Жамбылда сарбаздар жылда жоғала ма?
Жамбылда сарбаздар жылда жоғала ма?
477
оқылды
Жамбыл облысында сарбаздардың әскери бөлімнен жоғалып кетуі әдетке айналғандай. Олай дейтініміз, былтыр №8595 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Нұрасыл Арысбаев із-түзсіз жоғалып кетсе, биыл 2 наурыз күні Меркі ауданындағы Андас батыр бөлімінен Ұлықбек Бердішевті де әскерилер таппай қалды. Ай-күннің аманында жауынгерден көз жазып қалған бөлім басшылығы бүгінге дейін анық ақпарат берген жоқ. Сондықтан Ұлықбектің қайда екенін ешкім білмей отыр.

«Анамды сағынып кеттім»

Ең әуелі былтыр №8595 әскери бөлімнен жоғалып кеткен Нұрасыл Арысбаевқа келсек, оқиға 25 наурызда болды. Түнгі кезекшілікте тұрған 19 жастағы сарбазды таңертең әскерилер таппай қалып, бүкіл облыс шулады. Түрлі болжамдар айтылып, жауынгерді әскерилермен бірге жақындары да бес күн бойы іздеді. Тек 30 наурыз күні Тараз қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан мал қоралардың бірінен сарбаз табылғаннан кейін оқиғаның мән-жайы айтыла бастады. Әскери бөлім басшылығы Нұрасыл қасындағы серіктесі ұйқыға кеткенін пайдаланып, түн жарымда қашып кетті деген мәлімдеме жасады. Ведомство сарбаздың кезекшілікті тастап кеткені ауыр қылмыс саналатынын алға тартып, Нұрасылға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Ал Шымкент қаласының тумасы Нұрасыл Арысбаев журналистер алдында «Анамды сағынғаннан кейін қашып кеттім» деп ағынан жарылды. Сарбаздың осы сөзі әскерилердің де жүрегін елжіретті ме, әлде артық шуды қажет етпеді ме, әйтеуір әкімшілік жаза деді, басқа деді, соңы оқиғаны жылы жапты.

«Әскерилер көп нәрсені жасырып отыр»

Осылайша, «ауруын жасырғанды, өлім әшкерелейдінің» кері келіп, биыл наурыз айында Меркі ауданындағы Андас батыр әскери бөлімінен тағы бір сарбаз жоғалып кетті. Қызылордалық Ұлықбек Бердішевті соңғы рет серіктестіктері ат қораны тазалап жүрген жерінен көрген. Міне, осыдан кейін сарбазды көрдім-білдім деген адам жоқ. Қазір Ұлықбекті 50 адамнан құралған төрт топ тау-тастың арасын кезіп, іздеп жатыр. Бұл дерек бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу жұмыстарын бастадық дегенімен, жоғалған сарбаздың жақындары әскери бөлім шындықты жасырып отырғанын айтады. – Кеше әскери бөлімге күшпен кірдім. Шу шығарғаннан кейін амалсыз мені ішке кіргізді. Шынымды айтсам, сарбаздардың түк жағдайы жоқ. Жатын орындары мен киген киімдері лас. Асханаларында тышқандар жүгіріп жүр. Мынадай жерде адам қалай тұра алады? «Балам қайда? Сендер білесіңдер» десем, «балаңызды өзіңіз тығып қойған шығарсыз» деп менің өзімді кінәлап жатыр. Мұнда бір шикілік бар. Әскерилер бар шындықты айтпай отыр, – деп ашынған Ұлықбектің анасы Орынкүл Мерекова көпшіліктен баласын табуға көмектесуін сұрады. Ал әкесі Айдарбек Бердішев ұлының соңғы кезде көп ақша сұрағанын айтып, тың деректің бетін ашты. – Негізі, әскерилер көп нәрсені жасырып отыр. Баламның ауруханаға түскенін айтпады. Төбелесіп, таяқ жегенін де естіртпеді. Тек балам жоғалғанда бізге хабар беріп отыр. Одан кейін соңғы кезде балам күнара қоңырау шалып, ақша сұрайтынды шығарды. Не үшін десем, «қарным ашып жүр» деп айтты. Сұраған ақшасының бәрін жібердім. Бірақ бұлай болады деп кім ойлады? – дейді жүрегі қан жылаған әке.

«Жұмсақ» жаза кімге сабақ болады?

Әрине, бұл оқиғаның қандай сыры бар екенін білмейміз. Дегенмен көңілде күдік қалғаны рас. «Әскердегі әлімжеттіктің салдары емес пе?» деген сауал да болды. Жаңаөзен қаласындағы Ұлттық ұлан сапында болған Дмитрий Печеневский әскерде әлімжеттік көру, әлде көрмеу әрбір адамның өзіне байланысты екенін айтады. – «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді» дейді. Сондықтан қандай жағдай болса да барлығы адамның өзіне байланысты. Әскердегі әлімжеттік бұрында да болды, бүгінде бар. Алайда әркім өзін әскерде қалай ұстайды, соған байланысты борышын өтеп шығады. Тікелей өз басыма қатысты ешқандай әлімжеттік болған жоқ, – дейді Дмитрий. Демек, әлі де болса әскери әлемде өзінің жазылмаған заңы жүріп жатыр деген сөз. Бәлкім, әскерде өзін тиісті деңгейде ұстай алмаған сарбаздар қыспақ көріп, әскерден қашып жатқан да шығар. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы Дина Мухаринованың айтуынша, 2021 жылы №8595 әскери бөлімнен қашып кеткен Нұрасыл Арысбаевқа қатысты тек 25 тәулікке қамауға алу туралы жаза тағайындалыпты. Егер әскерден қашқан сарбаз 10 күннің ішінде табылса, заңда оған тек 25 АЕК көлемінде айыппұл немесе тәулік бойына қамау жазасы көрсетілген екен. Сондықтан Нұрасыл 25 тәулік әскери бөлімде қамауда болып, кейін босатылған. Әрине, Отан алдындағы борышын өтеген сарбаз «қатаң жазаға тартылуы керек еді» деп айтудан аулақпыз. Алайда мұндай жеңіл жазаны көрген сарбаздар ертең бірінен кейін бірі әскерден қашпасына кім кепіл? Сондықтан әскерилерге қатысты заң жобасын қатаңдату қажет-ақ. Егер сарбаз кезекшілікті тастап, әскери бөлімнен қашатын болса, онда оны түрме күтіп тұрғанын түсінсе, мұндай қадамға өз еркімен бармас еді.

Жамбыл облысы