Теміржолдың бойындағы төтенше жағдай
Теміржолдың бойындағы төтенше жағдай
432
оқылды
Қазақстанда бір тәулік ішінде үш адам пойыздың астына түсіп қала жаздады. Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландиннің мәліметінше, бір күнде теміржол көлігін шұғыл тежеу бойын­ша оннан астам оқиға тіркелген. Соның бірқатарында  Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларында үш адамға пойыздың астына түсу қаупі төнген. Тексеру барысында әлгі  азаматтардың көлік полицейлерінің тұрақты ескертуіне қарамастан, теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткені анықталды. Абырой болғанда, қырағылық танытқан машинистер теміржол құрамын дер кезінде тоқтатып, қайғылы оқиғаның алдын алды. Сонымен қатар пойыздарды бес рет шұғыл тежеудің арқасында малды басып кетуге жол берілмеген.  Әйтсе де, үй жануарларын қағып кетудің екі дерегі тіркеліпті. Қазір Көліктегі полиция департаменті теміржол бойында   «Тоқтаңыз, басып кету қаупі бар!»  акциясын өткізіп жатыр.  Көлік полицейлері азаматтады теміржол бойында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.