Әлем медицинасы қарыштап дамығанымен, әлі күнге емі жоқ ауру түрлері аз емес. Соның бірі қант диабетінен құлантаза айығып кететін жолды бүгінгі медицина таба алмай келген. Алайда жамбылдық жас ғалым Бақытжан Әлжанұлы жуырда қант диабетін емдейтін жасуша ойлап тауып, жаһан жұртшылығын тәнті етті.
Білім және ғылым министрлігі молекулярлық биология және биохимия институтының ғалымы Бақытжан геномды редакциялау көмегімен I типті қант диабетін емдеуге арналған бірегей жасушаларды ойлап тапқаны талайды таңғалдырып қана қоймай, әлемнің алдыңғы қатарлы зерттеу институттары ғалымдарының қызу талқысына түсіп жатыр. Медицина ғылымына енген жаңа жасушаларды трансплантациялау ұйқы безіне инсулин өндіруге ғана емес, сонымен бірге оның денедегі деңгейін өз бетінше реттеуге мүмкіндік береді екен. Болашақта бұл жасуша науқас пациенттердің безіне трансплантацияланатын көрінеді. Осылайша, қан диабеті ауруынан адамды емдеуге мүмкіндік тумақ.
Әрине, бұл ел ғана емес, әлем медицинасы үшін үлкен олжа мен жаңалық. Осы орайда жас ғалымға хабарласып, оның өмір жолы мен жасушаны қалай ойлап тапқаны төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
– 1991 жылы Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келдім. 2009 жылы Ақкөл орта мектебін «Алтын белгімен» тәмамдағаннан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне биотехнология мамандығына оқуға түстім. 2013 жылы аталған оқу орнын да үздік аяқтап, сол жылы «Болашақ» стипендиясының иегері атандым. Осы арқылы 2014-2017 жылдары АҚШ-тағы Нью-Йорк университетінде фармацевтикалық биотехнология мамандығы бойынша магистратурада білім алдым.
АҚШ мемлекеті – білім мен ғылым бағыты бойынша әлемде көш бастап тұрған ел. Олардың университеттеріндегі оқу бағдарламалары, ғылыми зерттеулері және оған қаралған қаржы көлемі қомақты. Менің қант диабетін емдейтін жасуша ойлап табуыма осы сырт елде алған білімімнің көп көмегі тиді, – дейді жас ғалым.
АҚШ-та білімін шыңдағаннан кейін Бақытжан 2017 жылы елге оралып, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантурасына оқуға түседі. Оқу орнында жүріп қант диабетінен диссертация қорғауға бел буады. Содан ол АҚШ-тағы ғылыми жетекшісіне хабарласып, қолға алған бастамасы туралы айтады. Америкалық ғалым өзі танитын британдық Колумбия университетіндегі профессорға бағыт сілтеп, әріптесінен қазақстандық жас ғалымға көмек беруін өтінеді. Колумбия университетінде қант диабетін зерттейтін арнайы орталық пен алты зертхана болғандықтан, Бақытжанға бастамасын жүзеге асыруға үлкен жол ашылады. Колумбиялық профессор өзінің әлі толық жетілмеген идеяларымен бөлісіп, бірге жұмыс істеуге қарсы емес екенін жеткізеді. Осылайша, білікті ғалыммен мәмілелескен Бақытжан І типтегі қант диабетіне қарсы клеткалы терапияның әдістерін жасауға кіріседі. 2018 жылы Колумбияға аттанып, 6 ай бойы қант диабеті бағытындағы зерттеулермен жіті айналысады.
– Жалпы, маған бағаналы жасушалар кезеңімен жұмыс істеу өте ауыр болды. Өйткені оған арнайы зертхана қажет еді.
Ал бағаналы жасушалар аталық пен аналық ұрықтың қосылуынан пайда болады. Мұны денедегі кез келген жасушаға айналдыруға болады. Себебі барлық клетка бастауын осы жасушадан алады. Зерттеу барысында біз жасушаның геномын, яғни ДНК-сын өзгерттік. Сол арқылы ол инсулин синтезін өздігінен жоғарылатып немесе төмендете алатындай қабілетке ие болды. Бұдан кейін оны дифференция әдісімен бағаналы жасушаларға дейін айналдырдық.
Қазір біздің қолымызда «Бета-клеткалары» тәрізді жасушалар бар. Бұл клеткаларды келешекте қант диабетімен ауыратын адамдардың ағзасына орналастырып, сол арқылы толық жойылған инсулин синтезін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туады. Алайда оған дейін зерттеуді қажет ететін тұстары бар. Себебі ғылымда зерттеудің бір бөлігі көңілге қонса, оны «жаңалық» деп тоқмейілсуге болмайды. Өйткені қателікке бой алдырмас үшін ойлап тапқан дүниеңді жан-жақты тексерген жөн, – дейді Бақытжан.
Әрине, адам жасушасымен тікелей жұмыс істеуде химиялық есептік пен математикалық дәлдік керек. Сондықтан Бақытжанның ойлап тапқан жасушасы құр жаңалық күйі қалып кетпей ме деген ой да келеді. Алайда жас ғалым бастаған дүниесін аяғына дейін апаруға белді бекем буып отыр.
– Бұл бірнеше жылға созылған ұзақ ізденістің нәтижесінде жасалғандықтан, мұны жарты жолда қалдырмаймын. Канада да бұл бағытта жұмыс істеп жатқан ғалым бар. Алайда оның зерттеуі өзгерек. Ал өзімнің негізгі мақсатым – бұл жұмысты еліміздің медициналық жағдайына ыңғайлай отырып, емдеуге болатындай кезеңге жеткізу. Сондықтан қант диабетіне қатысты зерттеулерім жалғаса берді.
Жасушаны ойлап тапқалы бері маған хабарласып, қант диабетіне шалдыққан жақындарына көмек беруімді сұрап жатқан адам көп. Алайда мен зерттеуімді толықтай аяқтауым керек. Содан кейін барып жасушаны медицина саласына енгізу жағын ойластыруға болады, – дейді жас ғалым.
Міне, осылайша алақандай Ақкөл ауылынан шыққан талант әлем ғалымдарын таңғалдырды. Бақытжан Әлжанұлы отбасындағы алты ағайынның төртіншісі болса, бауырлары да әртүрлі салада жемісті еңбек етеді. Жас ғалымның өзі шаңырақ көтерген, 1 қыз тәрбиелеп отыр.
Лайым, енді Бақытжандай жас ғалымның талантын еліміз бағалай біліп, әлемде емі жоқ дерттің дауасын тапқан дүниесін сақтай білсе екен дейміз. Әйтпесе, ертең ол да мұхит асып, «қолда бар алтынның қадірі жоқтың» кері келіп жүрмесін...