 теңгенің маңайында болған, қазір 500-ден асып кеткенін көріп отырмыз. Бұл қарқынмен теңгеге қысым күшейе бермек. Оның бәрін Ұлттық банк қаражат сатып ұстай алмайды. Жақында тағы 190 миллион долларға интервенция жасады. Түк те болмады. Сондықтан теңге құнсызданса, бағаның өсуіне, инфляцияға апарады. Жалпы, Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, валютаның тұрақсыз болуы көп адамды алаңдатады. Инвестициялық жобалардың бәрі тоқтап қалады. Салдарынан көп дүние қымбаттайды. Құрылыстың бағасы артады. Өйткені біздің экономикаға шетелден келетін материалдың үлесі көп. Мұнай бағасының қымбаттауынан түсетін қосымша табысты дәл қазір экономиканы дамытуға салу мүмкін болмай жатыр. Өйткені табыстың бәрі қалыптасқан жағдайдың зиянын бәсеңдетуден аспай тұр. «Мұнай бағасы қымбаттады екен деп әлеуметтік міндеттемелерді кеңейту, инфрақұрылымдық жобаларға қаржы салу қиын. Өйткені доллар осылай қымбаттап кете берсе, ең бірінші инвестициялық жобалардың іске асуы қиындап кетеді. Ал ол жұмыссыздыққа да алып келуі мүмкін. Қазір мұнайдан түсіп жатқан табыстың бәрін теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жұмсап жатыр. Күнде жүздеген миллион доллар ақша сатып жатыр. Жағдай күрделі», – деді ол.ТҮЙІН:
Сонымен, мұнайдың қымбаттауының жақсы жағы да, жаман жағы да бар екенін аңғардық. Сондықтан алдын ала болжам айтудың өзі қиын. Сол себепті көп нәрсеге даурықпай, басқа қырынан қарауға тура келетін секілді.