Құрметті баскетбол! Есіңде болар, кіп-кішкентай Коби болашағын өзіңмен байланыстырды. Әкесінің шұлығынан доп жасап, ойша шығыршыққа тастады. Әрине, әдеттегідей дөп түсетін. Артынша ең жақсы клубтың біріне 20 жылын арнады. Кобидің биік бейнесі сені де қайран қалдыратын, солай ма? Өйткені соңғы 5 секундты әсерлі ету Брайанттың қолынан келетін. Енді ол «Лейкерс» ойынын көктен бақылап, тақым қысатын болады. Кәне, өзіңді өмірдің мәніне теңеген қорғаушыны еске алайықшы.
5,4,3,2,1... Баскетбол тәртібін білетінді састыратын секунд. Осындайда шешім қабылдау санаулының қолынан келеді. Ал Брайант мүмкіндікті пайдалануды жақсы көретін. Нәтижесі қандай болса да, тайсалмайтын. Жанкүйер көңілінен орын алуына да адуыны әсер етті. Жайлап келіп, жайпап өтетін. Құласа қайта тұру әдеті еді. Оған тренер де, жанкүйер де 20 жыл бойы пас беруді үйретумен болды. Алайда ол ырыққа көнетіндердің қатарынан емес. Осы мінезімен елден ерек еді. 2016 жылы «Ютаға» қарсы ойында олар Брайант бойындағы ерекшелікті толығымен ұғынды. Ертең не боларын топшылады. Топ ішінен бөлініп шығар жоғын түсінді. Содан болар сен де, жанкүйер де Кобиға «тоқтама, пас берме» дедіңдер. Ол сол күні сондай құштарлықпен, ерекше сезіммен ойнады. «Стэйплс Центр» де 24-нөмір сиқырын көпке дейін есінде сақтағысы келді. Соңғы матчта бір өзі 60 ұпай жинаған қара мамба баскетбол-метросының кезекті аялдамасынан түсіп қалды. Әрине, әдеттегідей әсерлі нүкте қойды.
Шығыршық
Иә, ол қара мамба еді. Аңызға айналған атауды өзі ойлап тапқан. Байыбына барсаң, мәні тереңде жатқанын түсінесің. Қара мамба – гамадриадтан кейінгі улы жылан. Ал баскетболсүйер қауымнан «Кім үздік?» деп сұрай қалсаң, Майкл Джордонды сөзге қосады. Кейбірі Коби Брайантты таңдаулы деп есептейді. Шынымен де, ҰБА-ны жаңа деңгейге көтеріп, тарихта ұлы ойыншыдан кейін де орынбасар болатынын дәлелдеді. Баскетболшы боламын деген әр жастың санасына жаттығудың маңызды екенін сіңірді. Жігер мен ішкі сенімнен мотивация алуды, эгоист болудың артықшылығын көрсетті. Аталғандар қара мамбаның тағы бір қырын ашады. Әккі жылан қысқа қашықтықта жылдамдығын 11 км/сағатқа арттыра алады. Бұл – баскетболдың қара мамбасына да тән қасиет. Қарсылас шығыршығы алдында ойыншыларды әуре-сарсаңға салып, құйынша арбап өтетін. Осындай талантының арқасында мектеп құрамасынан кейін бірден «Лейкерске» қабылданды. Негізі, баскетбол пирамидасы мектеп, университет құрамасы мен кәсіби клубтан тұрады. Коби жолы болғандардың қатарынан. Бірде өзі «егер университетте оқысам, сөзсіз Дюкті таңдар едім» дегені бар. Бірақ «Лейкерс» оның арманы болатын. Арман алдаған жоқ. Қайта 17 жастағы Кобиді иірімге ерте тартып, шыңдалуға жол ашты. Әйтпегенде ол естен танарлық рекорд жасап, керемет көрсеткішке жетер ме еді?
Кобидің қанында баскетбол ДНК-сы бар-ды. Әкесі де, нағашы ағасы да баскетбол ойыншысы. Алма ағаштан ары түсетін бе еді? 33-нөмірді жақсы көретін. Өйткені әкесі аталған нөмірмен доп қуған. «Лейкерске» келген жылы 33 немесе 24-нөмірді алғысы келді. Алайда иесі болғандықтан, Кобиге 8-нөмір бұйырған. 2005/06 жылғы маусымда ақыры қалаған 24-нөмірге қолы жетеді. «Неліктен 24-нөмір?» деген сауалға баскетболды 24 сағат ойнауға барын, солай дайындалатынын, әркез ойынан шықпайтынын айтып жауап берген.
Доп соңғы сәтте шығыршыққа теңселіп барып түскен сәтін еске түсірші. Жүрегің атқақтап, бойыңды тылсым күш билейді. Ойыңды сан сұрақ мазалап, дал боласың. Бірақ іштей бір жақсылықтың боларын сезесің. Коби Брайант мансабы жанкүйер жадында осылай сақталды. Қарсылас жадында тікұшақтың көкке көтерілгеніндей, күн күркірегендей әсер қалдырды. 5 рет ҰБА кубогын ұтып, 18 рет жұлдыздар матчына қатысып, атын тарихта алтын әріппен жазды.
Бастысы, ол әрбірінің жүрегінде ұмтылыс алауын жақты. Өзінің 17 жастағы Кобиге жазған хатын оқысаңыз, көзіңіз жетеді. Ол масылдық пен жалқаулық адамның түбіне жетерін, ақшаң болса, жақыныңның қазіргі күйіне емес, болашағына инвестиция салу керегін жазыпты. Арманға жеттім екен деп тайсалуға болмайтынын атап өткен. Бар жетістігінің астарында бала Коби жанарындағы жалын барын жасырмаған. Жасөспірім Брайантқа қандай жағдай болмасын көздегі отты сөндіріп алмауын өтінген. Сөйтті де. Әлем мойындаған ойыншыға, үлгі тұтар азаматқа айналды.
Жанталас
Спорт адамнан қажыр-қайрат пен жанталасуды қалайды. Кейбірі атаққа малданып, «күрмеуін» босатады. Ал бұл мансаптың құлдырауына, ертеңгі күннің көмескіленуіне әкеледі. Коби Брайант жоғарыдағы жағдайға түспеуі үшін барынша тырысты. Өмірді баскетбол деп түсінді. Барынша жаттығу жасап, тіпті жарақаты болса да, ойынға қатысты. Мәселен, 2013 жылы «Голден Стэйтке» қарсы матчта жарақат алса да, бой берген жоқ. Паркетке қайта оралып, екі айып добын алаңсыз орындады. Баскетболға берілгені соншалық жаттығуды, өзін шыңдауды алдыңғы орынға қойды.
2012 жылғы олимпиада ойындары алдында Кобимен Роб есімді физиотеропевт жұмыс істейді. Ол Кобиге қалаған уақытында хабарласуға болатынын, қолынан келгенше көмектесетінін айтады. Бірде таңғы төрт шамасында Робтың телефонына қоңырау түседі. Қараса, Коби Брайант. Қара мамба Робқа жаттығу алаңына келуін сұрайды. Атақты ойыншыға қарсы сөз айту мүмкін бе? Артынып-тартынып барып, 2 сағат жаттығуын бақылаған ол үйіне қайтады. Сағат 11-ді көрсете бере алаңға қайта келеді. Келсе, Брайант әлі жүр. Одан жөн сұрайды. Сонда Коби жаттығуды енді ғана аяқтағанын, тек 800 рет шығыршыққа дәл түсуді мақсат тұтқанын айтады. Роб Брайанттың жігеріне, күшті бола түссем деген амбициясына таңдай қағады. Әрқашан жеңіске жетіп, қатарының алды болуға ұмтылған Коби – кез келгенге үлгі.
Жеңіс жолындағы жігер
Жеңіс демекші, қара мамба жеңілуді ұнатпайтын. Жеңіле қалса, есебі дайын-ды. Өзінен бастап, командадағы әр ойыншыны жеке-жеке тергеп шығатын. Брайантпен паркетте оңай түсінісетіндер алаң сыртында абдырап қалатын. Соның бірі – атақты Шакил О’ Нил-ді. Екеуі құрған дуэт ҰБА-ны жаңа деңгейге көтерді. Қос мықты иық тірессе алынбайтын қамал жоғын көрсетті. Шакил мен Коби қатарынан 3 мәрте ҰБА чемпионы атанды. О’ Нил болса ойын сыртында да өмір барын түсінетін. Ал Коби таразысында баскетболдың салмағы басым еді. Сондықтан Шакилдің әрекеті көңіліне жақпады. Екеуі бір-бірін жиі «төпелеуді» шығарды. Ақыр аяғы Коби «Лейкерске» «не мен не Шакил» деген талап қойды. Клуб басшылығы Брайантты таңдап, О’ Нил-ді «Майами Хитқа» жіберді. Кейінірек Коби сұхбаттарының бірінде Шакил баскетболға басымдық бергенінде екеуінің 12 рет чемпион боларын меңзеген.
Шын берілу құрбандықты талап етеді. Солай болды да. Коби жеңіс жолындағы жігерімен ерекшеленгенімен, өмірде нағыз досы болмапты. Уақытының басым бөлігін баскетболға арнаған ол ойыннан тыс уақытын «тиімді» пайдаланбаған. Осы әсер етті ме, мансабын аяқтағаннан кейін де баскетболдан жырақ кетпеді. «Мамба» ойын базасын ашып, қызы Джианнаны ойынның қыр-сырына баулыды.
Жеңімпаз
Ең қауқарлы кім екенін білесіз бе? Бойдағы жалқаулықты жеңе білген адам. Коби Брайант – жеңімпаз. Ол мансабым аяқталды екен деп артқа шегінбеді. Жаңа жол іздеді. Қызы Джианнаның таланты барын байқаған соң қыздар арасындағы баскетбол жұлдызы болуын қалады. Жаттығуына қатысып, ойынын көруге арнайы тікұшақпен барды. ҰБА-дағы мансабында 328 млн доллар табыс тапты. Одан бөлек, түрлі компаниямен келісімшартқа отырып, жеке бизнесін дөңгелетті. Мәселен, 2014 жылы BodyArmor спорт сусыны акциясын 6 млн долларға сатып алып, 2018 жылы 200 млн долларға жуық пайда көрді.
Айтпақшы, Леонардо Ди Каприода қанша «Оскар» болса, Кобиде де соншасы бар. Өзін кинематографияда сынап көрген баскетболшы 2018 жылы «Оскар» жүлдесін алды. Ойыншы идеясы мен өлеңі желісінде түсірілген «Қымбатты баскетбол» анимациялық фильмі үздік шықты. Осынысымен Коби баскетболға деген махаббатын тағы бір мәрте дәлелдеді. Неге дейсіз ғой? Өйткені мұнда да оны елден ерек еткен – баскетбол. Бала Кобидің әлемнің үздігі болсам деген арманы.
Брайант және футбол
Біз білетін Брайант испан және итальян тілін еркін меңгерген. Оған қоса балалық шағы Италияда өткен. Ол баскетболды таңдамағанында футболшы болар еді. «Миланды» ерекше жақсы көрді. Жалпы, спорттың қай түрі болмасын, бағалайтын. Футболшылармен қоян-қолтық араласып, мәре-сәре болатын. Құдды жанының бір бөлшегін жасыл алаңда қалдырғандай әсер сыйлайтын. Содан ба, «қара мамба қайтыс болды» дегенде күллі әлем аза тұтты. Сол күні Неймар соққан голын Кобидің рухына арнады. Әр лигада өткен матч Брайантты еске алумен басталды. Рамос жаттығу жиынында Коби жейдесімен шығып, Месси мен Роналду бастағандар әлеуметтік желіде жаһанға көңіл айтты.
Ал Коби қадір тұтқан «Милан» жанкүйерін ерекше құрметтеді. «Сан Сиро» күңіреніп, клуб ойыншылары қаралы белгі тақты. «Ториномен» ойын еске алумен басталып, жанкүйерлердің Брайантқа арнаған әнімен жалғасты. Бастапқыда А Сериясы «Миланға» мұндай рәсім өткізуге тыйым салды. Алайда бұған көнетін «Милан» бар ма? Мінезді клуб Коби Брайантты лайықты шығарып салуға бар күшін жұмсады.
«Коби, сен тікұшақ апатынан қаза боласың»
Атақты баскетболшы Коби Брайант 26 қаңтар күні тікұшақ апатынан қаза тапты. Джианнаның кезекті матчына бара жатқан жолда тікұшақ Калифорния штатында құлады. Салдарынан 9 адам қайтыс болды.
Иә, қара мамба алысты жақындатуды жақсы көретін. Ойынға жиі тікұшақпен қатынайтын. Спорт жұлдызының тікұшақ апатынан қаза табатынын жанкүйері білген деседі. Осыдан 7 жыл бұрын Noso есімді Twitter қолданушысы баскетболшының тағдырын болжаған. 2012 жыл 13 қараша күнгі жазбасында «Коби тікұшақ апатынан көз жұмады» деп жазған. Қазір әлем твит иесінің «әулиелігіне» қайран қалуда. Ал ол кумиріне бұлай қалжыңдағанына қатты өкінетінін мәлімдеген бірнеше твит жариялады. Қазақ «сөздің киесі бар» деп бекер айтпаса керек-ті.
Қазір күллі әлем, оның ішінде Лос-Анджелес қара жамылды. Айбынды ойыншыдан, жігерлі жаратылыстан айырылғанына аһ ұрды. Қала көшелерінде баскетболшыға құрмет көрсетіліп, ғимарат төбесіне 24 саны жазылды. Әсіресе, «Стэйплс Центр» маңында адам қарасы көп. 24-нөмірлі жейдені, доп пен гүл шоғын ұстағандар баскетболға қайғырып көңіл айтады.
Ал сен ше, баскетбол? Тарихтағы біртуардың бірінен айырылу оңай соқпаған шығар? Тікұшақ құлаған сәтте саған ол «Таблода 5 секунд қалды. Қолымда доп. 5,4,3,2,1... Мен сені мәңгі жақсы көремін. Сенің Кобиің» деген болар, кім білсін?!
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ