Ресейге салынған санкциялардың «салқыны» Қазақстанның дүкен сөрелерінен сезіле бастады. Солтүстіктегі көршіміздің бірқатар тауармен бірге қанттың да экспортына тыйым салуы сол екен, дүкендерде қант іздегендердің қарасы көбейді. Дүрмекке ергендерге тоқтам салу мақсатында салалық ведомство өкілдерінің жасаған мәлімдемесі де отқа май құя түскендей. «Қанттың 3 айлық қоры бар» дегенді халық 3 айдан соң қант түгесіледі деп түсінді де, мәселе одан әрі ушыға түсті. Осы орайда тәтті төңірегінде қалыптасқан түйткілдің астарына үңіліп көрген едік. Ресми статистика отандық өндірушілер елдегі қантқа сұраныстың тек 40 пайызын ғана өтейтінін көрсетеді. Дастарқанымыздағы тәттінің қалған бөлігі шеттен келеді. Атап айтқанда, тауардың бұл түрі бізге Ресей, Бразилия, Беларусь, Мексика сияқты елдерден импортталады. Осы елдердің ішінде ресейлік өндірушілердің үлесі жоғары. Өткен жылдың өзінде Ресейден Қазақстанға 275,8 мың тонна қант жеткізілген екен. Сондықтан да 10 наурыздағы Ресей Үкіметінің дәнді дақылдарды, қант пен қантты шикізатты экспорттауға 31 тамызға дейін тыйым салу туралы шешімінен соң қазақстандық сауда нүктелерінде дүрбелең пайда болды. Әрине, әлем елдерінің тұс-тұстан салған түрлі санкцияларының қыспағында қалған Ресейдің осы қадам арқылы өздеріндегі азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға тырысатыны түсінікті. Дегенмен аталған құжат Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қант жеткізуге түбегейлі тыйым салмайтынын ескеру керек. Ресейдің Экономикалық дамыту министрлігі қантты одақтас елдерге экспорттау мәселесі Ауыл шаруашылығы министрлігі берген рұқсат негізінде жүзеге асырылатынын хабарлады. Демек, қазақстандықтардың дүрмекке еріп, қантсыз қалмауға қам жасауға негіз жоқ еді. Дегенмен дүкенге қарай ағылған бұқараны сабыр шақыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігінің жариялаған мәлімдемесі сәтсіздеу шықты. «Қанттың 3 айға жететін қоры бар» дегенді көпшілік 3 айдан кейін қант дүниеге айналады деп өздерінше жорамалдады. Осылайша дүрмекке ергендер қантты қап-қабымен таси бастады. Бірер күнде кейбір сауда орындарында тәттіні жан басына 5 келіден артық сатпау туралы норма да енгізілді. Кейін қант тіпті қат дүниеге айналды. Табылғанын еселенген бағасына қарамастан сатып алып жатты. Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ қант тапшылығы туралы алыпқашпа әңгіме сұраныстың артып, базарларда алыпсатарлық фактілерінің туындауына негіз болғанын айтады. Ол сонымен бірге республикада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың қоры жеткілікті екенін мәлімдеді. Әрі бұл қор жүйелі толықтырылып отырады екен. Дегенмен бұл мәлімдеме де қап арқалап, қант іздеп, дүкендерді кезіп кеткендерге тоқтам бола алмады. – Жедел дерек бойынша республикадағы әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының қоры 1,5 миллион тоннаны құрайды. Оның ішінде 47,6 мың тонна қант та бар. Бүгінде елде қант тапшылығы жоқ екенін хабарлаймыз. Сауда желілері мен тұрақтандыру қорларында бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының қоры кемі үш айға жеткілікті. Қант өндірісі жалғасып жатыр, тоқтамайды. Қор толтырылып отырады. Яғни, «үш айдан кейін қор таусылады, қант тапшылығы болады» деген ақпарат та шындыққа жанаспайды, – деді Әлішер Өмірзақ. Жасыратыны жоқ қантқа сұраныстың күрт артуынан кейбір кәсіпкерлер қомақты табыс табуды мақсат етіп жатты. Кей өңірлерде 1 келі қанттың бағасы 700-800 теңгеге жеткені хабарланды. Өз кезегінде әлеуметтік маңызға ие тауардың бағасын негізсіз қымбаттатқандар жауапкершіліктен құтылмайтынын ескергеніміз жөн. Сауда және интеграция министрлігіндегілер Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында дәл осындай қадамға барғандарды анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Жалпы, қант қызылшасын стратегиялық дақыл санап, тәтті түбір егетін шаруаларды мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған біздің елде қантқа сұранысты отандық өніммен өтеуге болады. Дәл осы бағытта қолға алынған жұмыстар нәтижесінде тек өткен жылдың өзінде импорттық қантқа тәуелділік 12,7 пайызға азайып, отандық қант өндірісі 89 мың тоннаға артыпты. Қант қызылшасы алқабының көлемін ұлғайту арқылы да сұранысты отандық өніммен қамтамасыз етуге баса мән берілген. Дегенмен ағын судың тапшылығы қант өндірісін шикізатпен қамту ісіне кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді. Өткен жылы ел аумағында 22,1 мың гектарға тәтті түбір егілген екен. Әйтсе де қантқа сұраныстың 60 пайызының импорт есебінен өтелуі өндіріс ошақтарын шикізатпен қамту ісінің ақсап тұрғанын көрсетеді. Сондықтан да болса керек, ел аумағында қант өндіретін қант зауыттарының дені шикізат ретінде қант қамысын қолдана бастаған. Ал қант қамысының да шекараның арғы бетінен келетінін ескерсек, отандық қант өндірісіндегі мәселе тіптен күрделене түседі. Нәтижесінде республика аумағында қанттың бағасы ара-тұра құбылып тұрады. 2021 жылдың өзінде Қазақстандағы тәттінің құны 30, 8 пайызға өскен екен. Мамандар бағаның өсуін импортқа тәуелділікпен байланыстырады. Экономист Арман Байғанов қант төңірегінде қалыптасқан түйткілдерді шешудің бірден-бір жолы ретінде ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін арттыруды ұсынады. Яғни, игерілмей бос жатқан жерлерді қант қызылшасы алқабына айналдыру арқылы өнімнің осы түрінен импортқа тәуелділігінен құтылуға болады. – Әрине, қазір Ресей үшін ел аумағындағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі маңызды. Саяси жағдай ушығып тұрған елде көктемгі дала жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуі екіталай. Демек, жыл соңына қарай өздерінде тапшылық болмас үшін Ресей Үкіметі азық-түлік тауарларын экспорттаудан бас тартып отыр. Бұл жағдай бізге ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін арттырудың маңызды екенін көрсетті. Агросекторға баса назар аударып, Ресейдегідей ірі агрохолдингтерді көптеп құру керек. Сол арқылы салаға заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік туады. Оның нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділіктің артуынан көрінеді, – дейді экономист. Қазақстан қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы да Ресейдегі қант өндірісі мен шикізатпен қамту ісі қатар жолға қойылуымен ерекшеленетінін айтады. Оның үстінде солтүстік көршімізде тәтті өндірісімен 74 қант зауыты айналысады. Олардың көпшілігінде қант қызылшасын өсіретін егіс алқабы бар екен. Бет қатталып жатқанда Astana әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы да қант тапшылығының, бағасы қымбаттауының алдын алу бағытында нәтижелі келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Кәсіпкерлермен келіссөздердің нәтижесінде елордадағы «Магнум» азық-түлік дүкендері желісінде қанттың 1 келісі мамыр айына дейін 319 теңгеден сатылатын болды. Сонымен бірге «Астықжан», «Вкусмарт», «Аян» «Шапағат» , «Анвар», «Фермаг» сынды сауда нүктелерінде қанттың бағасы келісіне 320 теңге болып бекітілді. Қант бағасын қолдап, реттеудің кешенді шаралары республиканың өзге аймақтарында да жасалып жатыр. Әйтсе де, бұл қант төңірегінде қордаланған көп түйткілдің түйінін тарқата алмасы анық. Әлеуметтік маңызға ие тауар түріне жататын қант өндірісіне баса назар аударылмай, қант нарығындағы импортқа тәуелділіктен арылуымыз екіталай. Ал бұл тәуелділік нарықтағы жағдайдың тәтті келетін ыңғайына қарай төңкеріліп тұратынын көрсетеді. Айтпақшы, Ресейдің қантпен бірге бірталай азық-түлік түрінің экспортына уақытша тыйым салғанын есепке алсақ, қант «дүрбелеңі» сауда-саттық саласындағы мәселенің бергі жағы сияқты көрінеді.