Қызылорда облысында көлігімен адам қағып кеткен полицей ұсталды
Қызылорда облысында көлігімен адам қағып кеткен полицей ұсталды
201
оқылды
Қызылорда облысында ішкі істер органдарының қызметкері көлігімен адамды қағып, оқиға орнынан қашып кетті. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті растады.
Ресми мәліметке сәйкес, жол апаты 7 наурызда кешкі сағат 19:06-да Жаңақорған кентінде болған. Белгісіз біреу автокөлікпен жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жаяу жүргінші қайтыс болды.
"Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жол апатына кінәлі күдікті ұсталды.​ Күдіктінің полиция қызметкері екені анықталды, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу амалдары жалғасып жатыр", - деді полицияда.
Оқиға кезінде полицейдің ішімдік ішпегені дәлелденді.
"Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізілді. Ұсталғаннан кейін жол апатына кінәлі полиция қызметкері қызметінен босатылды. Бұл іс Қызылорда облысы бойынша ПД-ның тәртіптік кеңесінде де қаралды. Мұндай дерек бойынша күдіктіге бағынышты бірқатар полиция қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп атап өтті ДДП баспасөз қызметі.