Үкімет пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізатының кен орындарына қарқынды тексеру жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін өз міндеттерін орындамағаны үшін жүзден астам компанияның лицензиясы қайтарып алынды, одан бөлек тағы 31 келісімшарт бұзылды. Егер жер қойнауын пайдаланушылар анықталған кемшіліктерді жоймаса, олармен де келісімшарт тоқтатылатын болды. Қазір республика аумағында жалпы ауданы 1,3 млн шаршы шақырым телімдер бойынша жер қойнауын пайдалану құқы берілген. Оған тағы 259 мың шаршы шақырым аумақты қосу керегі айтылады. Бүгінде мемлекеттің балансында 8 мың кен орны тіркелген, олардың 317-сі – көмірсутегі, 910-ы – қатты пайдалы қазбалар, 3 мыңнан астамы – кең таралған пайдалы қазбалар және 4 мыңнан астам жерасты су көздері.
Жосықсыз компаниялармен әңгіме қысқа
Қазақстанда жемқорлық былыққа белшесінен батқан саланың бірі осы – кен өндірісі. Сондықтан мұндай компания қызметтерінің заңдылығына баяғыда-ақ тексеру жүргізу керек еді. Дегенмен лицензияны тартып алу мен сонымен байланысты процедуралар – ұзаққа созылатын әрі күрделі процесс. Алда әлі талай айқай-шулы сот талқылауларын еститін шығармыз. Геологиялық барлауға арналған Үкімет жиынында Премьер-Министр Әлихан Смайылов ревизияны жеделдетуді және нақты қанша кен орнының жұмыс істемей тоқтап тұрғанын анықтауды тапсырды. «Үкімет жер қойнауын пайдаланушыларға берілген келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Талдау барысында уәкілетті органдар міндеттемелерін дұрыс орындамай отырған қатты пайдалы қазбаларға қатысты 148 және көмірсутек шикізатына қатысты 31 келісімшартты анықтады. Тиісті Жол картасы аясында тоқтату туралы тиісті хабарламалар жіберілетін шарттар мен лицензияларды анықтау жоспарлануда», – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов. Енді бұзылған келісімшарттар мен лицензиялар бойынша кен орындары аукционға шығарылады. Оларға қатысты ақпарат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет ресурсында жарияланады. Сондай-ақ қатты пайдалы қазбалардың кен орнын тексеру барысы мемлекеттің ерекше бақылауына алынды. Геологиялық барлау қызметіне инвестиция тарту және игерілмей жатқан кеніштерді жандандыру үшін Үкімет қолжетімді барлық кен орындарын ашуды жоспарлап отыр.Кен орындарын олигархтар иеленіп алған
Кен орындарын игеруге арналған келісімшарт бойынша компаниялар белгілі бір сомаға геологиялық барлау жүргізуге міндетті. Алайда көп жағдайда бұл жұмыстар атқарылмайды. Біреулер оған ақшаның тапшылығын сылтау етсе, енді біреулері әне-міне деп сөзбұйдаға салып жүріп алады. Тіпті, кейбіреулері кен орындарын түрлі қулық амалдармен иемденіп, кейін оны қымбат бағаға сатып жіберуге тырысады. Олар өз міндеттерін орындауға пейілді емес. [caption id="attachment_187938" align="alignleft" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] – Осыдан 12 жыл бұрын мен «АрселорМиттал» АҚ бас директорының орынбасары болып істегенімде республика аумағындағы қанша жаңа темір кен орындары бар екенін білгім келді. Сол үшін министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Бізге министрлік 100 кен орны туралы ақпарат берді. Олардың бірқатарының рентабельдігі төмен, қоры аз және мұндай жерде өндіріс ашу үшін қымбат технология қажет. Ал сүбелі деген 70 кен орны жекенің қолында болды, бірақ бұл жерде ешқандай өндіріс жүргізілмеді. Біз келіссөз бастағанда ол орындардың иелері бағаны бірден шарықтатып жіберді, – дейді Қазақстанның жаңғыртылатын энергетика қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Арман Қашқынбеков. Жалпы, әлемдік тәжірибеде егер компания кен орнын тиісінше игермесе, келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін орындамаса, мемлекет оны басқа инвесторға алып беруге құқылы. Бұл жерде жаңа инвестор қазақстандық бола ма, шетелдік бола ма, ол енді екінші маңыздағы мәселе. Сондықтан жосықсыз компаниялардың лицензияларының қайтарылып алынуы – заңды.Салықтан жалтарудың жолы көп
Сондай-ақ көптеген компания кен орнын барлауға лицензия алады да, өздері толықтай тек мұнай өндірумен ғана айналысады. Сөйтіп мұнай өндіруші ретінде көп салық төлеудің орнына, барлау лицензиясы бойынша салықты аз төлейді. Тіпті, кен орындарында барлайтын ештеңе қалмаса да, сол лицензияларын жылдан-жылға ұзартып, мұнай өндірісін жалғастыра береді. Содан көп жылдар бойы заңды бұзып келеді. Ал кейбіреулер кен орындарын сатып алып, өздері ештеңе істемей, кейіннен оны игеретін инвестор іздейді. Мұндай мысалдар көп. – Бізге ай сайын кен орындарын сатып алу туралы 5-6 қоңырау түседі. Әдетте, бұл адамдардың Энергетика министрлігінде шенеуніктермен байланысы жақсы, кезінде жер алуға көмектескен. Міне, жемқорлықтың ашық бір түрі – осы! – дейді Қазақстанның мұнай сервисі компаниялары одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов. Оның айтуынша, геологиялық барлау жүргізеді деген желеумен лицензия алған компаниялар негізінен айына 4-5 тонна мұнай ғана өндіреді. Бір жағынан бұл онша көп көлем емес сияқты. Бірақ кейбір олигархтарда осындай 10-15 шағын кеніштер болуы мүмкін. Ал қазіргідей әлемдік нарықта мұнай бағасы барреліне 109 долларға жеткен шақта әр кеніштен 5-6 млн доллар табыс табады, бірақ өндіруші емес, барлаушы компания ретінде қазынаға төмен салық төлейді. Сондай-ақ ол қалай болғанда да кен орны, оған кен орнын игеруге қатысты ереженің қолданылуы тиіс. Кейбір кен орнының иелері жер телімін арзанға сатып алып, оны қайтадан «Қазмұнайгаз» АҚ-ға қымбатқа өткізеді. Егер жоғары жақта қолдаушысы болмаса, қатардағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер немесе жеке кәсіпкерлер олай істей алар ма еді?! Шағын кеніштерді игеріп, оны 40-50 адам жұмыс істейтін кәсіпорынға айналдыру үшін кемінде 200-300 миллион доллар қажет. Мұндай капитал ат төбеліндей олигархтарда ғана бар. Жалпы, бізде ұлттық экономикаға инвестиция салатын инвесторлар тапшы. Қазақстанда байлар аз, кедейлер өте көп, ал орта тап жоқтың қасы. Жөн білетіндер орта тап өкілдері жалпы халықтың 1%-нан сәл-пәл ғана асады деп топшылайды. Сарапшылар орта таптың саны шамамен он есе өскен жағдайда ғана елімізде экономикалық та, саяси да тұрақтылық орнайды деп санайды.Капитал экономикаға жұмыс істеуі тиіс
Кеңес заманы кезінде Қазақстанда 25-28 миллион тонна мұнай өндірілді. Қазір оның көлемі 90 млн тоннадан асты. Яғни, 4 есе артты. Бірақ «Қазмұнайгаз» АҚ мен басқа қазақстандық компаниялардың мұнай өндірісіндегі үлесі барлығын қосқанда 30 пайыздан аспайды. Сондықтан ел ішінде қалатын мұнай көлемі сол бұрынғысынша, Кеңес заманындағымен шамалас. Әрі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл салада кім көрінгенге бейберекет лицензия берілді. Тек 2005 жылдардан бастап мұндай жаппай үрдіс саябырсыды. Оның үстіне, біздің көптеген олигарх мұнай ғана емес, жалпы шикізат көздерінен түскен мол табысты ел ішіне инвестициялаған жоқ, шетелге тасыды. Ол ақша Қазақстан үшін емес, шетел үшін жұмыс істеп жатыр. Бүгінгідей мұнай мен металдың құны қымбаттап жатқанда, әлем пандемиядан әлі толық арылып болмаған кезде, геосаяси ахуал ушығып тұрғанда ел экономикасын дамытуға қажет кез келген мүмкіндікті ұтымды пайдаланған жөн. Сол арқылы бюджетті толықтыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және халықты еңбекпен қамту сияқты ең өзекті мәселелерді шешуге болады. Сондықтан кен орындарына кеш те болса ревизия жасалып жатқаны жақсы. Тек оған келетін жаңа инвесторлардың тиісінше жұмыс істеуін қадағалау қажет. Сондай-ақ қазіргі геосаяси жағдайға байланысты терістіктегі көршіден қашқан шетелдік және ресейлік капиталдың бір бөлігі Қазақстанға келуі әбден мүмкін, міне осы қаржыны да ел экономикасы үшін ұтымды пайдаланғанымыз абзал-ау.