Смағұл Елубаев: Жұдырықтай жұмылып, ұлттық бірлік туын көтеруіміз керек!
Смағұл Елубаев: Жұдырықтай жұмылып, ұлттық бірлік туын көтеруіміз керек!
483
оқылды
Жазушының «Ақ боз үй» романын оқымаған жан кемде-кем шығар. Оның шығарма­лары­ның негізгі өзегі – қазақ халқының кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдері мен зұлмат жылдардың шындығы. Жазу­шы­ның қаламынан туған «Мінәжат» пен «Ақ боз үй» романы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде ашаршылыққа ұшыраған халықтың халін, «асыра сілтеудің» елге ти­гізген зардабын суреттейді. «Ақ боз үй» ар­қылы қазақ тарихына ақтаңдақ болып түскен ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы оқиғалардың кең ауқымды панорамасын жасады. Смағұл Елубаев әдебиет саласына ғана емес, отандық кино өндірісінің өрістеуіне де елеулі үлес қосып келеді. Мұның бәрі жазушының елге деген перзенттік парызы, азаматтық борышы екеніне күмәніміз жоқ. Қаламгер биыл 75 жасқа толды. Мерейлі шақ. 75-ке келсе де, қаламы қолынан түскен жоқ. Түрлі киносценарий жазып, кино өнерінің дамуына да етене араласып жүр. Қазір «Ақ боз үй» туралы фильм түсіріліп жатыр. Сол фильмнің де басы-қасында Смағұл ағаның жүргені анық. Жазушы мерейтойы қарсаңында аз-кем тілдескен едік. – Смағұл аға, сіздің буынның әдебиетке келу уақыты бір бөлек. Әдебиетші қауым үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» сол кезде өтіп кеткен секілді. Дегенмен әр дәуірдің өз қызығы мен шыжығы болады ғой. Сіздің заманның артықшылығы қандай еді? – Кеңестік тоталитарлық жүйе ол кезде әдебиетке айрықша мән берді. Өз идеологиясын өткізу үшін. Ұлтсыз «совет халқын» жасау үшін. Партияның сүй­кімді бейнесін сомдау үшін. Сондықтан да жазу­шыларға жан-жақты жағдай жасады. Жақсы қаламақы төледі. Қанқұйлы Сталиннің өзі жазушыларға үй бергенде 20 шаршы метрді артық беретін, жазу кабинетіне деп. Біздің ұрпақ үшін ол кездің бір артықшылығы – біз қалам ұстай бастаған қазақ қара сөзінің қаймағы бұзылмаған кезең еді. Халық әлі өзінің ата-бабасынан келе жатқан қазыналы тілімен сөйлейтін. Қазақ тілі дәл бүгіндей сұрапыл сұйылған апатты әлі бастан кешпеген еді. – Қазақтың басынан өткен зұлмат кезең туралы, яғни ашаршылық тақырыбына қалам тартқан жазу­шылардың бірі болдыңыз. Бұл тақырыпқа баруыңызға өзге елде, өзге жерде дүниеге келгеніңіз себеп болды ма? – Дәлірек айтқанда, голощекиндік геноцидті бас­тан кешіп, босып, ел ауып кеткен көшпелі ауылда ту­ғанымыздан болар. Сол ауылдың тарихи жадын құ­лаққа құйғандықтан болар. Кеңестік цензура, тоталитарлық жүйе дүрілдеп тұрған кезде ол жүйе ауыз аштырмайтын ашаршылық тақырыбына баруымыз содан болар. – Ашаршылық демекші, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Сіз бұл комиссияның құрамында барсыз ба? – Жоқ. – «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүниелерден» кейін прозаны қойып, киносценарийге бет бұрған секілдісіз. Қанша киносценарий жаздыңыз? Сіз жазған сценарий желісінде қанша фильм түсірілді? – Оннан асып кетті. – «Ақ боз үй» туралы фильм түсіріліп бастаған еді. Түсірілім жұмыстары аяқталып қалды ма? – Мемлекет басшысының қолдауымен өткен жылы Маңғыстауда түсірілген «Ақ боз үй» фильмі қазір көруге дайын тұр. Қазақ елі большевиктік билік тұсында қолдан ұйымдастырылған 3 ашаршылықта 5 миллиондай халқынан айырылды. Өткен жылы 1921 жылғы екінші ашаршылыққа – 100 жыл, биыл 1932 жылғы үшінші ашаршылыққа 90 жыл толды. Осынау ұлы ұлттық қасіретті ұлт болып лайықты атап өтудің, жазықсыз құрбан болған жарты халық аруағына тағзым етудің бір айшықты амалы – сол аруақтар бастан кешкен сұмдықты экранда «тірілту ғой!» Осылай дегенімізде Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзге келместен осы киножобаны бірден мақұлдады. Қолдады. Бүгінде «Ақ боз үй» жоқтаусыз кеткен жарты халқымызды жалпы халық болып жоқтауға арналған бір жарым сағаттық фильм-жоқтау, фильм-реквием көруге дайын тұр. Режиссері – Бегарс Елубаев. – Бүгінгі әдебиеттің насихатшысы – жазушының өзі. Қойны-қонышқа тығып, кітап оқитын заман келмеске кеткен секілді. Бүгінгі оқырманды кітап оқуға қалай үйретеміз? – Рас. Бүгінде кітап құны түсіп кеткені рас. Оқыр­ман­ның бетін бері қарату үшін қаламгердің өзі та­лан­тынан бөлек, кәсіби деңгейі тым жоғары болуы керек. Оқырман үшін күресте сонда ғана жеңіске жетеміз. – «Қаңтар қасіреті», Ресей мен Украина арасын­дағы қақтығыс, экономикалық дағдарыс... Бүгін уайым көп секілді. Сіздің уайымыңыз не? – Рас. Қаңтар оқиғасынан айыға алмай отырға­ны­­мызда, оның үстіне Украинадағы жағдай қосылды. Путин Украинаға әскер кіргізді. Кеңес Одағын қайта қалыпқа келтіруге кірісті. Бұл бүкіл адамзаттың төбе ша­шын тік тұрғызды. Бұл қасіретке қарап отырып, Қа­­­зақстанды ойлап уайымдаймыз. Кешегі қаңтар оқиғасы күн­дері Қазақстан Туы шайқалды. Көк Туымызды құ­латуға құлшынғандар болды. Алматыны қиратты. Өртке орады. Нақақ қан төгілді. Өте өкініш­ті! Тәуел­сіздік тағдыры таразыға тартылды. Осы тұста През­и­дент Қ.Тоқаев оқыс қимыл жасады. Бүкіл би­лік­ті де­реу өз қолына алды. Көк Туды құлатпай ұстап қалды. Осылайша, Қазақстан азамат соғысының ала­пат дауылынан аман қалды. Бөлшектенуден аман қалды. Ендігі жерде Украинадағы қақтығыстан сабақ алуы­мыз керек. Қазақстан арбасын біреу – көкке, біреу – көлге, біреу – шөлге тарта бермей, украин­дық­тардай бір ту астына жиналуымыз керек! Жұды­рық­тай жұ­мылып, ұлттық бірлік туын көтеруіміз ке­рек! Өйткені тарих доңғалағы Қазақстан үшін де табан астында кілт бұрыла салуы әбден мүмкін!!! Содан Құдай сақтасын!!! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР