Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде қоғамдық қабылдаулардың маңызды екеніне тоқталып, азаматтармен кездесудің тиімділігін арттыруды тапсырған еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істеудің жаңа тәсіліне көшті. Енді ел ішіне мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелері шығып тұрады. Кеше мұндай қабылдау бөлмелері екі облысқа аттанды.
«Өтініш арқалап келген азаматтардың өзекті мәселесі оң шешімін таппаса, қоғаммен өзара тиімді қарым-қатынас орнату да мүмкін емес. Сол үшін партияның ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың мүдделерін ілгерілету – ең маңызды міндет». Биліктегі партияның кезектен тыс өткен жиынында Мемлекет басшысы осылай деді. Партия билік пен қоғам арасындағы нақты байланыстырушы буын болуы үшін өз сайлаушыларының мүддесін қорғауы керек. Біріншіден, сайлау кезеңінде айтылған уәделерді орындау. Бұл үшін қоғамдық қабылдаулардың барлық әлеуетін іске қосу керек. Яғни, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс. Сондықтан азаматтармен көшпелі қабылдауды жиі өткізіп, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесудің тиімділігін арттыру тапсырылды.
Алғашқы қабылдау Атбасарға аттанды
Президенттің пәрменінен соң партия қабылдау бөлімдерінің жұмысын қайта қарап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау мақсатында мобильді қабылдауды қолға алды. Кеше басталған көшпелі республикалық қоғамдық қабылдау Қарағанды мен Ақмола облыстарына ат басын тіреді. Оның ішінде аманаттықтар Ақмола облысына қарасты Новосельское, Чапаевское, Ақсай, Үлгі, Сабынды, ал Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Шешенқара, Дубовка, Бидайық, Орынбай ауылдарында болды.
«AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жетекшісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, бірінші күні 100-ге жуық адам қабылданған. Алдағы үш айда мобильді қоғамдық қабылдаулар барлық өңірді аралап, шалғай ауылдарға да ат басын тірейді. Мобильді қабылдау бөлмелерінің жұмысына мәслихат депутаттары – партия фракциясының мүшелері, өңірлік филиалдардан бюро мен Саяси кеңес мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады. «Күні бүгін партия мүшелері Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындарымен кездесуге келді. «Ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе бермейді және оларға мәселені облыстық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттарына жеткізу оңай емес. Біз тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Бұл бірреттік акция емес, енді тұрақты түрде болады. Бұл тіпті шалғай ауылдардың проблемаларын назарға алып, сол бойынша жүйелі шешімдер қабылдау үшін ақпаратты талдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Әлия Садырбаева.
Қоғамдық қабылдауға келген Ақмола облысына қарасты Новосельское ауылының тұрғыны Светлана Паль елді мекенді сумен жабдықтау мәселесін көтерді. Оның сөзінше, сумен жабдықтау желілерінің әбден тозығы жеткен. Сондықтан судың жиі-жиі тоқтап, мүлдем ақпай қалуы тұрғындарға таңсық жағдай емес. Су аққан кезде халық ыдыстарын толтырып алуды әдет қылыпты. Ал бұл қарт адамдарға, әсіресе жалғызбасты адамдар үшін қиындық туғызатынын айтқан Светлана Паль сумен жабдықтау желілеріне күрделі жөндеудің қажет екенін алға тартты. Көшпелі қоғамдық қабылдауда Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов ауылдағы сумен жабдықтау желілерін тарту жұмыстары биыл басталуы тиіс екенін тілге тиек етті. Сонымен бірге ауыл азаматтары көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты да бірқатар мәселе көтерді. Аудандық мәслихаттағы партия фракциясының төрағасы Нұржан Рахымов «Тұрғындардың әрбір өтініші бойынша жауапты тұлғалар мен орындау мерзімі белгіленеді» деп отыр.
Шалғай аудандарда шешімін таппаған мәселе көп
«AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановтың айтуынша, мобильді қоғамдық қабылдаудың тиімділігі – өтініш арқалағандарды орталыққа сабылтпау. Тұрғындардың талап-арызын тыңдауға енді қоғамдық қабылдаудың өкілдері өздері барады. «Бірінші күннің өзінде Қарағанды мен Ақмола облыстарындағы он ауылға бардық. Қоғамдық қабылдау аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарға да барады. Тұрғындардың өтініші мен шағымын орталыққа жеткізіп, шешімін табуды қолға алып жатырмыз», – деді Азамат Дулатұлы. Оның сөзінше, ауыл халқы үшін жер мәселесі әлі де өзекті. Соның ішінде жайылымды, шабынды жерлерге қатысты өтінішін жеткізгендер көп. Алайда тұрғындарды толғандырып отырған жер мәселесіне қатысты түйткілді шешу жергілікті органдардың қолында емес. Сол үшін халықтың талабы ескеріліп, партия өкілдері жер мәселесіне қатысты сауалдарды заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы шешуге атсалысатын болды.
Шешенқара тұрғындары ұялы байланыс пен ауыл ішіндегі жолдардың сапасына қатысты мәселелерді көтерді. Дубовкада инженерлік желілерді жөндеу және газдандыру мәселесі өзекті екен. Ал Бидайық ауылында тұрғындар фельдшерлік-акушерлік пункт салуды және электр қуатының сапасын жақсарту үшін қосымша трансформатор орнатуды сұрап отыр. Орынбай ауылында арыз-шағымдардың басым бөлігі тозығы жеткен электр желілеріне қатысты болса, жергілікті шаруалар ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің несие қаражатына қолжетімділігін арттыру керек екенін алға тартыпты.
Көшпелі қоғамдық қабылдау тұрақты түрде ұйымдастырылады. Республикалық қоғамдық қабылдауға келушілердің көбі шалғай ауыл мен аудандардан келеді. Азамат Біржановтың айтуынша, арызданушылардың дені аудан мен облыс орталығына баруға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті халықтың өтінішіне құлақ түру үшін мобильді қабылдаудың кездесулерін мүмкіндігінше жиі ұйымдастырған жөн.
Мәселен, былтыр партияның республика бойынша 238 қоғамдық қабылдау орындарына 175 мыңға жуық өтініш түсіп, 34 400 рет жүзбе-жүз қабылдау өткізілген. Оның 53%-ы оң шешімін тапқан. Жалпы қабылдауда 75 300 адам болған. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3 есеге өсіпті. Оның ішінде фракция мүшелері – Парламент Мәжілісінің депутаттары – 178 қабылдау, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері (Премьер-Министрдің орынбасарлары, министрлер, агенттік төрағалары, тағы басқа) – 133 қабылдау, партия филиалдары төрағалары (облыс, аудан және қала әкімдері) 1,8 мың қабылдау жасаған. Бұдан бөлек, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында 2,6 мың тақырыптық және көшпелі кездесулер өткізілген, оған 5,6 мың адам қатысқан. Ал «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына жыл басынан бері 24,7 мың адам жүгінген. Осы мәселелердің 56 пайызы оң шешілді.
Көшпелі кездесуден кейін арызданушылар саны анағұрлым артуы мүмкін. Өйткені бұған дейін орталыққа келіп өтінішін айта алмағандар мобильді қабылдаудың мүмкіндігін пайдалануға асығары сөзсіз. Көшпелі кездесудің артықшылығы да осы. «Шалғай елді мекендердің тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе алмайды. Оларға мәселені облыстық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттарына жеткізу қиын. Сондықтан құрамына филиал қызметкерлерінен басқа мәслихат депутаттары, өңірлік Саяси кеңес мүшелері кіретін мобильді қоғамдық қабылдаудың тиімділігі көп. Қабылдауға алдын ала жазылудың екі түрі бар. Біріншіден, әлеуметтік желілерде көрсетілген аудандық бөлімге телефон шалу арқылы жазылуға болады. Екінші, БАҚ беттеріне поштамыздың мекенжайы жарияланады, сол жерге өтінішін алдын ала жібере алады», – дейді Азамат Дулатұлы.
Аманаттықтарға алғысын білдірді
Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов өңірлерге барған сайын қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштеріне құлақ түретінін айтады. Шымкент қаласындағы соңғы іссапарында депутат партияның қоғамдық қабылдауында 18 адамның арызын тыңдапты. «Кездесуде шұғыл шешілген мәселе көп болды. Мәселен, бір кісі денсаулығына байланысты көмек сұрап келді. Сол жерде қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ол кісіге жәрдем көрсетті. Әлеуметтік көмек туралы мәселесі бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мәселесі шешілді», – дейді депутат.
Партияның қоғамдық қабылдау бөліміне келіп, өтініш айтқан тұрғындардың мәселесі оң шешімін тапқан мәселелер жетерлік. Мәселен, биыл жыл басында Шымкент қалалық партия филиалына әл-Фараби ауданының тұрғындары арыз жазған. Өтініш беруші Зухра Құрметованың «Қарасу» шағынауданындағы №22 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары бойынша айтқан өтініші көп ұзамай шешімін тапты. Сондай-ақ Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген тұрғынның да мәселесін аманаттықтар аяқасты етпеді. Алты ай бұрын туылған баласына күтіп-бағу және туу үшін жәрдемақы ала алмай жүрген Әсия Тайлақованың қысқа уақыт ішінде мәселесін шешіп бергендерге алғысын білдірді. Жамбылдықтардың да өтініші жауапсыз қалмады. Жамбыл облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ғ.Сағынтаев өзі қабылдаған ауыл азаматтарының өтінішін оң шешіп берді. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс-тілек түскен. Соның бірі Ш.Ниязбеков ауылындағы газ қысымының төмендігі айтылыпты. Өз кезегінде депутат осы мәселеге қатысты «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесіне хабарласып, тиісті сала қызметкерлерін тарта отырып, ауылдағы газ қысымын қалпына келтіруге атсалысыпты.Тұрғындар да өз кезегінде көптен бері шешімін таппай жүрген мәселенің оң шешілгеніне ризашылықтарын білдіріп отыр.
Аманатқа қиянат жүрмейді. Жуырда ғана атауын өзгерткен саяси ұйымның аты да, заты да өзгеріп келеді. Азаматтардың арызына құлақ түрудің жаңаша моделіне көшкен қоғамдық қабылдаудың көшпелі кездесуі әділетті қоғамның орнауына атсалысып, жаңашылдыққа бет алған еліміздің ертеңін жарқын етері хақ.