Осы аптада Мәжілісте аса маңызды отырыс болды. Барша күштік құрылым басшыларының Парламентке келіп, есеп беруі – Қазақстанның жаңа тарихында болмаған оқиға. «Қаралы қаңтар» біз үшін үлкен сабақ болды. Көкейдегі көптеген сұраққа жауап алып, біраз мәселе туралы ой қорыттық. Шынын айтайықшы, қаңтар күндері қазақ елі өзінің мемлекеттігінен, тәуелсіздігінен айырылып қала жаздады. Осы трагедияны жоспарлаған, мемлекетті төңкергісі келгендердің діттеген мақсаттары мен пасық ойлары іске асқан болса, елімізде кейбір патриоттардың түсіне кірмеген антиутопиялар жүзеге асар еді. Мемлекетті құруға, нығайтуға ондаған, жүздеген жыл керек болса, оны ойрандау үшін бір аптаның, бір айдың өзі жеткілікті екенін көзімізбен көріп отырмыз. ХХІ ғасырда Сирияның, қазір соның ізімен бара жатқан Украинаның қанды трагедиялары тікелей эфирде жүріп жатыр. Тізім әлі де жалғасуда... Көптеген жағдайда біздің жұрт кінәліні, жауаптыны тез-ақ таба салады. Өз өмірінің өзегіне өзінен өзгені кінәлі ету, өкінішке қарай халқымыздың жаман қасиетіне айналып бара жатыр. Мен болсам, дәл қазір, бүгін дәл осы мінберден барлығымызды терең ойлануға, түсінуге, түйсінуге шақырғым келіп отыр. Менің айтайын деп отырғаным – тарихтық, ұрпақтық жауапкершілік пен мемлекетшілдік сана хақында болмақ. Мойындайықшы, «Қаралы қаңтар» күндері көпшілігіміз миссиямыз, міндетіміз, мансабымыз талап еткен жауапкершілікті көрсете білмедік! Жағынайын деп айтып отырғаным жоқ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде тиісті тарихи шешімдерді қабылдамағанда, «Қайтсе де астанада қаламын, елмен бірге боламын» деп табандылық танытпағанда, біз бүгін мына жиынды өткізіп отырмас едік. Шынын айтайық, мұндай тарихи шешімдерді Президент Тоқаев жеке-дара қабылдады. Ең бастысы, сол үшін орасан зор жауапкершілікті де мойнына жеке-дара артты. Көпшілігіміз Президент мойнына артқан тарихи жауапкершілік, мәңгілік миссия биіктігіне сол күндері шыға алмадық. Көпшілігіміз Президентті алға шығарып, өзіміз тығылып, жасқанып қалдық! Әншейінде пиардың пиазын аршыған, той-садақадан, жиын-жиналыстан қалмайтын, кез келген мінберді ерттеп мініп алатын мен деген мемлекеттік қайраткерлеріміз, серкелеріміз үндемей отырды. Өз басым сол күндері үш күн бойы елордадағы «Қазмедиаорталығында» қонғандай болдым. Журналистердің «Айдос аға, осында жүрген бес-алты адамнан басқа азаматтар қайда? Ел басына күн туған заманда ел азаматтары осында тізіліп тұруы керек еді ғой! Ағалық сөздерін, мемлекеттің позициясын осындайда неге таныптайды?» дегенге ұқсас сұрақтарын естігенде жүрегім ауырып, не дерімді білмедім... Мен бір нәрсені анық білемін, есі дұрыс елде полицей, жауынгер, сарбаз, судья, прокурор – ең сыйлы, жұрт құрметтейтін кәсіп иелері. Әлем елдерінде бұл кәсіп иелерін жұрты астындағы джипі үшін немесе қолындағы тоқпағы үшін құрметтемейді. Қызметін таза атқаратын, ұлтына, антына адал, қажет кезде жанын қиюға әзір кәсіп иелері болғандықтан, төріне отырғызады, жағдайын жасайды. Елге, өңірге шыққан кезде талай әскери бөлімшелерді аралап көрдік. Ашығын айтайын, кейбір әскери бөлімшелерді, әскери қосындарды көріп көпті көрген менің өзімнің төбе шашым тік тұрды! Мұндай тұрмыстық, жабдықтық, техникалық жағдайда қызмет етудің өзі садомазохистік қорлық түрі. Сонда осы кезге дейін армиямызға бөлінген қаржы-қаражат қайда, қалай жұмсалды?! Осыны да егжей-тегжейлі қарауымыз керек! Геосаяси жағдай ушығып, ашық соғысқа алып келген заманда біз қорғаныс доктринасын, сыртқы саяси доктринамызды қайта қарауға, күштік құрылымды қайта жасақтауға, сарбаздарымызды заманауи, гибридтік соғыс тәсіл-тәмсіліне үйрету, қажетті заманауи техникамен және қарумен жабдықтауға дайын болуымыз міндет. Керек болса, бюджетті толықтырған кезде қорғаныс бюджетін арттыруға да әзір болуымыз шарт. Әрине, аста-төк принциппен емес, керісінше кәсіби аудит пен парламенттік бақылауды күшейте отырып арттыру қажет! Көптеген нәрсеге көзіміз ашылды, әлі де ашыла жатар. Елімізде кімнің кім екенін енді ғана түсініп келеміз. Бұл шындық, бұл ақиқат бәрімізді де үлкен бір жауапкершілікке итермелеуі тиіс. Жаңа Қазақстанды ескі полициямен, ескі прокурормен, ескі судьямен құра алмаймыз! Жаңа Қазақстанды ескі армиямен, сталинизмнің иісі мүңкіп тұрған күштік құрылымдармен құра алмаймыз! Бүгін Мемлекет басшысы өзінің тарихи маңызы бар саяси реформаларын жариялайды. Ең болмаса осы жолы Президенттің жанына топтасып, үйреншікті жолмен Жолдауды қолдай салмайықшы! Президентке еліктесек, мойнымызға жеке-дара, тарихи жауапкершілікті алу тұрғысынан еліктейік! Елдің армиясын, полициясын, сотын бүгін реформаламасақ, жаңғыртпасақ, ертең кеш болып кетуі мүмкін. Елдегі реформаны, модернизацияны бүгін, бүгінгі ұрпақ атқармаса, ертең кеш болып кетуі ықтимал! Бұл үшін бізге мен айтқан мемлекетшілдік сана, ұрпақтық жауапкершілік, батыл іс ауадай қажет. Осыны естен шығармайық!