Бапкерлердің айлығы шайлығынан аспайды
Бапкерлердің айлығы шайлығынан аспайды
244
оқылды
Қазақстанда кәсіби спорт жаттықтырушылары тапшы. Көпшілігінің айлығы шайлығынан аспайды. Мамандардың айтуы бойынша, олар әлеуметтік жағынан жеткілікті түрде қамтамасыз етілмеген. Содан кейін амалсыз командалық спорт түрлері бойынша шығындалып, шетелден «легионер» бапкер шақырамыз. Елордада өткен Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында осы мәселе қозғалды. Онда отандық спорт білікті бапкерлерге зәру екені, көпшілігінің жалақысының мардымсыз екені сөз болды. Министр Дәурен Абаев Қазақстанда білікті жаттықтырушылардың жетіспеушілігі оларға берілетін жалақы мәселесіне тікелей байланысты екенін айтты. – Бізде бапкерлердің көбі зейнетке шығуға жақын немесе зейнетке шыққан. 5-6 жылдан кейін кадр тапшылығы болуы мүмкін. Осыған байланысты Үкіметке жаттықтырушылардың жалақысын көтеру туралы ұсыныс енгізіп, оларды материалдық ынталандыру мәселесін пысықтаймыз, – деді Абаев. Сол жиында белгілі спорт қайраткері, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов сөз алып, еліміздегі бапкерлер мен басшыларға тағайындалған жалақы көлеміне қатысты сын-ескертпелерін жеткізді. Мысал ретінде бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері мен Astana Pro Team велокомандасының бас менеджерінің жалақысын салыстырды. – Бокстан құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжановтың 9 баласы бар. Ол сегіз-тоғыз ай бойы үйінде болмайды. Жуырда өткен әлем чемпионатында командасымен бірге екі «алтын», екі «күміске» қол жеткізді. Сол бапкердің алатын жалақысы – 700 мың теңге. Ал Astana Pro Team велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровқа қателеспесем, 70 мың еуро төленеді. Екі бапкердің айлығын мүлдем салыстыруға келмейді. Бұл қаншалықты дұрыс? – деді Тұрлыханов. Бірақ осы мәселеге баса назар аударып, бас ауыртқан басшылықты көргеніміз жоқ. Бізде жалпы велоспорттан бөлек отандық футбол клубтарын жаттықтыратын бапкерлер де жоғары жалақы алады. Мұны жанкүйерлер де жақсы біледі. Айталық, футболдан қазақстандық клубтарды жаттықтыратын шетелдік мамандар орта есеппен айына 5-6 миллион, ал отандық бапкерлер 3-4 миллион жалақы алады. Одан бөлек, теннис, хоккей секілді спорт түрлерінен де команданы жаттықтыратын бапкерлер елімізге жоғары айлық үшін келеді. Өйткені бұл спорт түрлерінен отандық мамандарға көп сенім артыла бермейді әрі тәжірибелі, білікті мамандар тапшы. Танымал деген жазғы спортты айтпағанның өзінде, кенжелеп қалған қысқы спорт түрлерінде де жаттықтырушылар жеткіліксіз. Мысал ретінде елімізде кейінгі уақытта танымалдыққа ие болып келе жатқан шорт-трек­тен жаттықтырушы табу қиын. Әлі күнге дейін бір ғана Мәдіғали Қарсыбековке сенім артып жүрміз. Бапкер мәселесінен бөлек, жаттығатын спорттық алаңдар да жеткіліксіз. – Жалпы, елімізде қысқы спорт түрлері бұқаралық дамыды деп айта алмаймыз. Фристайл могул, фристайл акробатика деген спорт 1-2 өңірде ғана дамыған. Жасөспірімдер мен біздің жаттықтырушылар айналысқысы келмейді. Қазір сараптама жасап көрсеңіз, көбі зейнеттегі немесе зейнет жасына жақындаған жаттықтырушылар. Жастар келгісі келмейді. Өйткені жалақысы өте төмен, – дейді ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов. Анығы, аз айлыққа ешкімнің жұмыс істегісі келмейді. Басшылық болса жоғары көлемдегі жалақыны тек шетелдік мамандарға бергенді құп көреді. Осыдан кейін жас әрі білікті отандық бапкерлер жетіспейді деп дабыл қағамыз. Расында да, Қазақстанға тәжірибелі бапкерлер ауадай қажет. Ал басты кемшілігіміз, сол білікті бапкерлерге дұрыс жағдай жасай алмай отырмыз. Осы мәселеге Үкімет баса назар аудармаса, спорт саласы ақсамай қайтсін?! 2020 жылғы жазғы Токио Олимпиадасы мен 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасындағы сәтсіздіктер ел спортының бүгінгі ахуалы қандай екенін анықтап бергендей. Жақсы бапкер – талантты спортшының бағын ашады. Ендеше жасасақ, бапкердің жағдайын жасайық!