Екі ауданның ортасында қалған Қаратөбе
Екі ауданның ортасында қалған Қаратөбе
646
оқылды
Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының Кемеқалған ауылдық округінде Қаратөбе деген ауыл бар. Ауыл Төлеби ауда­­нына қарағанда Қазығұрт ауданының территориясына кі­ріп кетеді. Осынау ауылға бару үшін көрші ауданның ауыл округтерін басып өтесіз. Екі ауданның ортасына қысылып, сай-салада орналасқан 100 шақты түтінді түтетіп отырған тұрғындар бүгінде өркениеттен кенже қалып, қойшы ауылдың күйін кешіп отыр. Аудан әкімдігінің назарынан тыс қалған ауылда мәселе көп. Жарық пен жол, ағын су мен ауызсу, жайылым жер мен жұмыссыздық проблемаларынан бөлек, 9 сыныптық негізгі мектебі апатты жағдайда. Медпункт те жоқтан бардың кебі.

Жайылым жер сатылып кеткен

Ауылда мектептен басқа жұмыс орны жоқ. Сондықтан халық негізі­нен мал шаруашылығымен айналы­сады. Азын-аулақ егіні де бар. Әсі­­ресе, атадан қалған кәсібі мал­дың жөні бөлек. Өкінішке қарай, мал баққан жұрттың бүгінгі жыры – жа­йылым. Сонау Кеңес дәуірінен ке­йін совхоз тарағанда жайылым жер осындағы тұрғындарға пай үшін қалған. Алайда қазір осынау атадан қалған жер жекенің мен­ші­гіне сатылып кетіп, тұрғындар жа­йылымсыз қалып отыр. Көктемнің күні көрінгеннен мұнда айқай бас­талады. «Қыстан қысылып шық­қан мал көкке енді іліне ме?» дегенде жердің иесі көк майсаны аударып тастап, егініне кіріседі. Өткен жы­лы болған дау кезінде әкімдіктегілер «жер иесі келіссе оған басқа жерден егістік жер берейік, жайылымды сіз­дерге қалдырсын» дегендей бол­ған екен. Биыл жер иесі осынау жа­йылым жердің орнына басқа өңір­ден егістікке жарайтын үштен бір бөлігін берсе де, жайылымды тұрғындарға тастамақ ниеті бар екенін білдіріпті. Алайда бұл жолы әкімдік беретін жер жоқ деп отыр. Жақында осы мәселенің үстінде тағы да үлкен дау шықты. Көрші жат­қан Қаратөбе мен Қарақия ауыл­дарының ашуға булыққан кәрісі мен жасы, әйелі мен бала-шағасына дейін жыртылған жердің жанына жиналды. Бұл жолы мұнда жерді сатып алған кәсіп иесі де, аудандық әкімдіктен де өкіл келді. Екі ауыл да үлкен жолдың бойында орналасқан. Жолдың екінші беті – жайылым жер. 187 гектар жердің бі­раз бөлігі егінге дайындалып, жыртылып қойыпты. Ал тұрғындар болса «егін еккізбейміз, атадан қалған жайылым жерімізді өзімізге берсін», – дейді. Тіпті, қоршап ал­ған­ның өзінде әбден ашынғандар бір түнде егістікке өрт қойылып кетуі мүмкін дегенге дейін барды. 187 гектар жерді осыдан 3 жыл бұрын біреулерден сатып алған Із­ба­сар Оңғаров содан бері жерге егін салмапты. Биыл ғана жалға берген. Ал жалға алушы осындағы жота-жотаға жалпы 3 жерге 40 шақты гек­­тарға егін салуды ойлап отыр екен. «Бұл жер жекеменшік құқы­мен өмір бойына берілген. Биыл бірінші рет 40-50 гектар жерге егін салмақ­шымын. Себебі 3 жылдан бе­­рі салықты қалтамнан төлеп отыр­мын. Енді осы егістіктен бір нәрсе түссе, содан төлейтін салы­ғым­ды, сатып алған құнымды өте­уім керек емес пе? Қазір тұрғындарға сол ай­далған 40 гектар жерді ғана алайын, қалғанына малдарыңызды жібере беріңіздер деп отырмын. Егінді орып алған соң жайылымға пай­далана беріңіздер, тіпті сабаны­нан дейін алы­ңыздар дедім», – дей­ді жер иесі. Алай­да қал­дырылып отырған жа­йылым жердің көлемі үлкен бол­ғанымен, оған мал салу­дың мүмкін емесін айтады. Себебі мал егістіктің үстінен өте алмайды. «Малдың аты мал, егінге түсіп кет­пеуіне ешкім ке­піл бола алмайды. Бір басын қа­йыр­ғанмен, келесісін ұстап тұра ал­май­сыз. Сондықтан бұл нұсқа ақылға қо­нымсыз» деп азар да безер болды ел. «Екі ауыл да осында малын жая­ды. Бірінші ауылдың өзінде 100-ден аса жылқы, 250-дей қара мал, 150-дей уақ мал бар. Екінші ауылда да дәл осынша мал жайылымға шыға­ды. Бұл кісілер жолымыздың алдын бөгеп тұр. Егін егетін болса, арғы бетке қалай өтеміз? Мал егінге түссе қамап, айыппұл төлетеді. Басқа жа­йылым жеріміз жоқ» деп шы­рылдады ауыл тұрғыны Жолдыбай Құрманбаев.

Ауданға жайылым үшін миллион гектар жер керек

Аудан әкімінің орынбасары Лес­бек Серікбаев болса, аудан үшін жайылым жердің үлкен мәселеге айналып отырғанын жасырмады. «Төлеби ауданында жалпы 54 елді мекен бар. Алайда осынша елді мекенге жайылым жерге қажеттілік 1 млн 146 мың 297 гектарды құрай­ды. Ал қолымыздағы бар жер 58 мың гектар ғана. Сондықтан бұл жалғыз Қаратөбе ауылының ғана емес, бүкіл 54 елді мекеннің мәсе­лесі. Былтыр жайылым жердің бәрі мемлекетке қайтарылсын деген тапсырма берілген. Жұмыс істеліп жатыр. Өткен жылы 7 900 гектар жерді алдық, биыл 6 000 гектарды мемлекет меншігіне алуды жоспар­лап отырмыз. Дегенмен бүгін-ертең шешіледі деп айта алмаймыз. Уақыт өте шешімін табар. Бұл кісілер де сатып алған, жердің иесі. Дегенмен ортақ шешімге келеміз деген үміт­теміз», – дейді ол. Осылайша, ауыл тұрғындары мен биліктің, жер иесі арасындағы дау ұзаққа созылды. Әкімдік жер иесі қойып отырған талап бойынша басқа аумақтан жер беру мүмкін емесін, онсызда жерге қажеттіліктің жоғары екенін жеткізді. Ал жер иесі 50 гектар болса да, ауданның басқа аумағынан жер берсе, мұндағы 187 гектарды халыққа қалдырмақ. Қалай болғанда, жер иесі мәрт­тік танытты. Аударылып қойған жердің техника ақысын тұрғындар өздері жинап берсе, биыл мұнда егін егілмейді. Алайда бұл – биыл ғана. Егер басқа аумақтан жер бе­рілмесе, онда мұндай қайырым­ды­лық бола бермейді. Сонымен, әр от­басы 3 000 теңгеден жинап, жыр­тылған жердің техникасы ақысын беретін болып тарқасты. Ал әкімдік кәсіпкерге балама жер іздемек.

Балалар апатты мектепте оқып жүр

Дегенмен Қаратөбеде білім ұясы мәселесі де өзекті болып отыр. Сонау 2000 жылы лай кірпішпен асарлатып, 90 балаға арналып са­лынған негізгі мектепте бүгінде 150 бала білім алып жүр. Әр жерден құ­ралып жиналған құрылыс мате­риалдарынан асарлатып салын­ған­дықтан, мектеп құлаудың шақ ал­дында. Ойылып-жарылған. «Жаңа мектеп салу бойынша 2011 жылы ақша жинап, сметалық құжатын жа­саттық. Бюджет есебінен жасал­ған сметалық құжаттың биыл мер­зімі бітеді. Мектеп салу биыл бюд­жетке енгізілмесе, тағы қалатын бол­ды. Талай уақыт кетті. Әкімдер ауы­сады, бөлінген қаржы басқа мақ­сатқа жұмсалып кетеді. Тере­зеден жел уілдейді. Табиғи газ кір­гізейін десек, жаңа мектеп са­лы­нып қалар дейміз. Көмір жа­ғамыз, шұ­рық-тесік мектептің жылуы да қиын. Апатты жағдайда тұрғанына да біраз жыл болып қалды», – дейді Қаратөбе шағын жинақты мекте­бінде от жағушы болып жұмыс іс­тейтін Қасым Күзембаев. Спорт­зал, акт залы, асхана деген атымен жоқ. Еденнің тозығы жеткен. Мек­теп жасындағы балалардың біразы көрші ауылдарға қатынап оқиды. Интернет желісінің сапасы төмен. Осылайша, шалғайдағы Қара­төбе ауылы өткен ғасырда қалып қойғандай күй кешуде. Ал Түркістан облысының әкімдігі қыруар қаржы жұмсап, Түркістан қаласының көр­некі жерлерін жыл сайын ауыс­тырып, безендірумен әлек.

Шымкент қаласы