Өскемендегі көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылған 86 лифт шұғыл ауыстыруды қажет етеді. Өйткені бұл жедел сатылардың әбден ескіріп, тоз-тозы шыққаны өз алдына, пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен.
Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесуде осы проблеманы көтеріп, мәселенің шешілуіне жәрдем көрсетуді сұрады. «Өскемендегі 230 көпқабатты тұрғын үйде 650 лифт (34-і жүк көтеруге арналған) орнатылған. Оның 191-і коммуналдық меншікке берілген. 2007-2017 жылдары қалалық бюджет қаражатына 105 лифтке жөндеу жүргізілді. «Могилевлифтмаш» зауытында шығарылған жүк көтерімділігі 400 келіні құрайтын жедел сатылар орнатылды. 2018 жылы коммуналдық меншіктегі 18 лифтті ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Бір лифтті күрделі жөндеуден өткізудің орташа құны шамамен 16 миллион теңгені құрайды. Өкініштісі, сол жылы тексеріс болып, коммуналдық меншікке берілген лифттерді жөндеуге бюджеттен қаражат бөлудің заңсыз екені айтылды. Сөйтіп, жақсы басталған жұмыс тоқтап қалды. Дәл қазір қаладағы 86 лифтті шұғыл ауыстыру қажет. Лифттерді өз қаражаттарына жөндетуге тұрғындардың шамасы жетпейді. Сондықтан бұрнағы жылдардағыдай мемлекет есебінен жөндеткен дұрыс деп есептеймін. Бұл тәжірибені республика бойынша де енгізуге болатын секілді. Себебі ескірген лифттер мәселесі еліміздің өзге қалаларында да өзекті. Бұл мәселені бүгін қолға алмаса, ертең Ақтөбедегідей қайғылы жағдай қайталануы әбден мүмкін. «Тұрғын үй» туралы заңға өзгеріс енгізсеңіздер, осы мәселені де ескерсеңіздер екен», – деді ол.
Ақтөбе демекші, 2018 жылы сәуір айында осы қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тозығы жеткен лифтке кірген келіншекті жедел саты қысып қалып, сол жерде баласының көз алдында қыршынынан қиылған болатын. Кейін осы жағдайға сараптама жүргізген мамандар лифттің 1985 жылы іске қосылғанын, 30 жылдан артық жұмыс істегенін, мұндай жедел сатылардың адам өміріне аса қауіпті екенін айтқан еді. Ал лифтіде болған қайғылы жағдайға механик кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталған-ды.
Шығыстағы шенеуніктер Батыстағы адам өлімімен аяқталған шетін жағдайдан әлі сабақ алмаған секілді. Себебі шаһардағы кейбір көпқабатты үйлерде осыдан 40 жыл бұрын пайдалануға берілген жедел сатылар әлі де қолданылады. «Крылова 66» ПИК-інің (пәтер иелері кооперативі) төрайымы Елена Погодинаның айтуынша, Славский көшесіндегі 22 үйдегі 7 лифттің жұмыс істегеніне 47 жыл болыпты. 1975 жылы салынған 10 қабатты үйдегі жедел сатыларға қызмет көрсететін «РОС-лифт» ЖШС басшысы 2021 жылы ПИК төрайымына лифттердің әбден ескіргенін, қауіпсіздік талаптарына мүлде сай келмейтінін, Қазақстанда лифттерді пайдалану мерзімі 25 жылдан аспау керегін ескертіп, соған орай жедел сатылардың барлығының жұмысын тоқтатынын айтып, хат жазыпты. «Шілденің 1-і күні барлық лифт өшірілді. Лифтсіз жүрген кімге оңай дейсің? Үйдің тұрғындары дабыл қағып, өз наразылықтарын білдірді. Журналистерді шақырды, қалалық әкімдіктен адамдар келді. Сол кезде аумақтық басқару орталығының директоры Асқар Нұрғазиев Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Д.Федченконың қолы қойылған хатты оқып берді. Онда 2021 жылдың соңына дейін Славский көшесіндегі 22 үйдің 7 лифтін ауыстыруға бюджеттен 126 300 000 теңге бөлінетіні туралы айтылған болатын. Әкімдік өкілдері тұрғындарды осылай сендірген соң «РОС-лифт» ЖШС директоры бар жауапкершілікті өз мойнына алып, лифттерді қайта қосты. Бірақ «жаңа лифттер орнатылғанша жыл соңына дейін ғана қосамыз. Осындай талаппен ғана келісіп отырмын» деген. Міне, 2022 жыл да басталды. Қала әкімдігі берген уәдесін орындамады. 2018 жылы 18 лифтті ауыстыруға дайындалған, құны 12 миллион теңге шамасындағы жобалық-сметалық құжаттың мерзімі де бітті. Яғни, бюджет қаржысы желге ұшты. Құдай сақтасын, мына үйде кез келген уақытта қайғылы жағдай болуы мүмкін. Мұндағы 7 лифт те қаланың коммуналдық меншігінде, ертең бір жағдай болса, қала әкімдігі жауап береді», – дейді ол.
Жеті подъезді тұрғын үй кезінде Үлбі металлургия зауыты қызметкерлеріне арнап салынған екен. Жоғарғы қабаттарында негізінен зейнеткерлер, жалғызілікті қариялар тұрады. «Олар лифтісіз ешқайда бара алмайды. Егер лифт бұзылса, жедел жәрдем дәрігерлері де жоғары қабаттарға көтерілмеуі мүмкін. Ең басты мәселе, тұрғындардың лифттерді өз қаражатына жөндетуге шамалары келмейді. Бір подъезде 10 қабат, 34 пәтер бар. 5 қабатқа дейінгілер лифтіден бас тартуы да мүмкін, сонда жоғарғы қабатта тұратындар 16 миллионды қайтіп төлейді?» деген ПИК төрайымы бұл мәселені қала, облыс әкімінің халық алдындағы есептері кезінде көтере-көтере шаршағанын айтады.
ТҮЙІН:
Лифті ескірген үйлердің тұрғындарының бәрінің бір ғана тілегі бар. «Мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, жаңа лифттер қойылса дұрыс болар еді. Өйткені адам өмірі бәрінен де қымбат қой», – дейді олар. Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды деп сенеміз.Шығыс Қазақстан облысы