Жолың болсын, лифттегі жан!
Жолың болсын, лифттегі жан!
247
оқылды
 

 Көтергіштер «құлатқышқа» айналды

Ведомствоның дерегіне сенсек, Қазақстанда жалпы алғанда лифт орнатылған 51 мың көпқабатты тұрғын үй бар. Мұның сыртында 5,5 мыңнан аса аурухана, емхана және басқа да денсаулық сақтау ме­кемесі өзіндегі «жеделсаты» қыз­метіне жүгінеді. Мұның сыр­тында, ЖОО-ларда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, туристік көрнекті нысандарда, сауда үйлері мен жабық базарларда және басқасында лифт пен эскала­торлар қолданылады. Осының барлығы ұзақ жыл­дан бері мемлекет тарапынан бақылаусыз қалып келді. Бұлай жалғаса бергені жөнсіз. Билік бизнесті өркендетемін, заңнаманы ізгілендіремін деп, халықтың басын тәуекелге тікпеуі тиіс. Сондықтан ел Үкіметі салада реформа жасауға кірісті. – Ішкі істер министрлігінің дерегінше, елімізде бірінші кезекте сапасыз техникалық қыз­мет көрсету салдарынан жыл сайын лифтілерге, эскалаторларға қа­тысты апаттардың және жазатайым оқиғалардың саны өсуде. Заңды тұлғалар мен ұйымдар ең арзан бағаны іздеп, не білікті қызметкері, не өндірістік базасы, не авариялық қызметі, не істен шыққан лифтінің ақауын жедел жөндеуге қажетті қосымша бөлшектері, сондай-ақ ішінде қалған адамдарды эвакуа­циялайтын құрал-жаб­дығы жоқ компаниялармен, жеке тұлғалармен келісімге оты­рады. Азаматтардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін осы жұ­мыс түрі бойынша қызмет нары­ғында рұқсатнама рәсімін ен­­гізу және заңды тұлғаларға бі­лік­тілік талаптарын қою қажет, – деді Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі тиісті талдамалық нысанда. Ресми мәліметке сәйкес, 2017–2019 жылдары елорданың өзінде лифт, эскалатор, көтергіштердің жұмысындағы ақауға байланысты 40-тан астам оқыс оқиға тіркеліпті. Павлодарда одан да көп – 63 оқиға. Бұдан бөлек, 2017 жылы Астана қаласында 3 рет, Павлодарда 1 рет лифт құлады. Адамдар зардап шеккен ұқсас оқиғалар Алматыда, Ақтөбеде, Атырауда, Лисаковта болды.  

Аттестаттау – атүсті істен арылу

Мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін енді мемлекет осы саладағы компанияларды аттес­таттауға ниетті. Тиісінше, лифт, эскалатор, траволатор, сондай-ақ мүгедек арбасын көтергіштерді орнатумен, оларға техникалық қызмет көрсетумен, техникалық диагностикалаумен, техникалық куәландырумен және жөндеу жүргізумен шұғылданғысы келе­тіндер тиісті біліктілік талаптарына сәйкес келетінін дәлелдеуі шарт. ИИДМ түсіндіруінше, қазіргі уақытта лифтілерді, эска­латорларды, траволаторларды және арба көтергіштерді орнату, жөндеу, техникалық қызмет көрсету саласы заңнамалық түрде еш реттелмеген! Осы жұмыс түрлерін жүргізетіндерге, тіпті біліктілік талаптары белгіленбепті. Нәтижесінде, жеке кәсіпкер, заңды тұлға ретінде тіркелген кез келген адам осы салада кәсіпкерлік қызметін бастағаны жөнінде хабарлама жібере салып, еш рұқсат алмай-ақ, осы құрылғыларды монтаждау, оларға қызмет көрсету жөнінде келісім бекіте береді. Өз ісін адал атқарса, жөн. Алайда оқыс оқиға орын алса, не құрылғы авариялық жағдайға жетсе, бұ­лардың сайда санын, құмда ізін таппай қаласыз. «Олар не ағымдағы, не күрделі жөндеуді орындамай, өзі қызмет көрсететін жабдықты мүшкіл жағдайға жеткізіп, кәсіпкерлік қызметін тоқтата салады. Ал ғи­марат иелері, өзге азаматтар өмі­ріне, денсаулығына қауіп төндіретін ақаулы, қауіпті құрылғыны одан әрі пайдалануға мәжбүр болады», – делінген министрлік құжатында. Ендеше, осы сала ойын­шы­ларын аттестаттап, оларға талап қою – ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға септесуі тиіс. Бұл «Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласын­дағы жұмыстарды жүр­гізуге аттестатталатын заңды тұлға­ларға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Инвестициялар және даму министрі міндетін ат­қарушының 2014 жылғы 26 жел­тоқсандағы №299 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрінің жаңа бұйрығы жобасында көз­делген.  

Лифт компаниялары прораб іздемек

Құжат қабылданса, лифт, эс­калатор, траволатор және мүге­дектерге арналған көтергіштерді монтаждаумен, оларға техникалық қызмет көрсетумен, техникалық диагностикалаумен және жөн­деумен айналысатын заңды тұл­ғаларға аттестаттау кезінде келесідей талаптар қойылады: біріншіден, оның жоғары техни­калық білімі бар кем дегенде 1 маманы және орта техникалық білімі бар 2 маманы болуы керек. Екіншіден, жоғары техникалық білімді жұмыскерлерінің өтілі 2 жылдан, ал орта техникалық білімді жұмыскерлерінің өтіл-тәжірибесі 3 жылдан кем болмауы міндетті. Білікті жұмысшыларының ең құрығанда біреуі бұған дейін құрылыс саласында басшылық қызметте, мысалы учаске бас­тығы, шебер, прораб болып ке­мінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Өйткені негізінен осы мамандар жаңа ғимаратта лифт орнату жұмыстарымен таныс. Бұл маман аутстаффинг фирмалары ұсынатын қзметкер қатарында емес, лифт компаниясының штатындағы қызметкер болуы шарт. Үшіншіден, компанияның монтаждау жұмыстарын жүргізуге қажетті құрылыс механизмдері, көлігі, технологиялық құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құ­ралдары, бақылау және өлшеу аспаптары болуы қажет. Төр­тін­шіден, қолында монтаждау жұмыстарының сапасын бақылау жүйесін қамтамасыз еткенін рас­тайтын құжаттары болуы керек. Басқа да талаптар қарастырылған. Негізі, Қазақстанда урба­низация үрдісі күшейген сайын лифт мәселесінің өзектілігі де арта түспек. Бұл түйткіл басқа түгіл, бас қалада да шешілмеген. Мысалы, елордада «Отан» ТК тұрғындары араша іздеп, биліктің әр органына хат жазуда. «Нұр-Сұлтандағы көпқабатты осы тұрғын үйді «ЖСК ЖанұяИнвест» адамдардың жар­насына тұрғызған. 2018 жылғы қарашада іске қосылды. Бірақ құрылыс барысында көптеген бұзушылыққа жол берілген. Мысалы, үйде баспалдақ жоқ! Тұрғын үй кешенінде адамдар тек лифт арқылы ғана кіріп-шыға алады. Бұл – адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп. Төтенше жағдай туындай қалса не болады?» – дейді мүлік иелері бірлестігінің (бұрынғыша – ПИК) төрағасы Жанар Аязбаева. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, ТКШ жаңғырту бағ­дарламасы аясында 2020 жылы 50-ден аса көппәтерлі үйде жөндеу жүргізіліп, 100-ден астам лифт жаңасына ауыстырылады. Өзге ескі қалалар да осындай бағдарламаға зәру.  

Елдос СЕНБАЙ