Бүгінгі таңда қазақстандық дипломаттар 822 Қазақстан азаматына Украинадан шығуға көмек көрсетті. Оның ішінде 726 адам Польшаға, қалғандары Молдова, Румыния, Мажарстан мен Словакияға шығып кетті, - деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі. 15 наурызда Нұр-Сұлтан қ. уақыты бойынша сағат 08:50-де Катовице қаласынан (Польша) 89 Қазақстан азаматы бар 5-эвакуациялық ұшақ ұшып шықты. Бұған дейін төрт репатриациялық рейспен Қазақстанға 587 Қазақстан азаматы жеткізілгені белгілі. Қазіргі уақытта Катовице қаласында және Украина-Польша шекарасын кесіп өту кезегінде азаматтарымыз жоқ. Харьков қаласындағы эвакуациялық жинау орында 3 отандасымыз бар. Сумы қаласында 1 Қазақстан азаматы бар, онымен тұрақты байланыс орнатылған.
"Украинадағы Қазақстан елшілігінің ақпаратына сәйкес, Мариуполь қаласындағы Қазақстан азаматтарының жалпы саны әлі де 18 адамды құрайды. Электр энергиясы мен телефон жүйелерінің үзілуіне орай олармен байланыс орнату мүмкіншілігі жоқ", - делінген хабарламада.Қазақстан дипломаттарының көмегімен 57 қазақстандық ауыр жүк көлігінің 51-і Украина аумағынан шықты, ал қалған 6 автокөліктің жүргізушілеріне жан-жақты қажетті көмек көрсетілуде.