Бейбіт жиналыстар заңға қайшы әрекеттер мен азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда ғана тоқтатылады. Бұл туралы Мәжілісте ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов хабарлады.
– Өздеріңіз білесіз, 20-сыншы жылы «Бейбіт жиналыстар туралы» жаңа Заң күшіне енген. Митинг ұйымдастыру процесі «рұқсат беру» жүйесінен «хабарлама» қағидатына көшті. Осыған орай, полицияның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету әдістері де өзгерді. Полиция қызметкерлері митинг өтетін аумаққа жақын жерде орналасады. Қару мен арнайы құралдарды қолданбайды. Жиналғандармен тікелей қарым-қатынасты тек әкімдік өкілдері жүзеге асырады. Ал полиция митингті тоқтату үшін тек қана мынадай жағдайларда ғана тартылады: - азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке қауіп төну; - мүлікке залал келтіру; - әлеуметтік, нәсілдік, діни алауыздықты қоздыру; - конституциялық құрылысты, аймақтық тұтастықты күшпен құлатуға шақыру. Жаңа Заң күшіне енгеннен бастап, полиция мен наразылық білдірушілердің арасында ешқандай қақтығыс болмаған. Тура осы алгоритм қаңтар оқиғаларының алғашқы күндерінде де қолданылды. Жалпы «Бейбіт жиналыстар туралы» Заңға сәйкес өз талаптарын ашық түрде мәлімдеу бойынша азаматтардың құқықтары сақталды. Өкінішке қарай араға арандатушылар қосылуының нәтижесінде, бейбіт жиналыс заңсыздыққа ұласты.