Көлеңкелі айналымға түскен кеніш көп
Көлеңкелі айналымға түскен кеніш көп
318
оқылды
Үкімет пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізатының кен орындарына қарқынды тексеру жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін өз міндеттерін орындамағаны үшін жүзден астам компанияның лицензиясы қайтарып алынды, одан бөлек тағы 31 келісімшарт бұзылды. Егер жер қойнауын пайдаланушылар анықталған кемшіліктерді жоймаса, олармен де келісімшарт тоқтатылатын болды. Қазір республика аумағында жалпы ауданы 1,3 млн шаршы шақырым телімдер бойынша жер қойнауын пайдалану құқы бе­рілген. Оған тағы 259 мың шаршы шақырым аумақты қосу керегі айтылады. Бүгінде мемлекеттің балансында 8 мың кен орны тір­келген, олардың 317-сі – көмір­сутегі, 910-ы – қатты пайдалы қаз­балар, 3 мыңнан астамы – кең таралған пайдалы қазбалар және 4 мыңнан астам жерасты су көздері.

Жосықсыз компаниялармен әңгіме қысқа

Қазақстанда жемқорлық бы­лыққа белшесінен батқан сала­ның бірі осы – кен өндірісі. Сон­дықтан мұндай компания қыз­меттерінің заңдылығына баяғыда-ақ тексеру жүргізу керек еді. Де­генмен лицензияны тартып алу мен сонымен байланысты про­це­дуралар – ұзаққа созылатын әрі күрделі процесс. Алда әлі талай айқай-шулы сот талқылауларын еститін шығармыз. Геологиялық барлауға арнал­ған Үкімет жиынында Премьер-Министр Әлихан Смайылов ре­визияны жеделдетуді және нақты қанша кен орнының жұмыс істе­мей тоқтап тұрғанын анықтауды тапсырды. «Үкімет жер қойнауын пайда­ла­нушыларға берілген келісім­шарттар мен лицензияларды қай­та қарау бойынша жүйелі жұ­мыс жүргізіп жатыр. Талдау ба­ры­сында уәкілетті органдар мін­дет­те­мелерін дұрыс орындамай отыр­ған қатты пайдалы қазба­лар­ға қа­тысты 148 және көмірсутек ши­­кі­затына қатысты 31 келісім­шартты анықтады. Тиісті Жол кар­тасы аясында тоқтату туралы тиісті хабарламалар жіберілетін шарттар мен лицензияларды анық­­тау жос­парлануда», – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов. Енді бұзылған келісімшарттар мен лицензиялар бойынша кен орындары аукционға шығары­лады. Оларға қатысты ақпарат Индустрия және инфрақұ­ры­лым­дық даму министрлігінің интернет ресурсында жа­рияланады. Сон­дай-ақ қатты пай­далы қазбалардың кен орнын тексеру барысы мем­лекеттің ерек­ше бақылауына алын­ды. Гео­ло­гиялық барлау қыз­метіне инвес­ти­ция тарту және игерілмей жат­қан кеніштерді жандандыру үшін Үкімет қол­жетімді барлық кен орын­дарын ашуды жоспарлап отыр.

Кен орындарын олигархтар иеленіп алған

Кен орындарын игеруге ар­налған келісімшарт бойынша ком­паниялар белгілі бір сомаға гео­логиялық барлау жүргізуге мін­детті. Алайда көп жағдайда бұл жұ­мыстар атқарылмайды. Біреу­лер оған ақшаның тапшылығын сылтау етсе, енді біреулері әне-міне деп сөзбұйдаға салып жүріп алады. Тіпті, кейбіреулері кен орын­дарын түрлі қулық амалдар­мен иемденіп, кейін оны қымбат бағаға сатып жіберуге тырысады. Олар өз міндеттерін орындауға пейілді емес. [caption id="attachment_187938" align="alignleft" width="1200"]лицензия © коллаж: Елдар Қаба[/caption] – Осыдан 12 жыл бұрын мен «АрселорМиттал» АҚ бас дирек­то­рының орынбасары болып істе­генімде республика аумағын­дағы қанша жаңа темір кен орын­дары бар екенін білгім келді. Сол үшін министрлік жанынан арна­йы жұмыс тобы құрылды. Бізге ми­нистрлік 100 кен орны туралы ақ­парат берді. Олардың бірқата­рының рентабельдігі төмен, қоры аз және мұндай жерде өндіріс ашу үшін қымбат технология қажет. Ал сүбелі деген 70 кен орны жеке­нің қолында болды, бірақ бұл жер­де ешқандай өндіріс жүргі­зілмеді. Біз келіссөз бастағанда ол орындардың иелері бағаны бірден шарықтатып жіберді, – дейді Қазақстанның жаңғыртылатын энергетика қауымдастығы дирек­торлар кеңесінің мүшесі Арман Қашқынбеков. Жалпы, әлемдік тәжірибеде егер компания кен орнын тиісін­ше игермесе, келісімшартта көр­сетілген міндеттемелерін орында­маса, мемлекет оны басқа инвес­торға алып беруге құқылы. Бұл жерде жаңа инвестор қазақстан­дық бола ма, шетелдік бола ма, ол енді екінші маңыздағы мәселе. Сондықтан жосықсыз компа­ния­лардың лицензияларының қай­тарылып алынуы – заңды.

Салықтан жалтарудың жолы көп

Сондай-ақ көптеген компания кен орнын барлауға лицензия ала­ды да, өздері толықтай тек мұнай өндірумен ғана айналысады. Сөйтіп мұнай өндіруші ретінде көп салық төлеудің орнына, барлау лицензиясы бойынша са­лықты аз төлейді. Тіпті, кен орын­дарында барлайтын ештеңе қал­маса да, сол лицензияларын жыл­дан-жылға ұзартып, мұнай өн­дірісін жалғастыра береді. Содан көп жылдар бойы заңды бұзып келеді. Ал кейбіреулер кен орындарын сатып алып, өздері ештеңе істемей, кейіннен оны игеретін инвестор іздейді. Мұндай мысалдар көп. – Бізге ай сайын кен орын­дарын сатып алу туралы 5-6 қоңы­рау түседі. Әдетте, бұл адамдардың Энергетика министрлігінде ше­неуніктермен байланысы жақсы, кезінде жер алуға көмектескен. Міне, жемқорлықтың ашық бір түрі – осы! – дейді Қазақстанның мұнай сервисі компаниялары одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов. Оның айтуынша, геологиялық барлау жүргізеді деген желеумен лицензия алған компаниялар не­гізінен айына 4-5 тонна мұнай ғана өндіреді. Бір жағынан бұл он­ша көп көлем емес сияқты. Бірақ кейбір олигархтарда осын­дай 10-15 шағын кеніштер болуы мүмкін. Ал қазіргідей әлемдік нарықта мұнай бағасы барреліне 109 долларға жеткен шақта әр кеніштен 5-6 млн доллар табыс та­бады, бірақ өндіруші емес, бар­лаушы компания ретінде қазынаға төмен салық төлейді. Сондай-ақ ол қалай болғанда да кен орны, оған кен орнын игеруге қатысты ереженің қолданылуы тиіс. Кейбір кен орнының иелері жер телімін арзанға сатып алып, оны қайтадан «Қазмұнайгаз» АҚ-ға қымбатқа өткізеді. Егер жоғары жақта қолдаушысы болмаса, қа­тардағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер немесе жеке кәсіп­керлер олай істей алар ма еді?! Шағын кеніштерді игеріп, оны 40-50 адам жұмыс істейтін кәсіпорынға айналдыру үшін кемінде 200-300 миллион доллар қажет. Мұндай капитал ат төбе­ліндей олигархтарда ғана бар. Жалпы, бізде ұлттық экономикаға инвестиция салатын инвесторлар тапшы. Қазақстанда байлар аз, кедейлер өте көп, ал орта тап жоқтың қасы. Жөн білетіндер орта тап өкілдері жалпы халықтың 1%-нан сәл-пәл ғана асады деп топшылайды. Сарапшылар орта таптың саны шамамен он есе өскен жағдайда ғана елімізде эко­номикалық та, саяси да тұрақ­ты­лық орнайды деп санайды.

Капитал экономикаға жұмыс істеуі тиіс

Кеңес заманы кезінде Қазақ­станда 25-28 миллион тонна мұ­най өндірілді. Қазір оның көлемі 90 млн тоннадан асты. Яғни, 4 есе артты. Бірақ «Қазмұнайгаз» АҚ мен басқа қазақстандық компа­ниялардың мұнай өндірісіндегі үлесі барлығын қосқанда 30 па­йыздан аспайды. Сондықтан ел ішінде қалатын мұнай көлемі сол бұрынғысынша, Кеңес заманын­дағымен шамалас. Әрі тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарында бұл салада кім көрінгенге бейберекет лицензия берілді. Тек 2005 жыл­дардан бастап мұндай жаппай үрдіс саябырсыды. Оның үстіне, біздің көптеген олигарх мұнай ғана емес, жалпы шикізат көздері­нен түскен мол табысты ел ішіне инвестициялаған жоқ, шетелге тасыды. Ол ақша Қазақстан үшін емес, шетел үшін жұмыс істеп жатыр. Бүгінгідей мұнай мен метал­дың құны қымбаттап жатқанда, әлем пандемиядан әлі толық арылып болмаған кезде, геосаяси ахуал ушығып тұрғанда ел эконо­микасын дамытуға қажет кез кел­ген мүмкіндікті ұтымды пайда­лан­ған жөн. Сол арқылы бюджетті толықтыру, жаңа өндіріс орында­рын ашу және халықты еңбекпен қамту сияқты ең өзекті мәселе­лерді шешуге болады. Сондықтан кен орындарына кеш те болса ревизия жасалып жатқаны жақсы. Тек оған келетін жаңа инвестор­лардың тиісінше жұмыс істеуін қадағалау қажет. Сондай-ақ қазір­гі геосаяси жағдайға байланысты терістіктегі көршіден қашқан шет­елдік және ресейлік капитал­дың бір бөлігі Қазақстанға келуі әбден мүмкін, міне осы қаржыны да ел экономикасы үшін ұтымды пайдаланғанымыз абзал-ау.