Президенттің, Үкіметтің жергілікті жердегі өкілі саналатын ауыл әкімі атанғысы келетіндерге жоғары талаптың қойылуы – заңдылық. Әйтсе де, көпшілік арасында ауыл әкімдерінің сайлауы кезінде кандидаттарға тым жоғары талап қойылғаны айтылып жүр. Басқаны былай қойғанда, алақандай ғана ауылды басқаруға ниет танытқан азаматтардан мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін талап ету ақылға қонбайды. Осыдан барып алтын бесік ауылына адал қызмет еткісі келетін талайдың сағы сынды. Өткен жылдың соңында Президенттің өзі де ауыл әкімдерін сайлау институтын жетілдіріп, кандидаттарға қойылар талапты жеңілдету керек екенін айтқан. Расында, шалғайдағы елді мекеннен мемлекеттік қызметтің «мектебінен» өткен мықты маман табыла бермейді. Ал аудан немесе облыс орталығында жүрген мемлекеттік қызметшілер ауылдың тізгінін ұстауға ниет білдіре қоймайды. Есесіне ауылдағы мектеп, емхана, мәдениет үйі сияқты әлеуметтік нысандарда еңбек ететіндердің арасынан қолынан іс келетіндер көп. Сол секілді шаруа қожалықтары мен ірілі-ұсақты агроқұрылымның жетекшілері де ауыл әкімі атануға бірден-бір лайықты кандидаттың қатарынан. Әйтсе де, ауыл әкімі сайлануына ұсынылатын кандидаттарда мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 2 жылдан кем болмауы керек. Қолданыстағы заңнамаға сай ауыл әкімі «Б» корпусына жататын мемлекеттік әкімшілік лауазым иесіне жатады. Дегенмен саясаттанушылар ауыл әкіміне кандидаттардың мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін талап ету дұрыс емесін алға тартады. Олар мұны қолынан іс келетін өзге сала мамандарының құқығын шектеу деп біледі. Алғашында ауыл әкімдерін сайлауға байланысты бірқатар заңнамалық құжатқа енгізілген өзгерістерді Парламент депутаттарына таныстырған ведомство өкілдері әкімдерге мемлекеттік қызметтегі өтілі қажет емесін айтқан. Алайда бұл сөз айтылған жерінде қалып кеткендей. Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясы ауыл әкіміне қойылатын талап «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына үлгілік біліктілік талаптарын бекіту туралы бұйрық негізінде айқындалатынын мәлімдеді. Ал бұл талап әкімдіктен таласы бар талай азаматтың жолына кедергі болған.
Қосшысын сайлайды, басшысын тағайындайды
Атап айтқанда, былтырғы ауыл әкімдерін сайлау кезінде 700-ден астам ауылдың екі тізгін, бір шылбыр ұстауға 2 582 кандидат өз кандидатурасын ұсыныпты. Оның 2 297-сі тіркеуден өткен. Тіркеуден өтпей қалғандардың дені мемлекеттік қызметтегі өтілі болмай сүрінуі де ғажап емес. Құқықтық саясатты зерттеу орталығы жариялаған «Қазақстандағы сайлау заңнамасы мен сайлау реформасының талдаулары» атты еңбекте ауыл әкімдерінің сайлауына қатысты бірқатар статистикалық дерек келтірілген. Мәселен, кандидат ретінде тіркелген 1 934 кандидаттың 936-сы мемлекеттік қызметкер болса, қалған 385-і бюджеттік мекемеде еңбек етеді. Орталық мамандары ауыл әкімдігіне мемлекеттік қызметте өтілі барларды тарту жергілікті жердегі жұмысты жетілдіруді мақсат етеді деген пікірмен де келіспейді. Олар жаңадан сайланған, тәжірибесі жоқ ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру үшін арнайы курстар ұйымдастыруға болатынын мысал еткен. Бір сөзбен айтқанда, сайлау арқылы әкімдік қызметтің жауапкершілігін арқалайтын азаматтың сайланбалы лауазым иесі екенін ұмытуға болмайды. Сәйкесінше, оған тағайындалатын мемлекеттік қызметшіге қойылатын талапты қою да заңға қайшы келетіні анық. [caption id="attachment_187632" align="alignleft" > © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Саясаттанушы Димаш Әлжановтың пікірінше, ауыл әкімдерінің сайлау институтын жетілдіруде әуелі сайланатын және тағайындалатын лауазым иесі ұғымының аражігін ажыратып алған жөн. – Ауыл әкімдерін сайлау жүйесіне шын мәнінде кешенді реформа қажет. Мәселен, бізде сайланатын әкімдерге мемлекеттік қызметкерге арналған талап қойылады. Осыдан-ақ сайланған ауыл әкімдерін жергілікті жерде тәуелсіз лауазым иесі ретінде мойындамайтынын байқауға болады. Ең қызығы, сайланған ауыл әкімі облыс әкімі тағайындаған аудан әкіміне бағынады. Демек, ауыл әкімдерін халық сайлағанымен, олар өзінен жоғары тұрған институтқа саяси тұрғыдан тәуелді. Ал өз бетінше әрекет етіп, халық мүддесі үшін қызмет еткісі келетіндерді мандатынан айырып, қызметтен аластатады. Ауыл әкімі қызметіне өзін-өзі ұсынғысы келетіндер көп. Бірақ мемлекеттік қызметте өтілі болмағандықтан, кандидат ретінде тіркеле алмайды, – дейді Димаш Әлжанов. Шынында, ауыл әкімін сайлаудағы әуелгі мақсат басшылыққа халық арасында беделге, қолынан іс келетін азаматтарды тарту болған еді. Халыққа да сайлауалды бағдарламасы көңілінен шығатын кандидатқа дауыс беріп, өз ойында жүрген әкімді сайлап алуға мүмкіндік берілген. Дегенмен сайланған әкім өзінен жоғары тұрған, тағайындалған аудан әкімге бағынады. Сондықтан олар әкімдік қызметіне кіріскен сәтінен халыққа берген уәдесінің үдесінен шығудан бұрын аудан әкімінің көңілін аулауға тырысып бағады. Демек, оның ауылдастарының көңілінен шыққан сайлауалды бағдарламасын іске асыру мәселесі кейінге қалады.Бәріне бірдей мүмкіндік берілуі керек
Қоғамда талас тудырған бұл талаптың орындылығына мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов те күмән келтіреді. Оның айтуынша, аталған талап ауыл әкімі қызметіне халық алдында беделді тұлғаларды тартуға кедергі. – Қолданыстағы заңнамаға сай мемлекеттік қызметте өтілі жоқ адам Президент сайлауына кандидат ретінде тіркеле алады. Ал дәл сол санаттағы адам неге ауыл әкімдігіне кандидат бола алмайды? Ауылдарда бұл қызметке халық сенетін, қолына іс келетін азаматтарды көптеп тартқан жөн. Олардың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесінің болу-болмауы маңызды болмауы керек, – дейді Ә.Бәйменов. Ең қызығы, елді мекендердің көбінде тек ауылдық округ аппаратында ғана мемлекеттік қызметшілер қызмет етеді. Оның өзінде ауыл әкімі мен бас маман ғана осы санатқа жатады. Яғни, әкім атануға ниеті бар азаматтар ауылда жүріп мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін жинай алмайды. – Есесіне ауылда жоғары білімі бар, шаруашылықта шыңдалған халықпен жұмыс жүргізетін азаматтар жетіп жатыр. Оларды «Мемлекеттік қызметте тәжірибең жоқ» деп әкімдіктен шектеу дұрыс емес. Керісінше, кеңседе ертелі-кеш кабинет аралап, қағаз тасып жүргендерден гөрі ауылда еңбекпен шыңдалған азаматтарды әкімдікке кандидат ретінде ұсынса, халық соларды қолдар еді. Әрі олар ауыл үшін көп жұмыс істей алады, – дейді Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев. Қорыта айтқанда, Президент тапсырмасына сай ауыл әкіміне кандидаттарға қойылар талапты жетілдіруде мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі жоқ азаматтарға да мүмкіндік берудің тетіктері қарастырылғаны жөн. Неге десеңіз, 2025 жылға дейін ел аумағындағы 2 345 ауылдың әкімі сайланбақ. Ал олардың барлығын жоғары білімді, мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар азаматтармен алмастыра алмасы анық. Сондықтан заң аясында халыққа сөзі өтетін, жергілікті іскер азаматтарды әкімдік қызметке тартудың жолын қарастырудан ұтарымыз көп болмақ.