Азаматтық қорғаныс нысандары көңілден шыға ма?
Азаматтық қорғаныс нысандары көңілден шыға ма?
© коллаж: Әсел Балтақызы
357
оқылды
Бұрынғылардың «сақтан­саң – сақтаймын» деп жа­ратушының атынан сөйлейді де, кез келген оқиғаға сақ­тық­тың қажет екенін ескертіп кеткені бар. Өйткені түрлі дең­гейдегі қауіп-қатер кез кел­ген сәтте пайда болып, бұ­қараны әбігерге салуы мүм­кін. Оның үстіне, әлемдегі оқи­ғалар да азаматтардың бас амандығын ойлаудың ма­ңыз­ды екенін көрсетті. Әрі нау­рыз айының 1-і күні Дү­ние­жүзілік азаматтық қорғаныс күні атап өтілетін дәстүр бар. Ал Қазақстан жаһандық қа­уымдастықтың бір бөлшегі. Жалпы, азаматтардың қауіп­сіздігі мәселесіне келгенде, әлбетте сел, топан су, қар көшкіні тәрізді табиғи апаттармен қатар техногенді сипаты бар оқыс оқиғалардың еске түсетіні бар. Әсіресе, түрлі деңгей­дегі жарылыс бола қалған жағдайда елді мекендердегі қорғаныс ны­сан­дарының маңызы арта түседі. Тек сондай нысандардың маңызды еке­нін Арыс қаласы мен Жамбыл об­лысындағы әскери қоймаларда өрт шығып, жарылыс болғанда ал­ғаш рет сезінген тәріздіміз. Одан соң Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыс та азаматтық қор­ғаныс нысандарының маңы­з­ды­лығы мен оларды түгендеп қойған­ның артықтығы жоқ екенін көрсетті.

Ел ішінде «ескіге» тамсанатындар бар

Қазақстан билігі ішкі-сыртқы саясатында бейбітшілікті сақтауға айрықша көңіл бөлгенімен, бұқара арасында түрлі қауіп-қатер туын­даса, соның ішінде жарылыстар бола қалса не істеу керек екенін ой­­­лайтындар жоқ емес. Кейде ке­ңес­тік кезеңнен қалған бомбадан паналау орындарын жаңғыртуды ал­ға тартатындар да бар. Тіпті, олар­ды іздейтіндер де кездеседі. Тауып та алып жатады. Ал кейбір аймақ­тарда КСРО-дан қалған аза­маттық қорғаныс нысандарын кү­тіп ұстауға жауапты кәсіпкерлер ке­йіп жүр. Өйткені бомбадан пана­лау орында­рын бабында ұстау шы­ғыны көп іс. Мәселен, 2018 жылы ақтөбелік кә­сіп­керлер қаладағы бомбадан пана­лау орындарын күтіп ұстаудың шы­ғыны мол екенін ай­тып, тиісті мекемелерге шағымдан­ған еді. Қа­ла­дағы «Ново-Альжан­ский мель­ком­бинат» ЖШС дирек­торы Қанат Тапаев өзі басқаратын мекемедегі бомбадан паналау орны КСРО ке­зінде салынғанын, тіпті сол кездің өзінде құрылыс норма­лары бұзыл­ғанын, сөйтіп суға то­лып кеткенін айтқан-ды. Ал төтен­ше жағдайлардың алдын алу мен зардабын жоюға жауапты мекеме­дегілер компанияға бомбадан па­налау орнын қайта жөндеуді немесе жаңасын салуды бұйырыпты. «Нысанды жөндеу немесе жаңа­сын салудың құны 400 млн теңге шамасында болады. Біз орта кәсіп­керлік санатына кіреміз. Мұндай нысанды салуға шамамыз келмей­ді», – деген еді сол кезде Қ.Тапаев. Ал азаматтық қорғаныс нысанда­рын күтіп ұстау ережесі Кеңес Ода­ғынан бері бар. Сол себепті Тө­тенше жағдайлар жөніндегі ми­нистр­лік пен оның жергілікті бө­лім­шелерінің талаптарын да заңсыз деу қиын. Бәлкім, содан да шығар, 2021 жылы Орал қаласындағы көпбейінді аурухананы жергілікті ТЖ мекемесі сотқа берген. Өйткені ауруханада азаматтық қорғанысқа арналған арнайы орындар жоқ бо­лып шықса керек. Сол себепті ауру­х­ана басшыларына 2 ай ішінде бомбадан паналау орнын жасауды тапсырыпты. Алайда нысанның бертінде салынғанын ескерсек, Төтенше жағдайлар департаменті мамандары құрылысты қабылдап алу кезінде паналау орындарының бар-жоғын тексеруі тиіс еді. Бірақ олай жасамаса керек. Тек кейін айыппұл салуға көшкен сыңайлы. Негізі, бомбадан паналау орын­дары КСРО кезінде салынған көп­теген ғимарат бар. Одан бө­лек, көлемі үлкен азаматтық қор­ға­ныс нысандары да қалаларда кез­деседі. Тіпті, сондай ескі нысандар адам өмірін де жалмаған кездері болған. Мәселен, 2010 жылы сол кездегі Астана қаласында орна­лас­қан бомбадан паналау орнында шыққан өртті сөндіру кезінде үш өрт сөндіруші қаза тапқан. Кейін жалпы көлемі 3 мың шаршы метр­ден асатын, 2 400 адам сыятын азаматтық қорғаныс нысан «Тұран» университетінің иелігіне өтіпті. Оқу орны оны бұзып, орнын көгал­дандырмақ екен. Қысқасы, ескі бом­бадан паналау орындарына қа­тысты көзқарас әртүрлі деген сөз.

Қанша «бункер» бар?

Әрине, азаматтық қорғаныс ны­сандарының барлығын бірден «бункер» деп бағалауға болмайды. Әрі елімізде мұндай паналау орын­дарының қаншасы бар екені бел­гісіз. Дегенмен КСРО әскерінен қал­ған бункерлермен паналау орын­дары табылып қалатыны бар. Халық та әдетте сондай орындарды шынайы бункер немесе бомбадан паналау нысаны деп ұғады. Сон­дық­тан біз Төтенше жағдайлар ми­нистрлігіне хат жазып, азаматтық қорғаныс нысандары қандай қала­ларда бар екенін сұрағанымызда ресми жауапта «барлық қалада» деп көрсетіліпті. «Азаматтық қорғаныс нысан­да­ры еліміздің барлық ірі қаласында бар және олардың орналасу мекен­жайы туралы ақпарат таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатады. Сонымен қатар қазіргі заманғы зақымдану факторларының әсері­нен халықты қорғаудың бірнеше әдісі бар екенін атап өткен жөн» дей келе, төтенше жағдайда азамат­тар­ды паналатудың жолдарын көр­се­тіпті. Жарылыс немесе адам өміріне қатер төндіретін өзге де жағдайлар қалыптаса қалса, азаматтарды қа­рапайым паналарда, яғни жертөле, ғимараттың жертөле үй-жайы, жерасты паркингтері, жеке тұрған те­реңдетілген құрылыстар, метро­политендер, жерасты өткелдерінде паналатады екен. Одан бөлек, бұқа­раны эвакуациялауға көңіл бөліне­тін болса керек. Шамасы, Арыс пен Жамбылдағы жарылыс кезінде аза­маттарды эвакуациялау себебі со­дан болса керек. Бірақ әскери қой­малардағы жарылыс кезінде халықты эвакуациялау тәсіліне жүгіну арқылы шенділер бомбадан паналау орындарының қайда тұр­ғанын халыққа білдіргісі келмегенге ұқсайды. Әлде елордадағы, Ақтө­бе­дегі бункерлер мен паналау орын­да­ры сияқты жарылыс болған елді ме­кендердегі мұндай нысандар жа­рамсыз болып қалды ма, кім біл­сін? Әйтеуір, екі үлкен төтенше оқиғада да эвакуация тәсілін таңдадық. Айтпақшы, ТЖМ бомбадан паналау орындары барлық қалада бар екені жайлы ақпарат бергені­мен, кеңестік кезеңнен қалғаны қанша екені жайлы тіс жарған жоқ. Бірақ ашық дерек көздері ондай орындардың көптеген қалада бар екенін көрсетіп тұр. Ал көлемді және сол кездегі барлық талапқа сай жасалғандары қорғаныс өнер­кәсібі кәсіпорындары бар қалалар­да орналасқан тәрізді. Мә­селен, Петропавл қаласында КСРО ке­зінен қалған 15 бомбадан паналау орны болыпты. Одан бөлек, КСРО-ның стратегиялық мақсаттағы зы­мыран әскері, әскери полигондары орналасқан аймақтарда да ірі бун­керлер мен паналау орындары бар екені жиі айтылады. Айталық, 2020 жылдың қаңтарында журналистер Алматы облысындағы бомбадан па­налауға арналған әскери нысан­ды аралап, фотоға түсіргені бар. КСРО-ның Әуеқорғанысы және байланыс әскерінің 35104 бөліміне тиесілі болған нысан әлі бар. Алма­ты қаласынан 30 шақырым жерде. Бірақ оны қазір ешкім пайдалан­байды.

Паналау орындары бас сауғалауға жарай ма?

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің мәліметіне сенсек, түрлі апат немесе ұрыс жағдайында паналау орындарының өмір сүруге ыңғайлы болуы белгілі бір норма­тивтік-құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылатын көрінеді. «Аза­маттық қорғау саласындағы нор­мативтік-құқықтық актілерге сәй­кес паналайтын жерлердің тірші­лігін қамтамасыз ету жүйелері екі тәулік ішінде паналаушыларды үздіксіз қамтамасыз етуді есепке ала оты­рып құрылады. Паналайтын жер­лерді тіршілік көздерімен, соның ішінде сумен, желдету тетік­терімен, желдету, инженерлік жүйе­лермен және өзге қажеттіліктермен қамта­масыз ету паналайтын жерді жоба­лау барысында Қазақстанның құ­рылыс нормалары мен қағи­дала­рына сәйкес жүзеге асырылады. Паналайтын жерлердің да­йын­дық жағдайына тексеріс мерзім­ді түрде азаматтық қорғаныс объек­тілеріне түгендеу жүргізу барысында жергілікті атқарушы органдардың және мүдделі ұйымдардың өкілде­рі­мен бірлесіп және азаматтық қор­ғаныс шараларының орында­луына мемлекеттік бақылау жүргізу щеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен жүзеге асырылады», – дейді ми­нистрлік мамандары. Ресми жауап­тың тілі жұтаң, көп адам ұға қой­майтындай жазылғаны рас. Деген­мен одан ұққанымыз, ел басына күн туа қалса, азаматтық қорғаныс ны­сандарын тиісті керек-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз ету мә­селесі жедел шешілетін болса керек. Ал жаңадан салынып жатқан құ­рылыс нысандарында жарылыстан, радиациядан паналау орындарын салу талаптары да заңмен реттелетін көрінеді. «Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын жобалау Қазақстанның құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінгі күні паналай­тын жерлердің құрылыс нормалары мен қағидаларының талаптарына сәйкес болуы жобаның тапсырыс берушісіне, техникалық және ав­тор­лық қадағалауларға және мер­дігерге жүктелген. Өз кезегінде Төтенше жағдай­лар министрлігі азаматтық қор­ға­ныс шараларының орындалуына мем­ле­кеттік бақылауды жүзеге асы­рады, оның аясында паналай­тын жерлердің дайындық жағдайы тек­серіледі», – делінген министрлік жауабында. Бірақ жаңа нысандарда мұндай орындардың бар-жоқтығы құрылысты жобалау кезінде ТЖМ мамандары қаншалықты тексереді, компаниялар нормаларды қалай орындап жүр, оған жауап айтылған жоқ. Бірақ медиада мұндай талап­тарды орындамағаны үшін ТЖ органдары айыппұл салған меке­ме­лер жайлы мәліметтер жиі кез­деседі. Соған қарап-ақ азаматтық қорға­ныс­қа қажет нысандардың маңыз­дылығын құрылысқа тап­сы­рыс бе­рушілер де, нысанды салу­шы­лар да ескере бермейді-ау деген ой түйдік.