Болмысы бөлек қара Мамба
Болмысы бөлек қара Мамба
404
оқылды
Құрметті баскетбол! Есің­де болар, кіп-кішкентай Коби бо­ла­шағын өзіңмен байла­ныс­­тыр­ды. Әкесінің шұлы­ғы­нан доп жасап, ойша шығыр­шық­қа тас­тады. Әрине, әдет­те­гідей дөп түсетін. Артынша ең жақсы клуб­­тың біріне 20 жылын арна­ды. Кобидің биік бейнесі сені де қайран қалды­ратын, солай ма? Өйткені соң­ғы 5 секундты әсерлі ету Брайант­тың қолынан келетін. Енді ол «Лейкерс» ойы­нын көк­тен бақылап, тақым қы­са­тын бола­ды. Кәне, өзіңді өмір­­дің мәніне теңеген қор­ғау­шы­ны еске алайықшы. 5,4,3,2,1... Баскетбол тәртібін білетінді састыратын секунд. Осын­­дайда шешім қабылдау са­нау­­лының қолынан келеді. Ал Брайант  мүмкіндікті пайдалануды жақсы көретін. Нәтижесі қан­дай болса да, тайсалмайтын. Жан­күйер көңілінен орын алуына да адуыны әсер етті. Жайлап ке­ліп, жайпап өтетін. Құласа қайта тұру әдеті еді. Оған тренер де, жан­күйер де 20 жыл бойы пас беруді үйре­ту­мен болды. Алайда ол ырыққа көне­тіндердің қатарынан емес. Осы мінезімен елден ерек еді. 2016 жылы «Ютаға» қарсы ойында олар Брайант бойындағы ерекшелікті толығымен ұғынды. Ертең не бо­ла­рын топшылады. Топ ішінен бөлі­ніп шығар жоғын түсінді. Содан болар сен де, жанкүйер де Кобиға «тоқтама, пас берме» де­­дің­дер. Ол сол күні сондай құш­­­тар­лық­пен, ерекше сезіммен ойнады. «Стэйплс Центр» де 24-нөмір сиқырын көпке дейін есін­де сақтағысы келді. Соңғы матч­та бір өзі 60 ұпай жинаған қара мам­­ба баскетбол-метросының ке­зек­ті аялдамасынан  түсіп қал­ды. Әри­не, әдеттегідей әсерлі нүкте қойды.  

Шығыршық

Иә, ол қара мамба еді. Аңызға айналған атауды өзі ойлап тапқан. Байыбына барсаң, мәні тереңде жатқанын түсінесің. Қара мамба – гамадриадтан кейінгі улы жылан. Ал баскетболсүйер қауымнан «Кім үздік?» деп сұрай қалсаң, Майкл Джордонды сөзге қосады. Кейбірі Коби Брайантты таңдаулы деп есептейді. Шынымен де, ҰБА-ны жаңа деңгейге көтеріп, тарихта ұлы ойыншыдан кейін де орынбасар болатынын дәлелдеді. Баскетболшы боламын деген әр жастың санасына жаттығудың маңызды екенін сіңірді. Жігер мен ішкі сенімнен мотивация алуды, эгоист болудың артықшылығын көр­сетті. Аталғандар қара мам­ба­ның тағы бір қырын аша­ды. Әккі жылан қысқа қа­шық­тықта жыл­дамдығын 11 км/сағатқа арт­ты­ра алады. Бұл – бас­кет­бол­дың қара мам­­басына да тән қасиет. Қарсылас шығыршығы алдында ойыншыларды әуре-сарсаңға салып, құйынша арбап өтетін. Осындай талантының арқасында мектеп құрамасынан кейін бір­ден «Лейкерске» қабылданды. Негізі, баскетбол пирамидасы мек­теп, университет құрамасы мен кәсіби клубтан тұрады. Коби жолы болғандардың қатарынан. Бірде өзі «егер университетте оқы­сам, сөзсіз Дюкті таңдар едім» дегені бар. Бірақ «Лейкерс» оның арманы болатын. Арман алдаған жоқ. Қайта 17 жастағы Кобиді иірімге ерте тартып, шыңдалуға жол ашты. Әйтпегенде ол естен танарлық рекорд жасап, керемет көрсеткішке жетер ме еді? Кобидің қанында баскетбол ДНК-сы бар-ды. Әкесі де, нағашы ағасы да баскетбол ойыншысы. Алма ағаштан ары түсетін бе еді? 33-нөмірді жақсы көретін. Өйт­кені әкесі аталған нөмірмен доп қуған. «Лейкерске» келген жылы 33 немесе 24-нөмірді алғысы кел­­ді. Алайда иесі болғандықтан, Коби­ге 8-нөмір бұйырған. 2005/06 жылғы маусымда ақыры қалаған 24-нөмірге қолы жетеді. «Неліктен 24-нөмір?» деген сауалға баскет­бол­ды 24 сағат ойнауға барын, солай дайындалатынын, әркез ойы­нан шықпайтынын  айтып жауап берген. Доп соңғы сәтте шығыршыққа теңселіп барып түскен сәтін еске түсірші. Жүрегің атқақтап, бойың­ды тылсым күш билейді. Ойың­ды сан сұрақ мазалап,  дал бола­сың. Бірақ іштей бір жақсы­лық­тың боларын сезесің. Коби Брайант мансабы жанкүйер жа­дын­да осылай сақталды. Қар­сы­­лас жадында тікұшақтың көк­­ке көтерілгеніндей, күн күр­кі­­регендей әсер қалдырды. 5 рет ҰБА кубогын ұтып, 18 рет жұл­дыз­дар матчына қатысып, атын тарих­та алтын әріппен жазды. Бастысы, ол әрбірінің жүре­гінде ұмтылыс алауын жақты.  Өзінің 17 жастағы Кобиге жазған хатын оқысаңыз, көзіңіз жетеді. Ол масылдық пен жалқаулық адамның түбіне жетерін, ақшаң болса, жақыныңның қазіргі күйіне емес, болашағына инвестиция салу керегін жазыпты. Арманға жет­тім екен деп тайсалуға бол­май­тынын атап өткен. Бар же­тіс­­тігінің астарында бала Ко­би жанарындағы жалын барын жасырмаған. Жасөспірім Бра­йант­­қа қандай жағдай болма­сын көз­дегі отты сөндіріп ал­мауын өтін­­ген. Сөйтті де. Әлем мо­йын­даған ойыншыға, үлгі тұтар аза­мат­қа айналды.  width=

Жанталас

Спорт адамнан қажыр-қайрат пен жанталасуды қалайды. Кей­бірі атаққа малданып, «күрмеуін» боса­тады. Ал бұл мансаптың құл­ды­рауына, ертеңгі күннің көмес­кі­л­енуіне әкеледі. Коби Брайант жоғарыдағы жағдайға түспеуі үшін барынша тырысты. Өмірді бас­кетбол деп түсінді. Барынша жат­тығу жасап, тіпті жарақаты бол­са да, ойынға қатысты. Мә­се­лен, 2013 жылы «Голден Стэйт­ке» қарсы матчта жарақат алса да, бой берген жоқ. Паркетке қай­та оралып,  екі айып добын алаң­­­сыз орындады. Баскетболға бе­­­ріл­­гені соншалық жаттығуды, өзін шыңдауды алдыңғы орынға қойды. 2012 жылғы олимпиада ойын­дары алдында Кобимен Роб есімді физиотеропевт жұмыс істейді. Ол Кобиге қалаған уақытында ха­бар­­ласуға болатынын, қолынан кел­­генше көмектесетінін айтады.  Бірде таңғы төрт шамасында Роб­тың телефонына қоңырау түсе­ді. Қараса, Коби Брайант. Қара мамба Робқа жаттығу ала­ңына келуін сұрайды. Атақты ойыншыға қарсы сөз айту мүмкін бе?  Артынып-тартынып барып, 2 сағат жаттығуын бақылаған ол үйіне қайтады. Сағат 11-ді көрсете бере алаңға қай­та келеді. Келсе, Брайант әлі жүр. Одан жөн сұрайды. Сонда Коби жат­­­тығуды енді ғана аяқтағанын, тек 800 рет шы­ғыршыққа дәл түсу­ді мақ­сат тұтқанын айтады. Роб Брайант­тың жігеріне, күшті бола түс­сем деген амбициясына таңдай қағады.  Әрқашан жеңіске жетіп, қатарының алды болуға ұм­тылған Коби – кез келгенге үлгі.  

Жеңіс жолындағы жігер

Жеңіс демекші, қара мамба же­ңілуді ұнатпайтын. Жеңіле қалса, есебі дайын-ды. Өзінен бастап, командадағы әр ойыншыны жеке-жеке тергеп шығатын. Брайантпен паркетте оңай түсінісетіндер алаң сыртында абдырап қалатын. Соның бірі –  атақты Шакил О’ Нил-ді. Екеуі құрған дуэт ҰБА-ны жаңа деңгейге көтерді. Қос мықты иық тірессе алынбайтын қамал жоғын көрсетті. Шакил мен Коби қатарынан 3 мәрте ҰБА чемпионы атанды. О’ Нил болса ойын сыртында да өмір барын түсінетін. Ал Коби таразысында баскетболдың салмағы басым еді. Сондықтан Шакилдің әрекеті көңіліне жақпады. Екеуі бір-бірін жиі «төпелеуді» шығарды. Ақыр аяғы Коби «Лейкерске» «не мен не Шакил» деген талап қойды. Клуб басшылығы Брайантты таң­дап, О’ Нил-ді «Майами Хит­қа» жіберді. Кейінірек Коби сұх­бат­тары­ның бірінде Шакил бас­кет­­бол­ға басымдық бергенінде еке­у­і­нің 12 рет чемпион боларын мең­­зе­ген. Шын берілу құрбандықты та­лап етеді. Солай болды да. Коби же­ңіс жолындағы жігерімен ерек­ше­ленгенімен, өмірде нағыз досы болмапты. Уақытының басым бөлігін баскетболға арнаған ол ойыннан тыс уақытын «тиімді» пайдаланбаған. Осы әсер етті ме, мансабын аяқтағаннан кейін де бас­кетболдан жырақ кетпеді. «Мам­ба» ойын базасын ашып, қызы Джианнаны ойынның қыр-сырына баулыды.    width=

Жеңімпаз

Ең қауқарлы  кім екенін біле­сіз бе? Бойдағы жалқаулықты жеңе білген адам. Коби Брайант – жеңімпаз. Ол мансабым аяқталды екен деп артқа шегінбеді. Жаңа жол іздеді. Қызы Джианнаның таланты барын байқаған соң қыз­дар арасындағы баскетбол жұл­дызы болуын қалады.  Жатты­ғуы­на қатысып, ойынын көруге арнайы тікұшақпен барды. ҰБА-дағы мансабында 328 млн доллар табыс тапты.  Одан бөлек, түрлі компаниямен келісімшартқа отырып, жеке бизнесін дөңгелетті.  Мәселен, 2014 жылы  BodyArmor спорт сусыны акциясын 6 млн дол­ларға сатып алып, 2018 жылы 200 млн долларға жуық пайда көрді. Айтпақшы, Леонардо Ди Кап­риода қанша «Оскар» бол­са, Кобиде де соншасы бар. Өзін кинематографияда сынап көр­ген баскетболшы 2018 жылы «Оскар» жүлдесін алды. Ойыншы идеясы мен өлеңі желісінде түсірілген «Қымбатты баскетбол» ани­ма­ция­лық фильмі үздік шық­ты. Осы­­нысымен Коби баскетболға деген махаббатын тағы бір мәрте дәлелдеді. Неге дейсіз ғой? Өйт­ке­ні мұнда да оны елден ерек еткен – баскетбол. Бала Кобидің әлемнің үздігі болсам деген арманы.  

Брайант және футбол

Біз білетін Брайант испан және ита­льян тілін еркін меңгерген. Оған қоса балалық шағы Италия­да өткен. Ол баскетболды таңда­ма­ғанында футболшы болар еді. «Миланды» ерекше жақсы көр­ді. Жалпы, спорттың қай түрі бол­масын, бағалайтын. Фут­­бол­шылармен қоян-қолтық ара­ласып, мәре-сәре болатын. Құдды жанының бір бөлшегін жасыл алаңда қалдырғандай әсер сыйлайтын. Содан ба, «қара мамба қайтыс болды» дегенде күллі әлем аза тұтты. Сол күні Неймар соққан голын Кобидің рухына арнады. Әр лигада өткен матч Брайантты еске алумен басталды. Рамос жаттығу жиынында Коби жейдесімен шығып, Месси мен Роналду бастағандар әлеуметтік желіде жаһанға көңіл айтты. Ал Коби қадір тұтқан «Милан» жанкүйерін ерекше құрметтеді. «Сан Сиро» күңіреніп, клуб ойын­шылары қаралы белгі тақ­ты. «Ториномен» ойын еске алу­мен басталып, жанкүйерлердің Брайантқа арнаған әнімен жал­ғас­ты. Бастапқыда А Сериясы «Ми­ланға» мұндай рәсім өткізуге тыйым салды. Алайда бұған көне­тін «Милан» бар ма? Мінезді клуб Коби Брайантты лайықты шы­ғарып салуға бар күшін жұмсады.  

«Коби, сен тікұшақ апатынан қаза боласың»

Атақты баскетболшы Коби Брайант 26 қаңтар күні тікұ­шақ апатынан қаза тапты. Джиан­на­ның кезекті матчына бара жат­қан жолда тікұшақ Кали­фор­ния шта­тын­да  құлады. Салдарынан 9 адам қайтыс болды. Иә, қара мамба алысты жа­­қын­­­датуды жақсы көретін. Ойын­ға жиі тікұшақпен қаты­най­­тын. Спо­рт жұлдызының тікұ­шақ апа­­ты­­нан қаза табатынын жан­күйе­рі білген деседі. Осыдан 7 жыл бұ­рын Noso есімді Twitter қол­­да­ну­шысы баскетболшының тағ­ды­­­рын болжаған. 2012 жыл 13 қа­­­­ра­ша күнгі жазбасында «Ко­би тік­­ұ­шақ апатынан көз жұ­ма­ды» деп жазған. Қазір әлем твит ие­сінің «әу­­лиелігіне» қай­ран қалу­­да. Ал ол ку­миріне бұлай қал­­­­жыңдағанына  қат­ты өкіне­тінін мәлімдеген бір­не­ше твит жариялады. Қазақ «сөздің кие­сі бар» деп бекер айтпаса ке­рек­-ті. Қазір күллі әлем, оның ішінде Лос-Анджелес қара жамылды. Айбынды ойыншыдан, жігерлі жаратылыстан айырылғанына аһ ұрды. Қала көшелерінде баскет­бол­шыға құрмет көрсетіліп, ғима­рат төбесіне 24 саны жазыл­ды. Әсі­ресе, «Стэйплс Центр» ма­ңын­да адам қарасы көп. 24-нө­мірлі жейдені, доп пен гүл шоғын ұстағандар баскетболға қайғырып көңіл айтады. Ал сен ше, баскетбол? Тарих­тағы біртуардың бірінен айырылу оңай соқпаған шығар? Тікұшақ құла­ған сәтте саған ол «Таблода 5 секунд қалды. Қолымда доп. 5,4,3,2,1... Мен сені мәңгі жақсы көре­мін. Сенің Кобиің» деген бо­лар, кім білсін?!    width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ